Sorry, this entry is only available in Kazakh. For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

255e14bbdadde790bdb1b43cfa349263 (1)Қазақтың ұлттық тағамдарын сөз еткенде, әрине, ұлттық сусындарды тасада қалдыруға болмайды. Нақ осы ұлтымыздың сусындарына қатысты отандық ғалымдар бір ғана қымыранның жүзге тарта қасиетін айшықтап беріп отыр.

Ғылыми дәйектерге жүгінсек, қазақтың қымыраны әлемнің шөлін қандыруға қауқарлы, халықаралық нарықта бәсекеге бәс тігуге қабілетті, сондай-ақ талай дертке дауа болар қасиеттері де баршылық.

Негізінде, денсаулыққа аса пайдалы бұл сусынның қадірін бізден бұрын шетел біліп отыр. Қазірде Израиль, Германия, Норвегия тәрізді елдерде қымыранның құны да жоғары, өндірілу технологиясы да сапалы. Салыстыру үшін сөз етсек, біздің елімізде қымыранның бір литрінің бағасы – 450-500 теңге, яғни 3 доллар болса, Из­раиль­де және Германияда  1 литр қымыран­ның құны 15 доллардан кем емес. Экономикалық пайдасы былай тұр­сын, ұлтының денсаулығына көл-көсір ұтымды тұсы барын сезінген израильдік кәсіпкерлер тіпті түйенің сүтінен қымы­ранды қойып, балмұздақ пен йогурт жасауды патенттеп те алыпты. Бұл ретте, сол елдің профессоры Рэувен Ягиль «түйенің сүтінен жасалған қымыран өз алдына, түйе сүтінен өндірілетін балмұз­дақ пен йогурттарға қант қосылмайтын­дықтан, бұл өнімдердің сусамыр дертіне берер дауасы көп екенін» барынша дәлел­деуде. Ал отандық ғалымдар «сапасы жоғары қымыранның адам ағзасындағы өт жолдарын тазалауға, бауыр-бүйрек жұмысын жақсартуға берер шипасы мол» деп отыр.

Ғылымға жүгінсек…

Алдымен ғылыми дәлелдерді сөз етелік. Мәселен, бiр литр қымыран ересек адамның  В1, В12 және С дәрумендеріне деген қажеттілігін қанағаттандыра алады. Қымыран қышқыл бөлудi тездетiп, асты жылдам қорытуға септiгiн тигiзедi. Осы арқылы бауырды тазалап, өт жолдарының жұмысын жақсартады.  Айран мен сүтке қарағанда қымыранның тиiмдiлiгi анағұрлым жоғары.

Еркін ЖҰМАХАНОВ, химия ғылымының кандидаты:

– Қымыранның түрі біздің елде көп. Қымыранды қымыздан, сиырдың ашыған сүтінен, сондай-ақ түйенің сүтінен жасауға болады. Тіпті оңтүстік өңірлерде шұбатты қымыран дейтіндер де бар. Қымыранды  ашыған айранға піскен сүт қосып, ұйытылған сусын дейтіндер де бар. Бұл арада бір ескере­тін дүние –  қымыранды қымыздан да, сиырдың сүтiнен де, түйенің сүтінен де жасауға болады. Бірақ қымыз бен сиыр сүтінен жасалатын қымыранға қараған­да түйенің сүтінен жасалатын қымыран­ның құнарлылығы өте жоғары. Мыса­лы, бiр литр түйенің шұбатында  911 ккал болса, бие сүтiнде  528, сиырдікі 460 калорияны құрайды. Сондықтан күнделікті тағам рационына түйенің сүтінен жасалған қымыранды қосатын болсаңыз, ішіп-жегеніңіз жақсы қорытылып, қуатыңыз арта түседі. Түйе сүтінің құрамы ерекше болғандықтан болар, кезінде ауыз бекіткен қариялар кешке дейін тоқ жүру үшін бір тостаған қымыранды сәресіне ішіп отырған. Бұған қоса, қымыран никотин, алкоголь сияқты зиянды элементтердің ағзадан тез шығуын қамтамасыз етеді. Арақтан уланған жағдайда қымыран бүкіл ағзаны тазалап шығады. Қымыранды дайындау барысында ашытқының көмегімен түйе сүтінде күрделі биохи­миялық өзгерістер жүреді де, В1, В6, В12 дәрумендерінің құрамы екі есеге артады.  Сондықтан қымыранның адам ағзасына берер пайдасы мол. Әсіресе өт жолдарын тазалауда қымыран–  таптырмайтын ем. Бұл ғылыми тұрғыда дәлелденген.

