Sorry, this entry is only available in Kazakh. For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Өнер дегеніміз – сұлулық, сымбаттылық. Сол өнерді жасайтын, өнер үшін өмір сүретін ол – артистер қауымы.  Қазақ кино өнері өзінің бастауын 1938 жылдардан бастаса, сол жылдары ұлттық кейіпкерлердің болмысы мен қазақ әйелдерінің бейнесін жасауда бірден –бір ерекшеленген, алғашқы қарлығаштарының бірі – Әмина Өмірзақова.  Қазақ кинематографиясының баға жетпес қазынасына айналған: «Абай», «Жамбыл», «Бір ауданда», «Ана туралы аңыз», «Арманым менің», «Ақ гүл», «Нан дәмі», «Шанхай», «Тақиялы періште», «Гауһартас» –  фильмдерінде жасаған бейнелері, қалың жұртшылықтың махаббатына әлі күнге дейін бөленіп келеді. Актриса ретінде қазақ киноларында сомдап кеткен бейнелерінің бәрі алтын әріппен тарих бетінде қалғаны бәрімізге аян.1963  жылы жарық көрген  режиссер А. Карповтың «Ана туралы аңыз» фильміндегі актерлік өнеріне тоқталар болсақ, тек бас кейіпкер Ана бейнесіндегі Әмина Өмірзақованың  шеберлігімен толық фильмді талдап шығуға болады. «Егер орыс кинематографиясында ананың рөлiн ерекше сомдаған Вера Марецкая, итальян киносында Анна Маньяни болса, қазақ киносындағы ана образы Әмина Өмiрзақовамен тығыз байланысты». Бұл – белгiлi киносыншы Бауыржан Нөгербектiң пiкiрi. Расында да солай.

«Ана туралы аңыздағы» бейнесi – ұлын соғыс жалмаған ананың зары, өле-өлгенше жалғызын өлдiге қимай, жолын тосқан қайран ана! Бұл – бауыр етi балалары соғыста қаза тапқан барша қазақ аналарының қайғысын сезiндiретiн бейне едi. Бұл фильм белгiлi режиссер А. Карповтың қазақтың ақ жаулықты аналарына арнап қойған ескерткiшi деуге болады. Әмина апайдың өзi, 2006 жылы «Азаттық» радиосында берген сұхбатында: «Ана туралы аңыз» өзiнiң бағын ашқан картиналардың бiрi екендiгiн айтып өткен. Фильм Алматының iргесiндегi Первомайка селосында түсiрiлген. Киноға Серке Қожамқұлов, Мұхтар Бақтыгереев, Қанабек Байсейiтов, Бикен Римова сынды кiлең қазақ киноөнерiнiң жұлдыздары  қатысқан. Фильмдегі сұр кадрлар мен соғыс жылдары қаңырап қалған ауыл бейнесінен, ананың ішкі жан тебіренісін, күйзелісін  және жүрегінде сақталған соңғы бір үмітін актрисаның шебер сомдаған ана бейнесіндегі ойын ерекшелігінен көреміз. Сұрапыл соғыс жылдарындағы ана қасіретін асқан шеберлікпен сомдаған бейнесінен кейін, Ә.Өмірзақова осы кейіпкеріне қарама-қарсы амплуадағы кезекті ана бейнесін ойнауға арнайы ұсыныс алады.

Актриса өзінің бір естелігінде:  Киноөнеріндегі алғашқы қадамдарымнан кейін, күндердің бірінде Шәкен әзілдей тұрып, мен үшін комедиялық роль жазылып жатқанын айтты. Содан кейін ешқандай ойын-қалжыңсыз «Тақиялы періштенің» сценарийімен танысып шығуға ұсынды. Бұл мені қуантты, әрі қобалжытты, өйткені комедиялық рольде ойнап көрмеп едім. Шәкең көңілімді демеп, «сен сан алуан типаждар жасауға жаралғансың» деп күлді.  [1, 61]. Осы тұрғыдан  сипаттар болсақ – Ш.Айманов өз фильмдеріндегі кейіпкерлерге актерді тағайындауда аса бір ұқыптылық пен көрегендік қасиетін шебер қолданған. Осы ұтымдылығын «Тақиялы періште» фильміндегі көрерменді баурайтын нәрсенің біріншісі комедияға тән табиғилық болса, екіншісі – сол әзіл-қалжыңды бермен қарай жеткізуші актерлік шеберліктің мықтылығы болды. Өмірзақованың керемет сомдауындағы Тана жеңгей, сүйікті ана бейнесі сол уақытта көрерменге қажет болғаннан туған кейіпкер. Ауылдан – қалаға келген Тана ана, баласы Тайлақтың  бойдақтығына төзбей, «ер бала жалғыз тұра алмайды, оның қасында қолдаушы –анасы, және сүйікті әйелі болу керек» -деген ұранмен қала ішінде келін іздеп баласына жеңгетай болады. Бірақ, анасының таңдауындағы қыздарға көңілі толмаған Тайлақ  сүйіктісін өзі іздеп табады. Баласына жар іздеймін деген Тана апай, өзінің алғашқы махаббатымен бірнеше жылдан соң кездеседі. Ол ғашығы, Тайлақтың болашақ жары Айшаның әкесі – Тайыр еді. Шытырман оқиғалар мен естеліктерге арналған фильмнің соңы сәтті кездесу, қос тойдың қуанышымен аяқталады. Бодандықтың құрсауындағы түрлі ұлттар араласқан кеңестік кезеңде туса да, фильмдегі Тайлақ пен Тана – ұлттық шеберханадан туған бейнелер. Қазақи комедияның ұлттық кейіпкерлері.

«Тақиялы періштедегі» актриса ойнаған Тана ролі көпшілікке Тайлақтың анасы, әрі ерекше күлкісімен есте қалып, әрі қалың жұртшылықтың махаббатына әлі күнге дейін бөленіп келе жатқан фильм.

Ә.Өмірзақованың шеберлігін суреттеуде талдауға алынған –  «Тақиялы періште» мен «Ана туралы аңыз» фильмдеріндегі образдары актрисаның сан қырлылығы мен ұлттық нақышта кейіпкер бейнесін сомдаудағы ерекшелігін айқындап отыр.   Аталмыш бейнелер  бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Бұл жерде  Ә.Өмірзақованың  сан қырлы, кәсіби актриса екендігін аңғаруға болады. Бұндай актриса енді туса туар, алайда дәл қазіргі қазақ киноларынан Әмина ананың жасап кеткен бейнелерінің көшірмелерін және  актриса сомдаған өткен уақыттың классикалық киноларынан көріп  жүрміз.

Әмина Ерғожақызы Өмірзақова – қазақтың қос өнері кино мен театр саласында аянбай еңбек етті, көптеген бейнелерді сомдады. Еңбегі еленіп, қазақ кино өнерінің дамуына қосып жатқан сүбелі үлесі үшін «Қазақ КСР  халық артисі» атағын 1965 жылы иеленді.

1963 жылы Әмина Өмірзақова ойнаған, режиссер А.Карповтың «Ана туралы аңыз» фильмі Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығын иеленді. 1964 жылы Ленинградтағы Алғашқы Бүкілодақтық кинофестивальде Әмина Өмірзақова «Ең үздік әйел ролі» номинациясы бойынша жүлдегер атанған.

1968 жылы Шәкен Аймановтың «Тақиялы періште» комедиясында Тана бейнесін сәтті сомдағаннан кейін,  Әмина Өмірзақова ең үздік актрисалардың тізіміне енген. Әмина Ерғожақызы сомдаған – әже, ана, әйел, ару бейнелері қазақ өнерінің тарихында мәңгілікке алтын әріппен сақталмақ.

 

http://www.kinostan.kz/blog/view?id=16

Рубрика: