Sorry, this entry is only available in Kazakh. For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Табылды ҚАЙСАҒАЛИҰЛЫ, техника ғылымының кандидаты, өнертапқыш:

 

– Табылды Қайсағалиұлы, сізді ел-жұрт өнертапқыш-ғалым ретін­де жақсы таниды. Техника ғылы­мы­ның белді маманы ретінде, ядролық сынақ алаңдарымен жақсы таныс ғалым ретінде қазақ дала­сында қанша ядролық жары­лыс болғанын нақты айта аласыз ба? Әңгімеміздің әлқиссасын осы­дан бастасақ…

– Негізі, Кеңес өкіметі тұсында 715 ядро­лық жарылыс болған. Соның 490-ы Қазақстанда жарылған. Байқап отырғаныңыздай, жарылыстардың 68 пайызы қазақ даласына тиесілі. Оның ішінде арнайы соғыс қаруын жетілдіру мақсатында жарылған жарылыстарға қарағанда бей­біт мақсаттағы жарылыс­тардың зар­дабы ауқымды болайын деп тұр.

Ең алғаш ядролық қару шыққан кезде сәуленің адамға қаншалықты әсер ететінін ешкім нақты біле алмады. Сол себепті ядролық полигондарда қызмет еткен әскери адамдардың көпшілігінде беймәлім аурулар пайда бола бастады. Бірақ біздің айтқымыз келіп отырғаны ол емес. Ядролық қару­ды бейбіт мақсатта қолдану деген ұғым пайда болғалы ағылшындар білмес­тікпен мынадай догмалық пікірді алға тартқан: мәселен, жер астында қуатты ядролық жарылыс жасайтын болса, адамдарға қажетсіз дүниенің барлығын сақтауға болатын алып қойма жасау өте қолайлы. Өйткені жердің астында жарылған жарылыс орнында, шыны­мен де, шыны секілді қабыршақпен қап­талған өте үлкен шар түзілетін. Дау­рық­па дабыраға құмар болған Кеңес өкіметі де Америкамен арадағы қырғи­қабақ соғыстан қалып қой­майын деп, сондай жарылыс салдарынан пайда болған жасанды шарлармен топырақ қабатын «байыта» бастады. Осындай сынақтардың алғашқылары Атырау облысына қарасты Азғыр деген полигонда өткен. Нәтижесінде жерасты дүмпуінен туындаған 10 жасанды шар тәріздес кеңістік қалып қойды. Ол кеңістіктердің әрқайсысының көлемі 100-ден 250-300 мың текше метрге дейін жетеді. Осыдан-ақ олардың кө­лемін көз алдыңызға елестете беріңіз.

Кезінде сынақ алаңдарын зерттеу жұмысы барысында бір сәтсіздік орын алып, сондай қуыс кеңістіктердің бірі құлаған. Соның әсерінен жердің бетін­де диаметрі – 500 метр, тереңдігі 18 метр болатын үлкен ойық қалды. Сол ойықты әлі күнге дейін жауып тастау мүмкін емес болып тұр. Өйткені дәл ондай көлемдегі ойықты жабу үшін таудың бір бөктерін көшіріп алып келмесең, басқаша шара жоқ. Бірақ ол ойықтың дәл қазіргі күні ешқандай зияны жоқ. Себебі жарылыс барысында жиналған газ ауаға тарап кеткен. Ал шұңқырға су жиналып үлгермеген. Ол шардың құлағанына 50 жылға жуық уақыт болды. Ал құламағандары қан­шама.

– Сөз арасында құлаған жерасты шарының ішінде, абырой болғанда, су жоқ деп қалдыңыз. Егер оның ішіне су толса, не болуы мүмкін? Жал­пы, судың бұл шарларға қа­тысы қандай?

– Оған судың тікелей қатысы бар. Себебі бұл шарлардың барлығы жер­дің тұзды қабатында жарылған бола­тын. Өзіңіз білетіндей, жердің тұзды қабатында адамның қан тамырлары іспетті жерасты су жолдары өте көп. Сол жерасты су арналары өзіне үнемі жаңа жол іздейтіні белгілі. Шардың айнал­а­сындағы су тұзды қабырғаның әлсіз тұсын еріту арқылы шар ішіне енетін кішкене саңылаудан жол жасап алған. Жарылыстан кейінгі 50 жыл аралығын­да пайда болған шарлардың барлығы­ның қабырғалары тозған. Қазақшалап айтқанда, жерасты жарылыс жүргізіл­ген сынақ алаңдарының барлығы өте улы тұздықтарға толып тұр. Оның зиян­ды тұсына тоқталатын болсақ, тұздық­тардың барлығында радиоактивті ядролық қалдықтар шамадан тыс көп. Құдай сақтасын, егер ол шарлар құлайтын болса, оның зардабы тіпті ақылға сыймайтын деңгейде болады. Үстіндегі жердің салмағы төмен шөгіп, топырақ құлаған жағдайда соншама масса суды қысыммен жер бетіне шығарып жібереді. Ол – физиканың негізгі заңдылығы. Су жер бетіне шықпаған күннің өзінде жерасты су арналары арқылы улы тұздықтар төңіректегі шаруалар мен жергілікті халықтың тұтынып отырған тұщы су қорын ластайтыны анық. Егер сол ластанған су жан-жаққа тарайтын болса, онда орны толмас экологиялық апатқа ұрындық дей беріңіз. Болған жарылыстарды есептеп отырсақ, 490 жарылыстың 421-і жер астында жарыл­ған. Әрбір жарылыстан кейін жер астында, жоғарыда атап өткендей, алып шарлар қалып қойған.

Шар қабырғаларының ең алғаш жарылыс болған уақытта берік болғаны рас. Ядролық жарылыс кезінде мил­лион­даған градуспен тұз қабаты күйіп, өте үлкен қысыммен сығымдалудың нәтижесінде 50 жылға жарамды материал пайда болды. Бірақ ол мерзім де көзді ашып-жұмғанша өтіп кетті. Енді бүгінгі күні барлық шарлардың қабырғалары айналасындағы жерасты су қоймаларының әсерінен ыдыраған. Сынақ жүргізуге белсене қатысқандар, жарылыс салдарын есептеген маман­дар тек ядролық дүмпудің қуатын есептеумен ғана шектелген. Алайда олар қуатты жарылыс негізінде алып шар­лар пайда болғанымен, жан-жа­ғын­да­ғы топырақ қабаты жарықшақ­танып кететінін ескермеген. Біздегі ядролық сынақ алаңдары болған жердің барлығында топырақ қабаты жарықшақтанып кеткен. Топырақ қабатының жарықшақтануы өз кезе­гінде жер астындағы бағалы минерал­дар қорын еріксіз ауаға ыдыратады.

– Табылды Қайсағалиұлы, сіздің сөзіңізден осындай қауіпті шарлар­дың және алып ойықтардың бар еке­нін білдік. Ал одан қалай құ­тылу­ға болады? Қандай да бір ше­шім­ді жолдары бар ма?

– Әзірге ол шарлардан немесе жасанды ойықтардан түбегейлі құты­лудың жолын көріп тұрған жоқпын. Аталмыш шарлардың орнын жабу үшін көп көлемде топырақ қажет болады. Бірақ ондай топырақ қорын қайдан табамыз? Дегенмен топырақтың орнын Қарағандыда, Екібастұзда жатқан жағылған көмірдің күлімен толтыруға болады. Бірақ оның барлығы қып-қызыл шығын екенін ұмытпаған жөн. Егер көмір өндіруші компаниялар қоршаған ортаға тигізген зиянының өтемі ретінде өз қаражатына қоқыс есебіндегі керексіз күлді полигондарға жеткізіп берсе, онда қандай да бір әрекет жасауға болушы еді. Бірақ бізде ондай адами әрекетке бара қоятын ақылды кәсіпорын иелері жоқ қой…

«Өткелден өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» өткізу үшін түзіл­ген жерасты шарларының жай-күйін қазірден бастап зерттеп, жөндеу жұмыстарын қолға алмасақ, оның зардабына кететін шығын тіпті көп болары сөзсіз. Астымыздағы «бомба» қашан жарылады екен деп күтіп отырмай, керісінше, алдын алу шараларын қамтамасыз етуге тиіспіз. Одан қорқатын ештеңе жоқ. Дер кезінде апаттың алдын алатын болсақ, ертеңгі күнімізге деген қадамымыз нық әрі сенімді болады.

– Ғалымдар тарапынан осы мәселені бірлесіп шешейік, ортақ мәмілеге келіп, бірігіп зерттеу жұ­мыс­тарын жүргізейік деген секілді ұсыныстар мен жобалар бар ма? 

– Біз осы мәселені ескере отырып, Үкіметке өз жобамызды ұсынғанбыз. Әрине, бұл – біз қаласақ болды бар­лығы бірден шешіле салатын оңай шаруа емес. Оны жан-жақты саралауға бір­талай жыл керек. Шешім қабылда­мас бұрын қалыптасқан жағдайға толыққанды баға беріп, содан кейін кеңесіп отырып ымыраласқанымыз дұрыс деп ойлаймын. Әзірге қолымыз­дан келген есептеулерді шығарып отырмыз. Әрі қарай жасайтын әрекет­тердің зиянды-зиянсыз тұстарын шама­лауымыз керек. Ол үшін Үкімет те қал-қадерінше қолдауға дайын бол­са…

Жоғарыда айтып өткендей, 421 шар­дың кейбіреуі құлап қалған болуы мүмкін. Бірақ әзірге ол тек болжам ғана. Біз ойлағандай, шарлардың көп бөлігі жарылыс болғаннан кейін жер қысымының әсерінен құлап кетсе, ешқандай қауіп жоқ. Ал егер шар өзінің пішімін осы уақытқа дейін сақтап қалған болса, онда олардың барлығы тұздықтарға толып тұр деген сөз.

– Жерасты шарларының ішіндегі мерзімі жеткен суды радиациялық қалдықтардан ажыратып алуға мүмкіндік бар ма? Ондай мүмкіндікті отандық ғалымдар жасай ала ма?

– Оны ажыратудың бір ғана жолы бар. «Суды тазартудың нанотехноло­гиялық жолдары» атты Үкімет ұйым­дастырған көрмеде осыны айтқан едік. Алайда ол сөзімізге құлақ аса қойған ешкім болған жоқ. Біздің ойымыз нанотехнологиялық түтікшелерден жасалған мембраналық сүзгі арқылы суды радиациялық қалдықтардан тазартып сыртқа шығару болатын. Егер солай жасай алсақ, үлкен экологиялық апаттан құтылар едік. Көптеген ғалым «ол судын құрамында түрлі химиялық элементтер болуы мүмкін. Ол ауаға жайылса да қауіпті» деген пікірді алға тартады. Бірақ бүгінгі ғылымның жетіс­тігі­не сүйенсек, нанотүтікшелерден жасал­ған мембраналық сүзгі тесігін тек қана судың молекуласы өтетіндей етіп жасауға толық мүмкіндік бар. Сонда су молекуласы қанша микрон болса, мембрана тесігі де сонша болады.

Сол үшін, ең алдымен, әрбір шар­дың орналасқан орнын, көлемін анықтап алғаннан кейін, шарды тесіп, ішіне құлтемір түсіріп, судың мөлшерін білу керек. Сонда біз нақты деректер­мен сөйлей аламыз.

– Сіз ойлағандай, мембраналық сүзгілерді жасауға Қазақ мем­лекетінің экономикалық мүмкіндігі жете ме? 

– Неге жетпесін, жетеді. Біздің мем­лекеттің экономикалық әл-ауқаты бұрынғымен салыстырғанда көш ілгері ғой. Тұтас шарды залалсыздандыруға шамасы жетпеген күннің өзінде бізде радиациялық қалдықты судан ажыратуға мүмкіндік бар ғой. Есесіне, тазартылған шарлар арқылы мемлекет қазынасына қомақты пайда түсіруге болады. Мысалы, жер астында түзілген шарлардың ішіндегі суды тазартып берсек, шетелдік алып зауыттарға қалдықтарын сақтау үшін жалға беруге болады. Сол арқылы көмілмей қалған жасанды ойықтардың мәселесі де шешілер еді. Ал шарларды қойма ретін­де жалға алған адам тікелей сол шар­лардың жымып қалмауына мүдде­лі болады және шар қабырғаларын жөндеу жұмыстарын да мойнына алар еді. Бұл жұмыстардың барлығы мега­зауыттар үшін үлкен шығын бола қоймас. Себебі олардың жыл сайын «жасыл­дарға» төлейтін айыппұл мөлшері өте комақты.