Құрғақ қымыран  – табиғи қоспа  

Жалпы, мамандардың  байыптауынша, қымыранның пайдасын арттыру үшін оның жасалу технологиясына барынша мән берген жөн. «Сапалы дайындалған қымыранның сақталу мерзімі 14 тәулікке дейін жетсе, сапасыз қымыран бір тәулікке жетпей бұзылып, тұтынған жағдайда кері ықпал етеді» деседі ғалымдар.  Сондықтан қазірде қымыраннан құрғақ таблеткалар жасау жүйесі ұсынылуда. Өнімнің  бір құрғақ  таблеткасына 1,24 грамм қымыран қосуға болатыны бүгінде ғылыми тұрғыда дәлелденіп те отыр.  Мамандар «осы әдіс арқылы талай дертті ауыздықтауға бола­ды» деседі.

Сәуле СЕРІКБЕКОВА, медицина ғылымының докторы:

– Бүгінде біздің халқымыздың 99 пайызы рецептсіз дәріханалардан дәрі-дәрмек алып, өзін-өзі емдеуге бейім. Тіпті түрлі биологиялық белсенді қоспаларды ішіп, денсаулығын құртып алып жүрген жандар да баршылық. Ал енді сол биологиялық белсенді қоспа­лар­дың орнын осы қымыран іспетті ағзаға пайдалы табиғи қоспалар арқылы алмастырар болсақ, талай дертке дауа табылар еді. Мысалы, бір таблетка құрғақ өнімнің ішінде 1,24 грамм қымыран болады делік, бұл дегеніңіз –  сол бір түйір таблетканың ішінде В1, В12, В16, С дәрумендері бар екенін білдіреді. Ал күніне 1 грамм С дәруменін қабылдау иммун тапшылы­ғын жойып, түрлі дерттердің алдын алады. Адамның қорғаныш қабілеті артуы үшін тағам құрамында ақуыз, көмірсутек, белок жеткілікті болуы керек. Біз қазірде осы заттардың орнын толтыру үшін түрлі биологиялық белсенді қоспаларды ішеміз, дерттен айығу үшін әртүрлі дәрі-дәрмектермен емделеміз. Меніңше, бізге қымыран­ның табиғи белсенді қоспа екенін наси­хаттау керек. Арнайы зертханалар­да құрғақ қымыран жасау әдісін қолға алып, нарыққа сатылымға енгізген жөн. Мұндай табиғи заттардан жасал­ған дүниелердің насихаты артса, ұлты­мыздың саулығы да нығая түспек.

Тасты ірітетін қымыран

Абзалында, қымыран туралы маман­дардың айтары көп. Қымыранды ұлттық сусындарымыздың ішіндегі ең пайдалысы дескен ғалымдар қазірде жастар арасында бауырға, бүйрекке тас байлану үрдісі жиілеп кеткенін, қымыранды жиі тұтыну арқылы бүйректегі тасты ірітуге қол жеткі­зетінімізді алға тартып отыр.  Бұл ретте, биолог-ғалымМарфуға БАТЫРБЕКОВА былай дейді: 

– Бүйрекке тас қалай байланады? Каль­ций – фосфор қышқылымен қосылғанда фосфат пайда болады. Шавел қышқылы­мен – оксалат, амин қышқылы (мочевой) – урат, запыран қышқылымен – (желчной)  холат құралады. Міне, бауыр мен бүйрек­тегі тастар осылайша жылдар бойы біртін­деп жинала береді. Ал қымыранның құра­мында жоғарыда аталған заттарға қарсы тұратын қасиет бар. Қымыран – ағза­ға жи­налған лас заттарды тазалаушы бірден-бір сусын. Осы­дан болар, қазірде Малай­зия, Израиль, Гер­мания елдерінде қымы­ран­ның құрылысын, қасиетін, құра­мын зерт­теуге сол елдің ғалымдары ба­рын­ша ықылас білдіруде. Демек, болашақ­та қы­мы­раны­мызға деген сұраныс артып, бұл ұлттық сусы­нымызды тұтынушылар саны арта түспек. Ендеше, болашақта осы бір ұлттық сусынды насихат­тау түрі кеңінен қанат жайғаны абзал.

Абай ОМАРОВ (коллаж)

 

http://alashainasy.kz/society/45284/

Рубрика: