АЛТЫНОРДА
Новости

Қазақ тілін білмейтіндер қанша білікті маман болса да сыннан өте алмайды

Астана. 07 ақпан. BAQ.KZ. Кеше Астана қаласы әкімдігінде Қазақстан Рес¬публикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі басшыларының қатысуымен семинар-отырыс болып өтті. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа Жолдауы ел дамуының жаңа белесін айқындап берді. «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға енгізілген өзгерістер мен осы саладағы реформалардың қалай жүргізілетіндігі талқыланды.

 

Жиынға қатысқан Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк қызмет iстерi агенттiгiнiң Астана қаласы бойынша Басқарма бастығы Ерлан Әбен мен Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының бастығы Болат Тілепов Елбасының биылғы Жолдауын таныстырып, атқарылуы қолға алына бастаған жұмыстар жайлы айтып өтті.
Мемлекеттiк қызмет iстерi агенттiгiнiң Астана қаласы бойынша Басқарма бастығы Ерлан Әбен:
– Ауыс-түйіс тек осы басқарманың ішіндегі түрлі лауазымды қызметтер арасында ғана болмақ. Мысалы, бүгін денсаулық басқармасын басқарып отырған басшы ертең білім басқармасының тізгінін ұстауға жол берілмейді. Жаңа ережелер бойынша мемлекеттік қызметкерлер жаңа сұрыптаудан өтеді. Мәселен, қазақ тілі сыны бұрын комиссия сынының қорытынды бөлімінде шығарылатын шешімге тікелей әсер ете алмайтын. Яғни, қызметкердің өз мамандығын жетік білетіндігіне баса назар аударылатын. Ал енді қазақ тілін білмейтіндер қанша білікті маман болса да бұл сыннан өтпейді, – деді. Естеріңізде болса, бұрын ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары болған Бауыржан Байбек қазақ тілін білмейтіндер мемлекеттік қызметке тағайындалмайтынын айтқан еді.
– Кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау, әлеуметтік саясаттың жаңа принциптері, заманауи білім беру, жаңа қазақстандық патриотизм, жұмыспен қамту, мемлекеттік қызмет сапасының артуы, денсаулық сақтау, тұрақтылық пен татулықтың нығаюы Астананың бүгінгі дамуымен толық үндесіп жатыр. Астанаға артылар сенім де, міндет те айрықша. Бүгінгі таңда, елордамыздың экономикалық және технологиялық жетістіктерімен қоса, әлеуметтік мәдени саланың да едәуір ілгерілегендігін көруге болады. Президенттің жаңа Жолдауы мемлекеттік органдар үшін маңызы өте зор. Өйткені, мұнда Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді атқарудың нақты қадамдары атап көрсетілген, – деді Ішкі саясат басқармасының бастығы Болат Тілепов.

http://www.baq.kz/news/22980