Егер жер астындағы шарлардың орналасу тереңдігі 2 шақырым болса, онда оның ішіндегі судың температу­расы 100 градус шамасында болады. Ал одан жер бетіне жақынырақ орна­ласқан шар ішіндегі су температурасы 100 градусқа жетпесе, онда су булана қоймайды. Көп жағдайда шардың орнынан қозғалуына себепші болып отырған – булану процесі. Сол себепті қайткен күнде де суды зиянды қалдық­тардан ажыратып алғанымыз тиімді. Орыс ғалымдарының зерттеу­леріне сүйенсек, жер астындағы 421 шардың барлығында су деңгейі 70-75 пайызға көтерілген. Ең әрісі орыс­тардың газ сақтау қоймасы ретінде пайдаланған шарларының өзі істен шығып, суға толып кеткен. Егер су деңгейі шар күмбезіне дейін жететін болса, тереңдей береді. Шар тереңдігі артқан сайын сырттан әсер ететін қысым да арта түседі. Нәтижесінде шар жарылып кетуі мүмкін. Мәселен, Азғырдағы тұз қабатының қалыңдығы – 70 метр. Ондай қалыңдықты құрау үшін тұз миллондаған жыл бойы диффу­зияға ұшырауы керек. Осынша уақыт табиғи процестен өткен минерал қорынан айырылып қалатын болсақ, топырақ қабаты ештеңеге жарамсыз болып қалуы ғажап емес. Өйткені тұз қабатында жиналған судың мерзімі жеткен.

Жер астындағы жасанды қуыс ке­ңістікке жиналған суды радиациялық қалдықтан ажырату жұмысына еліміз­дегі жоғары білікті математиктер, механиктер, геологтер, радиофизиктер мен ядролық физиканың мамандары, бір сөзбен айтқанда, іргелі ғылым­дардың барлық өкілдері қатысу керек шығар деп ойлаймын. Өйткені олардың ішінде қандай бактериялар түзілгенін ешкім дөп басып айта алмайды.

– Өзекті пікір білдіріп, еркін ой бөліскеніңіз үшін алғыс білдіреміз. Әңгімеңізге рақмет!

 

Алашқа айтар датым…

Қазақ даласының елсіз аймақтарының дені Кеңес өкіметінің негізгі сынақ алаңдары болған. Кеңес өкіметі кезінде баллистика­лық зымырандарды ұшыруға арналған тереңдігі 50-100 м аралығындағы диаметрі 5-10 м болатын шахталар жасаған. Әскери күш өзінің құпиясын жасыру мақсатында сол шахталарды көмусіз қалдырып кеткен. Ата жауы Американың қолына қолақ­пан­дай етіп бар кұпиясын ұстата салуды қаламаған кеңестіктер қалған зымырандарын жер астындағы шахталарда жарып жібер­ген. Дәл қазіргі күні қараусыз қалған сондай жүзде­ген шахтаның жағдайы да мәз емес. Біздің әскерилер осындай ақпаратты ғалымдардың қолына беруі керек деп есептеймін. Тәуелсіз Қазақ мемлекетінің әскери күші көпшіліктің қалтасынан салыққа төлеген қаражат есебінен нан жеп отырып, келмеске кеткен Кеңес өкіметінің құпиясын неге қорғауы керек? Отан, мем­лекет, тыныштық, бейбітшілік бәрімізге керек. Біз де осы ел­дің азаматымыз. Келер ұрпақтың алдында жүзіміз жарқын, жа­ны­мыз тыныш болуы үшін бабамыздан мирас болған атажұрт­ты мұрагерлерімізге мейлінше таза күйінде тапсыруға мін­детті­міз!

Автор: Ұлағат ХАНЗАДА

http://alashainasy.kz

 

Рубрика: