Sorry, this entry is only available in Kazakh. For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Даңқты Сталинград түбіндегі шайқасқа 70 жыл толды. Еділ мен Жайық аралығында 200 тәулік бойы толассыз жүргізілген бұл сұрапыл шайқас неміс-фашист әскерлерін талқан­даудың басы болған еді. Оңтүстіктегі қиян-кескі ұрыста жау ұзын-ырғасы 1,5 мил­лион солдаты мен офицерінен айырылды. Олар 2 мыңға жуық танк, 10 мыңнан астам зеңбірек пен миномет, 3 мың­ға тарта ұшағын жоғалтты. 32 дивизия мен 3 бригада тү­гелдей жойылды және тұтқынға алынды. Тек Дон майданы­ның әскери бөлімдері ғана 91 мың неміс солдаты мен офи­церін тұтқындады, оның ішінде 24 неміс генералы бар. 31 қаңтарда фельдмаршал Паулюс басқарған бірінші топ қаруын тастап, тұтқынға берілді, ал екінші топ күшті соққыдан кейін 1 ақпанда қарсылығын тоқтатты. 2 ақпанда Еділдегі тарихи шайқастың соңғы оғы атылды.

Image

Еділ бойындағы ұрысқа 320 біріктіріл­ген, 250 жеке полк (барлығы 1,5 млн адам) қатыстырылса, оның 5 атқыштар, бір ка­ва­лериялық дивизиясы Қазақстанда жасақ­талды. Таратып айтар болсақ, Сталинград тү­біндегі алғашқы соққыны қабылдаған 29-атқыштар дивизиясы Ақмола қала­ында жасақталса, 27 мен 292- ат­қыш­тар дивизияы Қызылорда мен Ақтөбеде, 21-дивизия Жам­былда жасақталып, 38-атқыштар ди­визиясы 1942 жылдың соңында, ал 156-ат­қыштар дивизиясы 1943 жылдың басында Петропавлдан Ста­линград қорғанысына жеткізілді. Ста­лин­град шайқасына барлығы 90 мыңға жуық қазақстандықтар қатысып ерліктің тамаша үлгісін көрсеткен. 1941 жылғы желтоқсанда, 1942 жылғы қаңтар айларында Алматы қаласында жасақталған 38-атқыштар дивизиясы­ның офицерлер құрамы негізінен Алматы мен Фрунзе қалаларындағы әскери учи­ли­ще­лердің түлектерінен толықтырылды. Ди­визияның құрамы да Қазақстанда тұ­ратын әскери міндеттегілерден қалыптасты, сон­дықтан саптағылардың 25 пайызға жуығы қазақтар болды. Олар Алматы, Жамбыл, Талдықорған облыстарынан кел­ген тепсе темір үзетін жігіттер еді. Осы­лар­дың көбі Сталинградты қорғау үстінде қаза тапты.

… 1942 жылы 5 наурызда 38-атқыш­тар дивизиясы Алматыдан майданға бір­неше эшелон болып аттанып, Воронеж об­лы­сындағы Кантемировка стансасының маңы­на орналасты. Наурыз-сәуір айла­рын­да жауынгерлік дайындықты жүргізе оты­рып, дивизия қару-жарақпен, әскери тех­никамен жабдықталды. Содан 20 сәуір­ден бастап құрама Оңтүстік-Батыс май­даны әскерлерінің құрамында Харьков түбіндегі ұрысқа қатысты.
Майдан әскерлері шегінген кезде ди­ви­зия екі армияның түйіскен жерін қорғап тұрды. Сол ұрыстың бірінде 38-дивизия Кеңес Армиясының басқа құрамаларымен бірге шабуылды өрістете отырып, «Со­ветское» селосында тұрған немістің үлкен бір гарнизонын қоршауға алды. Бұл село­ның стратегиялық маңызы зор еді. Сон­дық­тан да фашистер мұнда қорғаныс жұ­мысын өрістетіп, әрдайым жаңа күштер жіберіп отырды. Қоршаудан шығуға ты­рысқан дұшпан барлық күшін сала соғыс­ты. Фашистер қосымша жаяу әскерлер, танктер мен ұшақтарды іске қосты. Бірақ шабуылдың бәрі де нәтижесіз аяқталды. Осы ұрыста 38-дивизияның жауынгерлері асқан ерлік көрсетті.

Image

…Айдар өзенінің жағасында Ровенька селосының түбінде гитлершілер дивизияны қоршап алды. Алайда дивизия бөлімдері майдан шебі шығысқа қарай 180 шақырым шегініп көшсе де, өз позицияларын ұстап тұра берді. Тек бұйрық алғаннан кейін ғана қазақстандықтар қоршау шеңберін бұзып өтті. Жаңа Ростоп түбінде жау тағы да қор­шауға алды, бірақ 38-атқыштар ди­ви­зиясы бұл жолы да ажал құрсауынан сы­тылып кетті.
Дивизия бөлімдері жүргізіп жатқан осын­дай ауыр ұрыстардың кезінде 1942 жылғы 13 маусым күні оның командирі подполковник Н.П.Доценко қаза тапты, ал дивизия комиссары А.К.Орманов ауыр жараланды.

38-дивизия Солтүстік Донецк өзені­нің сол жақ жағасына топтануға бұйрық алды. Полктар, батальондар қайда, не күйде екені белгісіз, олармен байланыс жоқ, дивизия­ның штабы ол бір жақта қал­ды, дивизия шаруашылығы қайда жүрге­нінде хабар жоқ. Осындай қиын-қыстау ке­зеңде Оңтүстік-Батыс бағыты штабының қа­рамағына, 38-дивизияға командир­лік қызметке пол­ковник Ғ.Б.Сафиуллин жіберілді. Жүзде­ген, мыңдаған қазақ­стан­дық жігіттер бір жылға жуық соның бас­шылығымен жауын­герлік қызмет ат­қарды. Ғани Бекенұлы Сафиуллин Татар рес­публикасында Коне Катат деген жерде ке­дей шаруасының отбасында туған. 1920 жылы әке-шешесі қайтыс болып, жетім қалған. Жас бала Орынбор, Орск жағында қаңғып жүріп, қолынан келген кәсібін істеп күн көрген. 1927 жылы ол Тор­ғайға келді, комсомолға кіреді. Қазақтың өлкелік Кеңес партия мектебіне оқуға ба­рады. Ол партия қатарына кіреді. 1932 жылдан 1941 жылға дейін Ғани Сафиуллин НКВД әскерлері қатарында қызмет етеді. Мұнда взвод командирі, ди­визионның штаб бастығы, полктің штаб бастығы, полк командирі қызметтерін ат­қарды. Ол қызмет істей жүріп сырттан оқып, 1936 жылы М.Фрунзе атындағы ака­демияны бітіріп шығады.Бауырым деп талай қазақ баласының маң­дайынан сипаған, 38-ші атқыштар ди­визиясын басқарып, Сталинград шайқасы­ның басынан аяғына дейін қатысқан батыр ко­мандир Ғани Сафиуллин еді.

Сталинград шайқасындағы дивизия­ның ерлік істері жайлы әңгімелей келіп, генерал Ғ.Б.Сафиуллин былай деп жазды:
«Сталинградтың шалғай іргесінен бас­талған ұрыстардан бері біздің 38-диви­зия 16 мыңнан астам солдат пен офицер­лер­ді тұтқынға алды, 62 танкті, 22 ұшақты, 3 брон­ды поезды, 400-ден аса зеңбірек пен минометті қолға түсірді. 108 танкті, мыңнан аса автомашинаны қиратты. Дивизия әс­керлері тұтқынға алынғандардың ішінде 2 неміс генералы болды».

Дивизия жауынгерлерінiң Сталинград шайқасы кезінде көрсеткен қаһармандығы үшін 38-атқыштар дивизиясы 73-гвар­дия­лық дивизия деп аталады, құрамаға Ста­линградтық дивизия деген Құрметті атақ қоса берілді. Полковник Ғ.Сафиуллин бас­қарған дивизия генерал фон Дреббердің 297-дивизиясын талқандап, жаудың танк корпусын тізе бүктірді. 8 мыңға жуық гит­лершілерді тұтқынға алды. Гитлер ар­мия­сы­ның 297-жаяу әскер дивизиясы­ның ко­мандирі Мориц фон Дреббер тізе бүгер алдында былай деді:
«Бұдан былайғы қарсыласуды пайдасыз деп білемін, қарауымдағы солдаттар мен офицерлердің өміріне жауапты болған­ды­ғымнан ең болмаса қалғандарын сақтап қал­ғым кеп, мен дивизияның барша адам­дарымен бірге Қызыл Армияның 38-ди­визиясының командиріне тұтқынға бе­рі­луді ұйғардым. Дұшпан болсақ та, сонау Харьковтан Еділге дейін ерлікпен соғысып келе жатқан бұл дивизияның жауынгерлік ісін жақсы бағалауға тура келеді. Оған бас иеміз».

1943 жылғы 1 наурызда 73-гвардия­лық атқыштар дивизиясының 2882 адамы ор­дендермен және медальдармен мара­пат­талды. Құраманың полк штабының басты­ғы капитан Талғат Алмеев, батальон ко­­ман­дирі Досжан Әлімжанов, жауынгерлер Мол­дағұл Ералиев, Рамазан Бисенов, Нығ­мет Ахметов, Мақаш Балмағанбетов, До­-­сан Өмірбаев, Ахмет Ауғанбаев, Матай Оразбаев, Әмре Жиенбаев т.б. ерліктің та­маша үлгілерін көрсетіп, Отан награ­да­ла­рына ие болды. Дивизия командирі Ғ.Са­фиуллинге Кеңестер Одағының Ба­тыры атағы беріліп, генерал-майор атанды. Сталинград майданында қазақстан­дық 29-атқыштар дивизиясы алғашқы рет соғыс сынынан өтті. Котельниково ауда­нының солтүстік шығысында бұл ди­визия фашистердің үлкен күшін бөгеп тұр­ды, жау танк әскерлеріне қарсы табанды ұрыс жүргізді. Лейтенанты Санжар Кә­рімов бас­таған бөлімше, Жолдасовтың батальоны асқан ерлік көрсетті. «Бұл ди­визияның бірде-бір жауынгері (тіпті айтысы да), – деп көрсетілген 64-армия коман­дованиесінің 1942 жылғы 3 қарашадағы ра­портында, еш шегінген жоқ, жау­дың броньды дүлей күш­теріне қарсы ер жү­ректілікпен шай­қасты». Абганерово ауданындағы шайқаста танк дивизия командирі А.Колобутиннің блин­дажын жау таптап өтпекші болды. Бі­рақ Ана­толий дұшпан күшінен қай­мықпай қар­сы ұрыс жүргізе берді. Ержү­рек броне­бой­щиктер фашист танкісін қатардан шы­ғарды. Бұл дивизия кешікпей-ақ 72-гвар­диялық атқыштар дивизиясы деп аталды.

Жамбыл облысында құрылған 81-атты әскер дивизиясы 1942 жылы қазанда Ста­линград майданының 28-армия құ­рамында Сталинград іргесінде Еділ бойының 80-100 шақырым ұзындықта қорғап тұрды. Оның таңдаулы бөлімшелері Қалмақ қырына бағытталды. Қарашадағы шабуыл бастал­ғанда дивизия 4-атты әскер корпусының құ­рамында қорғаныс соғыстарын жүргізді. Сталинград шайқасына өзінің ерлігі­-мен 152-атқыштар бригадасы (командирі – полковник Рогаткин, комиссары – майор Мартынов) көзге түсті. Бригада 1942 жылдың алғашқы айларында Орал қала­сында Қазақстанның батыс облыстары­нан келген құрамалардан құрылған еді. Бригада 28-армия құрамында Халхута, Яшкуль елді пункттерін (Қалмақ АССР-ы) неміс-фашист басқыншыларынан азат етіп, соғыс жорығын Ростовқа дейін жал­ғастырды. Ақмола, Қарағанды, Қостанай облыс­тарында құрылған 387-атқыштар диви­зия­сы 1942 жылы 31 желтоқсанда Тормо­син қаласын дұшпаннан азат етті. Бұл қала немістердің Сталинградта қоршауда қалған Паулюс армиясына жәрдем бермекші бол­ған гитлершілдердің жолы еді. Дивизия осы жолды бөгеп, қоршаудағы армияға бірде-бір техника мен азық-түлік жібер­меді. Сталинград шайқасында 22-артил­лерия полкінің даңқы жер жарды. Оралда жа­сақталған бұл құрама 225-дивизияның құрамында Сталинград түбінде гвардия атағына ие болды. Оның барлық дерлік офицерлері мен жауынгерлері ордендер, медальдарымен марапатталды. Ал оның жекелеген жауынгерлері көзсіз батырлық көрсетті. Сталинград үшін шайқастарда артиллеристер Бүргенбай Байшегіров жеке өзі фашистің сегіз танкісін, Орал Смақов дұшпанның он үш танкісін жайратты.

Сталинград майданында қазақстандық әуе сұңқарлары да мәңгілік өшпес ерлік көр­сетті. Солардың бірі – Нұркен Әбді­ров­тың жұлдызы ерекше жарқырайды. Нұркен «атыңнан айналайын, қарқаралы» (Мәди) топырағында 1919 жылы дүниеге келген. Жиырма жасында Қарағандының аэро­клубында ұшқыштар курсын бітіріп, за­пас­тағы ұшқыш атағын алып шығады. Арада бір жыл өткен соң 267-авиация ди­визия­сының құрамындағы 803-авиа­циялық ша­буылшылар полкіне жіберілді. Сол полкте жүріп 16 рет әуе шайқастарына қатысып, фашистердің 12 танкісін, 28 авто­маши­на­сын, 18 оқ-дәрі тиелген машинасын, 3 жа­нармай цистернасын, 3 зеңбірегін жойып жіберіп, 50 неміс солдаты мен офи­церін жаһанамға аттандырды. Нұркен Әбдіров 1942 жылы желтоқсанда 17-жа­уын­герлік са­парына ИЛ-2 ұшқыштар зве­носын бас­қарып шығып, жаудың Беков – Понома­ревка ауданындағы (Сталинград шебінде) бекінісі мен шоғырланған техни­каларын жоюға аттанады. Сол сапарындағы әуе ұры­сында ержүрек ұшқыш Нұркен Әб­ді­ров капитан Н.Гастеллоның ерлігін қайта­лай­ды. Ол өзінің жанған ұшағын дұшпанның танк колоннасының үстіне құлатты. Кеңес үкіметі Нұркен ерлігін жо­ғары бағалап, оған Кеңес Одағының Ба­тыры атағы бе­рілді. Волгоградтағы Мамаев-Кургандағы Сталинград қорғаушыларына арналған ескерткіш-ансамблінде Нұркен Әбдіров есімі бірінші болып аталады. Қыр қыраны Кеңес Одағының Ба­тыры – Қарсыбай Спатаев өлмес ерлігін осы батыр қала үшін болған шайқаста жа­сады. Майданға Шымкент облысы, Шаян ауда­ны­ның «Көктөбе» колхозынан алын­ған ол өз отанының бақыты үшін қа­рулас жол­дастарымен бірге соңғы демі біткенше қа­сарыса күресті. Фашистердің 28 танкісі от шашып қап­тап келе жатқан еді. Олардың дамылсыз атқан оғы минометтің барлық адамдарын істен шығарды. Жалғыз Қарсыбай ғана қалды. Ол дұшпан танкілерін үрдіс оқтың астына алды да, әскери саптарын бұзып, кері қашуға мәжбүр етті. Бірақ қанішер жау алға ұмтылуын қоймады. Қарсыбай бір кезде пайдалануға бір-ақ мина қалғанын байқады. Жауынгер ұзақ ойланып тұрмады. Ауыр минаны құшақтап алды да, танкіге қарсы ұмтылып, шынжыр табанның астына сүңгіді. Танк ілгері өте алмады. Қарсыбай Спатаевтың бұл ерлігі, отанға деген шын берілгендігі соғыс даласында бейне бір ал ­қызыл тудай желбіреп тұрды. 1942 жылы 22 қарашада Бекетовка село­сының оңтүстік-шығыс жағында қиян-кескі ұрыс болды. Шығыс Қазақстан об­лысы, Ұлан ауданындағы колхоз ұстасы­-ның баласы Ізғұтты Айтықов жаудың ты­лында ерлік жасап, гитлершілердің 50 солдаты мен офицерін өлтірді де, әскери бөлімге 22 «тіл» әкелді. Кейіннен Батыс Двина өзені­нен өтуде көрсеткен ерлігі үшін гвардия старшинасы Ізғұтты Айтықовқа Ке­ңестер Одағының Батыры атағы берілді.

Сталинград майданында «Павлов үйін» қорғаған кішкене гарнизонның ерлігі – біз­дің елде кеңес жауынгерлерінің арасында қалыптасқан халықтар достығының тама­ша үлгісін бейнеледі. Ол туралы генерал А.И.Родимцев былай деп жазды:
«Павлов үйін әртүрлі адамдар қорғады: олардың ішінде сегіз ұлттың өкілі болды, олар білекке білек, жүрекке жүрек тиістіріп, жауға қарсы жанқиярлықпен соғысты. Бұ­лар бір тамаша ержүрек адамдар еді».

«Павлов үйін» қорғаушы Ефремов фа­шист танкісімен жекпе-жек айқаста ауыр жаралы болады. Қазақ Тоқай Мырзаев жа­уып тұрған оққа қарамастан аяулы досын ұрыс шебінен алып шықты. Бір шайқаста рота командирі Ахримен­ко қаза тапты. Коммунист Ысмағұлов ер­жүрек командирінің партия билетін жоғары көтеріп:
– Жолдастар! Сүйікті командирімізден айырылдық! Ол Отан үшін жанын пида етті. Оның кегін алу үшін, алға! – деп ұран тас­тады. Ысмағұлов бастаған, көкіректерін кек кернеген кеңес жауынгерлері жаудың шебін бұзып өтті. Сталинград іргесіндегі қорғаныс кезін­де 38-дивизия жауынгерлері арасында мергендер қозғалысы басталған-ды. Оны бастаған сүрмерген Шымкент облысы, Сай­рам ауданының колхозшысы лейтенант Әбдібай Құрбантаев болды. Әбдібай өз мектебінен 263 мергендер дайындап шы­ғарды. Олардың оғынан 1673 фашистер топырақ қапты. Қазақ халқының батыр ұлы лейтенант Әбдібай Құрмантаев Сталин­град көшелерінің бірінде болған сұрапыл ұрыстарда ондаған немісті жойып барып, ерлікпен қаза тапты. Әбдібай шәкірттері сержант Уәлиев, старшина Ильченко, қатардағы жауын­гер­лер Мұратов, Медведев, Түсіповтар оғынан қыркүйек-қараша айларында 275 фашист жер жастанды. Бұлардың есімдері Совин­формбюро хабарлары арқылы бүкіл елге жайылды. Қазақстанның Ұлы Отан соғысындағы алған орнын дүниежүзі мойындады. Ағыл­шын журналисі Александр Верт былай деп жазды: «Ерлікпен күресіп, аса табандылық танытқан Қызыл Армияның жауынгер­лерінің бірі қазақтар болды; тұтас алғанда бүкіл соғыс бойына қазақтар өздерін жақсы жақтарынан көрсетті, ал Сталинградтың өзіндегі ержүрек жауынгерлердің қатарында Орта Азия халықтарының өкілдері – қыр­ғыздар мен қазақтар еді» («Известия», 1944, 5 мамыр). Соғыста өздерінің ерлі­гін дүниежүзі­не паш еткен 525 қазақ­стан­дық Кеңестер Одағының Батыры ата­ғына ие болды. Со­лардың 119-ы Сталинград ір­гесіндегі шай­қаста ерлік үл­гісін танытқан өрен жандар еді.

Қазақстан – Сталинградтың ең таяу арсеналы

Сталинград шайқасы кезінде еліміздің шығыс аймақтарымен бірге Қазақстан майданның ең таяу тірегі болды. Қазақстан Сталинград облысымен 500 шақырымға жуық жерде шектесіп жататын-ды. Осы қиын-қыстау кезде Қазақстан өте зор со­ғыстық, экономикалық рөл атқарды. Жау­дың Еділ өзеніне шығуына байланысты Қазақстанның батыс облыстары (Батыс Қазақстан, Гурьев, Ақтөбе) Сталинград майданының жақын тылына айналды. Ба­тыс Қазақстан облысының Жәнібек, Каз­таловка, Орда, Фурманов аудандары Ста­линград соғыс округына қарады. Жәнібек, Сайхын, Шунгай темір жол стансалары Сталинград майданының қарамағына енгізілді. Орал қаласы соғыс аймағы деп саналды. Гурьев Сталинград майданының техника, қару-жарақ қоймасына айналды. Орал, Гурьев қалаларында қорғаныс коми­теттері құрылды. Қазақстанның батыс облыстарында Қор­ғаныс комитеттерін майданда қира­-ған, істен шығып қалған техникаларды жөндеу, соғыс құралдарының ең қажетті бөлшектері мен қару-жарақтарды жасап шығару тапсырылды. Орал қаласы май­дан­ның таяқтылы болған сәтте осы қаладағы механика зауыты тек 1942 жылдың үшінші ширегінде Сталинград майданының 300 танкісін жөндеп, 500 моторын іске қосты. Ақтөбе авиамоторын жөндейтін шебер­ханасы ай сайын 30 соғыс ұшақтарын және 160 авиамотор жөндеп отырды. Сталинград майданында барлығы 192 ұшақ болғанын ескерсек, жоғарыда айтып өткен авиамотор жөндейтін шеберхананың өзі аса үлкен іс­тер атқарып, майданға зор көмек көрсет­кені көз алдыңа келетіні айқын. Гурьевте артиллерия снарядтарының корпусы, Пет­ровский атындағы механикалық зауытын­-да қол гранаталары, Ақтөбеде танкке қарсы жанар қосынды жасалынды. Қорғаныс комитеттері Сталинград шай­­қасы кезінде іске қосылған Астрахань – Гурьев – Оралды қосатын 700 ша­қырымдық байланыс жүйесін қосуға бас­шылық жасады. Орал қаласында ірі радио, телефон, телеграф торабы орналастырыл­ды. Ол арқылы Жоғарғы Бас Командо­ваниемен берік байланыс жасауға Ста­лин­град майданы мүмкіндік алды. Сталинград іргесінде дұшпанға қира­та соққы беріп жатқан 5-танк, 65, 24, 57-армиялардың жауынгерлеріне арнап Ембі комсомол-жастары жоспардан тыс бір эше­лон мұнай продукциясын өн­діріп, майданға жолдады.

1942 жылдың 1 мамырына дейін бар­-лық облыстардағы тұрғындардың түгелдей дерлік ересек адамдары ПВХО-ның бас­тауыш курсын аяқтады, МПВО-ның 369 постылары және 30 мың адамды қамтыған 909 өзін-өзі қорғау топтары ұйымдасты. Гурьев қаласында 3339 пагон-метр траншея қазылды. Жайық өзеніндегі кеме тұратын орындар жөндеуден өткізілді. Сондай-ақ өрт сөндіру, санитарлық және авиация қал­пына келтіру транспортын тасымалдайтын авиациялық паром дайын етілді. Батыс Қазақстан облысының территориясында 6 қорғаныс шебінің құрылысы басталып, соғыс қимылдарына адам күші мен қару-жарақ дайындау жұмыстары жүргізілді. Жалпы алғанда Қорғаныс комитеттері еліміздің соғыс кезеңіндегі майдан мен тыл­дың бірлік әрекеттерін бір мақсатқа ба­ғыттап, жұмылдырып отырған мемле­кет­-тік басқару органы болды.
Республиканың 14 облысының Гурьев және Ақтөбе облыстарында ғана мұнай өндірілетін еді. Ембі мұнайы дүниежүзін­дегі ең сапалы мұнай деп саналады. Ол жоғары сапалы мұнаймен қатар, аса құнды авиация және автотранспорт бензиндерін береді. Қазақстан мұнайшылары 1942 жыл­дың маусымында мұнай өндірудің тәуліктік кө­лемін 2500 тоннаға, 1943 жылдың қа­занында тәуліктік өнімді 4500 тоннаға жет­кізуге міндетті болды. Бұл тапсыр­маны орындау үшін қысқа мерзім ішінде 83 жаңа скважина бұрғылап, пайдалануға берілді. Сөйтіп, Қазақстан мұнайшылары Ста­линград түбіндегі жауға қарсы шабуылды әзірлеу кезінде сұйық отынды өндіруде аса жоғары көрсеткіштерге жетті. Нәтижесінде Еділ бойындағы қаланы қорғаушыларды жанар-жағармаймен қамтамасыз етуде баға жетпес көмек көрсетті. Сталинград түбіндегі Кеңес Армия­сы­ның шешуші ұрысқа әзірлену күндерінде барлық майдан үшін әскерлер мен ма­те­риалдық-техникалық құралдарды тасып жеткізу міндеті тұрды. Бұл жұмыста 27 мың машина жұмыс істеді. Темір жолдармен күн сайын 1300 вагон жөнелтілді. Сталинград майданы үшін әскер мен жүк тасу ісі Еділ өзенінің күз кезіндегі ауыр жағдайында іске асырылды. Еділ өзені арқылы 1 қара­ша­дан 19 қарашаға дейін 160 мың солдат, 10 мың пулемет, 430 танк, 660 зеңбірек, 14 мың автомашина, 7 мыңға жуық тонна соғыс қару-жарақтары өткізілді.

Соғыстың алғашқы жылдарындағы қиын-қыстау кезеңде күн сайын 8-10 мың адам эвакуацияланып келіп жатты. Тек қана 1942 жылдың 7 маусымынан 20 қара­шаға дейін 55521 адам қабылданып, жө­нелтілді. Оның 25921-сі Сталинград об­лысының тұрғындары еді. Сталинград шайқасы күндері Қазақ­станның Ертіс, Арал, Орал, Балқаш, Іле су қоймалары да айтарлықтай рөл атқарды. Соғыс жағдайына бейімделген өзен флоты­ның жаңа құрамдары құрылды. Бұл флоттар халық шаруашылығы тауарларын тасы­мал­дауда орасан жұмыстар атқарды. Соғыстың алғашқы екі жы­лында рес­пуб­­ликада 1320 магистральдық линиялар тұрғызылып, 11 мың шақырым байланыс же­лілері тартылды. Алматы – Қарағанды – Ақмола – Орск – Орынбор – Мәскеу телефон магистральдары іске қо­сылды. Мемлекеттік Қорғаныс комитеті­нің 1942 жылғы 24 шілдедегі шешіміне сәйкес Ас­трахань – Гурьев – Орал қа­лаларын бай­ланыстыратын құрылыс жұ­мыстары шұғыл түрде қолға алынды. 1942 жылы 3 қыркүйекте Батыс Қа­зақстан облысының еңбекшілері әскери бөлімшелердің көмегімен Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің ұзындығы 700 ша­қырым Астрахань – Гурьев – Орал ли­ниясына салу жөніндегі тапсырмасын мер­зімінен бұрын орындап Сталинград май­данын Жоғарғы Командованиенің ставка­сымен тұрақты байланысын қамта­масыз етті. Еділдегі шайқас шешуші шарықтау ше­гіне келген шақта, дұшпандар кеңес әс­керлерінің шабуылын толастатпақ болып Қызыл Армияның тылмен байланысын үзіп тастауды көздеді. Қазақстанның батыс аймағындағы Орда, Жәнібек аудандарына ұшақтан Листовкалар тастады. 1942 жылдың 10 және 13 қыркүйегі күндерінде жаудың «Ю-88» маркалы ұшағы Гурьев қаласының үстіне келіп балық консерві комбинаты мен жұмысшы поселкесіне листовкалар тас­та­ды. Поселкенің тұрғындары сол бойда лис­товкаларды жинап алып құртып жіберді. Неміс-фашист барлаушылары Гурьев­тен Орскідегі мұнай айдау заводына мұнай жіберіп тұрған мұнай құбырын істен шығаруға көп әрекет жасады. 1942 жылдан 1944 жылға дейін Қазақ­стан аумағына жүзге жуық парашютист – диверсант тасталды. Біздің еліміз Киров атындағы колхоздың бригадирі Байжан Атағазиевтің ерлігін ешқашан ұмыт­пай­ды. Жау диверсанттарына жол көрсетуші болып ерген Байжан Атағазиев оларды қалың құм арасына апарып, диверсиялық әрекеттерін жасауға, сөйтіп, чекистерден құтылуына мүмкіндік бермеді. Фашистер Иван Сусаниннің Өшпес ерлігін қайталаған ержүрек қарапайым колхоз бригадирін атып тастады. Сөйтіп, Қазақстан аумағында ірі диверсиялық әрекеттер жасап, анти­ке­ңестік көтеріліс ұйымдастырамыз деген жаудың жоспары күл-талқан болды.

Тілеу КӨЛБАЕВ,
тарих ғылымдарының докторы, профессор,
ТҒА-ның академигі,
Журналистер одағы сыйлығының лауреаты

 

http://www.aikyn.kz/index.php

Рубрика: