АЛТЫНОРДА
Новости

ҚАЗАҚША СӨЙЛЕУІМІЗ ҚАЖЕТ!

8c2e7d3f81153f0b9f0dd7055b2db671Өзге ұлт өкілдері мемлекеттік тілді жаппай меңгеріп кетуі үшін қазақтілділер сөз көмегін тигізуі қажет. Кеше «Назарбаев Орталығында» өткен «Тіл – Тәуелсіздік тұғыры» атты жиында осындай байлам жасалды.
Шара барысында ұлты басқа болғанымен, құлқы бөтен емес, түрі басқа болғанымен, тілі бір жастарға көбірек мінбер ұсынылды. Солардың біразы қазақша қойған сауалына қазақ құрбы-құрдастарының, қаншама қатемен болса да, орыс тілінде жауап беруге тырысатынын қынжыла айтып жатты. Әйтпесе «ауылдан келген екен деп ойлап қалады» деп қымсынатын көрінеді. Өкінішке қарай, кеңес кезінен қалған құлдық сана қазақ жастарының миында мықтап орнағанға ұқсайды.

– Мен қазақтардың барлығымен қазақша сөйлесуге ұмтыламын, – дейді Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ақпараттық технология факультетінің студенті Максим. – Тіпті қазақ орысша сұрақ қойса, алдымен қазақша жауап берем. Тілді текке үйрендім бе сонда? – деп жымияды ол. Максим қасиетті Шығыс Қазақстаннан келген екен. Қазақ тілінде сөйлегенде, кейбір қандастарымыздың өзін жаңылдырады.

«Мен «найманмын» деймін. Менің шын мәнінде қай ұлттан екендігімді білмейтіндер тіпті сеніп қалып жатады» деп әзілдейді ол. Ал ұлты өзбек Рустам Оңғарбаев деген студент тілді үйрену үшін тілдік орта болуы қажет деген байламын жеткізді. Әрине, тілдік ортаны түзіп, нығайтуда қазақтілділер жетекші рөл атқаруы керек. Өкінішке қарай, мойындарына мұндай жауапты міндет алуға әркімнің жүрегі дауалай бермейді. «Қазақша сұрасам, қазақ тілін білмейтін болып шығып, қыңырайып қала ма, ренжітіп алам ба?» деген «үрей» көп адамның санасын билейтіні құпия емес.

– Тілді үйрену үшін ең қажеттісі – тілдік орта, – дейді Рустам. – Кез келген адам біртілді, бірауызды ортада сол тілді тез үйренеді, бұл біле білсеңіз, адамзаттың қанында бар, генінде қаланған қасиет. Адам баласы солай өмір сүруге бейімделеді. Әрине, бұған қоса, тілді меңгеру үшін ол адамда талап, ынта болуы қажет. Осы қасиеттер бойында бар адамдар өздері-ақ Елбасы қойып отырған ортақ тілдік ортаны түзуге тартылады.

– Біз ең бірінші жастардың, соның ішінде білімді студент жастардың қазақ тілінде сөйлеу дағдыларын қалыптастыруымыз керек, – дейді Еуразия Ұлттық университетінің «Практикалық қазақ тілі» кафедрасының меңгерушісі, доцент Қуандық Құлманов. – Сол арқылы келешектегі тілдік орта қалыптастырылады. Мемлекеттік тіліміздің келешекте өркендеуі осы істерге тәуелді болады. Біз Президенттің қазақ тілінің ортақ тілге айналуына қатысты сөздерін студенттер арасында таратуымыз керек. Біз бірнеше деңгейде оқу бағдарламаларын құрастырып, оқу-әдістемелік құралдар негізінде жастармен жұмыс жасап жатырмыз. Ең бастысы, өзге ұлт өкілдерінің де мемлекеттік тілді білуіне жағдай жасау. Біз университетімізге түскен студенттердің 1, 2-ші курстарда қазақ тілін меңгеруіне бар күш-жігерімізді салудамыз. Жиын кезінде «қазақ тіліне әлі күнге сұраныс аз» деп босқа байбалам сала бермеу керек деген ұсыныс айтылды.

– Қазіргі кезде мемлекеттік тілдегі кітаптарға сұраныс өте үлкен! – дейді «Назарбаев Орталығының» қызмет көрсету бөлімінің басшысы Дина Загатова. – Тіпті баспаханалар шығарып үлгере алмауда деп те айтуға болады. Сұраныс керемет! Мектеп, жоғары оқу орындарындағы талап сыртында көптеген адамдар өз беттерімен білім алуға ұмтылуда.

Ол тілге сұраныстың артуына байланысты қандай да бір отбасыда бір адам мемлекеттік тілді үйренсе, сол арқылы отбасының өзге мүшелері де қазақша сөйлеп кетуге талпынатынын алға тартты. Яғни «мультипликативтік тиімділік-эффект» пайда бола бастады. «Тіпті бұрын тілді меңгеруге мән бермегендер де «келешектің жолы осы» екендігін түсініп, отбасындағы не жақындары арасындағы қазақша сөйлейтіндерге сүйеніп, тілді үйренуге қадам жасауда. Осы саладағы көрініс өте қатты өзгерді. Түбегейлі өзгерді!» дейді Д.Загатова. Кездесу кезінде өзге ұлт өкілдері – ЖОО студенттері М.Мақатаев, Қ.Мырзалиев, С.Мәуленов, А.Сәрсенбаев секілді қазақтың ақын-жазушыларының шығармаларынан жатқа үзінді оқып, жиналғандарды бір сүйсінтті. Шара барысында қазақ тілі туралы фильм көрсетілді. Мемлекеттік тілді меңгеруге көмектесетін оқулықтар, әдістемелер, кітаптар қойылған «Тіл – Тәуелсіздігіміздің тірегі» көрмесі жайылды.

 

Айхан ШӘРІП

 

http://www.aikyn.kz/articles/view/30685