АЛТЫНОРДА
Новости

ҚАЗАҚСТАН АНАЛАРҒА ҚАРЫЗДАР

ҚАЗАҚСТАН АНАЛАРҒА ҚАРЫЗДАРӘйелдердің мінезі туралы айтыс басталып кетті ғой әлеуметтік желіде Меніңше, кез келген әйел — отбасының ұйытқысы. Ешбір әйел оңайшылықпен ажырасуға не үйдегі шаң-шұңға мүдделі емес. Күйбең тірліктен, психологияны сындыратын ұрыс-керістен балапандарын қорғауға тырысады. Иә, кейде «басына тартсаң, аяғына жетпейтін» жоқшылық пен тапшылықтан мезі болған әйелдің жүйкесі сыр беретіні белгілі. Бірақ ӘЙЕЛ — табиғатынан көнбіс, мейірімді жан. Тек кейде шаң қағатын шайпау мінезі болмаса ))
Әйелдің жаны нәзік болғанмен, жігері мықты. Сонау тоқсаныншы жылдардың ортасындағы дағдарыстан отбасын, бала-шағасын, сондай-ақ, бүкіл Қазақстанды әйелдер алып шықты. Ішкі нарықты қалыптастырды (бастапқыда жабайы болатын нарық, бірақ уақыт өте келе, мемелкеттік қатаң қадағалауына көнген, заңдар мен халықаралық стандарттарға бағынған нарық қалыптасты). Қалай дейсіз бе? Ала қап арқалай жүріп, базардан — базарға, пойыздан пойызға жүгірді. Денсаулығына, қара басына көңіл бөлген жоқ. Өйткені үйде шиттей баласы аш отырған. Тәуелсіздік алып, экономика мен өндіріс орындары тұралап қалған сәтте еркектеріміз жұмыссыз қалды. Біреулер тырбанып, бала-шағасын асырауға тырысса, көпшілігі әйелдерінің мойнына масыл болды. Сағы сынып, араққа салынғандар қаншама. Сондай қысылтаяң шақта АНАЛАР барлық қиындыққа қаяқая қарсы тұрды. Ошағын күйреуден аман алып қалды. Көпшілігі түрі ауруға шалдықты, қырыққа жетпей, қыршынынан қиылғандары да бар. Күнкөрістің қамымен жүргенде суық өткен, денсаулық сыр берген. Емделмеген. Емделсе, бала-шағасы аш қалатын еді.
Осылайша, Қазақ аналары отбасын, ошағын ғана емес, Қазақстанды саяси және экономикалық тұралаудан аман алып қалды. Біздің билік Аналардың алдында бас иіп, оларға қолдан келгенше жағдай жасауға міндетті. Бірақ қайда ондай адамгершілігі бар билік..

Нәзия Жоямергенқызы

http://www.turkystan.kz/kz/articles/view/65739