Sorry, this entry is only available in Kazakh. For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Наурыздың 23-24-і аралығында Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен Шымкент қаласында қазақ блогшыларының ІІІ Блогқұрылтай-2013 шарасы болып өтті. Екі күнге созылған алқалы жиынға Қытай, Түркия секілді шетелдердегі қазақ блогшылары мен еліміздің түкпір-түкпірінен жиылған ғаламтор белсенділері қатысып, интернет кеңістігіндегі біраз өзекті мәселені талқылады. Біз де соңғы үш жыл бедерінде дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан блогшылардың кезекті жиынына арнайы барып, көкейімізде жүрген «Еліміздегі азаматтық журналистиканың бүгінгі арыны қандай?» деген сұраққа жауап тауып қайтқандай болдық.

 

Әкім мен вице-министр блогшылармен санасады

Әрине, қазір еліміздегі азаматтық журналистика­ның тәй-тәй басып, ақырындап дамып келе жатқаны рас. Сол үшін де соқырға таяқ ұстатқан болмай, «Осы құрылтайда қазақ блогшылары қандай биікке қол жеткізе алды?» деген сауалға ғана жауап бере кетелік. Мәселен, аталмыш шараға Оңтүстік Қазақ­стан облысының әкімі Асқар Мырзахметов келіп, блогшылардың жұмысына табыс тілеп, олардың барлық сұрақтарына жауап берді. Сонымен қатар блогқұрылтайға жылдағы әдетімен ҚР білім және ғылым вице-министрі Мұрат Әбенов те қатысып, қазақ контентіне қатысты өз ой-толғамдарын жас­тар­мен бөлісті. Біз бұдан билік тізгінін ұстағандардың азаматтық журналистика өкілдерімен айтар­л­ықтай санаса бастағанын аңғардық. Демек, бұл, біріншіден, ғаламтор кеңістігіндегі азаматтық ойларға, пікірлерге, толғамдарға билік өкілдері де құлақ аса бастағанының көрінісі. Екіншіден, осы уақыт­қа дейін ресми журналистика саласы маман­дары неше рет қазақ журналистерінің құрылтайын өткіземіз деп талпынғанымен, нәтиже шығара ал­май келе жатыр. Ал блогерлер қазақ журналистері бағындыра алмаған құрылтайды қатарынан үш жыл бойы дәстүрлі түрде өткізіп, төртінші билік өкілдерін шаң қаптырып кетті. Үшіншіден, еліміздегі 300-ге жуық қазақ блогері заманауи ІТ технологияны пайдалану арқылы ресми журналистикаға айтар­лық­­тай бәсекелестік туғызып, өз блогтарын демок­ра­тиялық ой айтудың ашық алаңына айналдырып үлгерді. Яғни қоғамдық пікір туғызуда бұл саланың қал-қауқарын көрсетті. Бірақ…

Алаңдарлық мәселе де жетерлік

Біз осы блогқұрылтайға басынан аяғына дейін қатысу арқылы біраз жайлардың тігісін жазуға мүмкіндік алдық. Сан болған жерде сапа да болады дейміз. Десек те, интернеттегі азаматтық журналис­ти­ка­ның өкілдері сол сапа мәселесіне келген кезде ақсай­тын секілді. Мәселен, құрылтайда блогшылар алты сессия барысында шеберлікті шыңдау, яғни блог ашу, жүргізу тәжірибесі, қазақ сайттарындағы веб-дизайн және функционал мәселесі, монетиза­ция, яғни сайтпен ақша табу, блог жүргізудегі шетел тә­жіри­бесі деген сынды жайттарды талқыға салды. Сол жерде жекелеген блогерлер тарапынан блог-тілі жайлы ойларын да тыңдадық. Өкініштісі, олар осы уақытқа дейін Ахмет Байтұрсыновтар қалыптас­тырып кеткен көркем әдебиет, публицистика, ауызекі cөз секілді үш стильді өз ыңғайларына қарай икем­дегісі келетінін аңғартып қалды (тіпті блогсферадағы бейпіл сөздерге де дұрыс көзқарас­пен қарау қажетті­лігі де сөз болды). Мұны айтып отыруымыздың басты се­бебі, бұл жайт «Не істеп жатырсың?» деген толық­қан­ды сұраулы сөйлемді «нестеватсын» дейтін бү­гінгі қоғамда кім қалай ойласа, солай жазатын, еш­бір филология заңды­лық­тарына бағынбайтын үр­дісті қалыптастырып жіберуі мүмкін. Яғни, бірін­ші­ден, мұның нәтиже­сінде көп ұзамай шала сауатты ұр­пақ­тың төбе көрсететінін қазірден бастап ойлап, тіке­лей осы мәселе айналасында блогерлердің тіз­гінін бір тар­­тып қою керек. Екіншіден, журналисти­ка­дағы бә­се­­келестік өшпенділікке ұласпауын қада­ға­лайтын кез жеткен сияқты. Бұлай көсілуімізге «Ке­рекинфо» сай­тындағы Rafaello бү­р­кен­шік есімді бло­гер­дің «лаңы» себеп. Құрылтайда блогерлер бұл жайт­қа да тоқталып, Rafaello-ның ойдан құрастырған ақ­­параттарын (блогшылардың тілімен айтқанда, деза) пайдаланған «ұры журналистерді» қыс­қа да нұсқа сынап өтті. Әрине, бұл жерде ойдан «күй­дірілген» Rafaello-ның «тәтті кәмпитін» талғажау ет­кен, ақпараттың шынды­ғына көз жеткізбеген кей­бір сауатсыз әріптестеріміз үшін бүкіл ресми журнал­ис­­тиканы қаралауға болмай­тынын да ескергеніміз жөн.

Мәселен, кез келген ресми ақпарат ең алдымен ресми БАҚ арқылы тарап, сонан кейін ғана бейресми пікірлер, бейресми ойлар айтыла бастайтынын ұмытпауымыз қажет. Демек, сөз бостандығына бет алған кезеңде сол журналистер таратқан ресми ақпарға бейресми ой білдірген блогшы­лар­ды кінәлауға хақымыз жоқ секілді, олар да қандай жағдай болсын, жалпы, журналист қауымды кінәламауы керек. Ал «ақпараттық ұрылардың» тізесін заң алдында бүккізуге кімнің болсын хақы бар. Блогерлерге біздің айтпағымыз осы. Сонымен қатар, үшіншіден, соңғы кездер­дегі блогсфераның басты мәселелерінің бірі ретінде айтылып келе жатқан авторлық құқық мәселесіне де кең көлемде талқылау өткізіп, блогерлер мен жалпы журналис­тердің қоғам алдындағы жауапкершілігін сезіндіре алғанымыз жөн. Төртіншіден, біздің ойымызша, блогсфера да теле-радио, газет-журнал секілді жалпы жур­на­листиканың қоғамдық пікір туғызатын ашық алаңы деп білмек керек. Яғни блог – интернет журналистиканың тікелей аза­мат­тық журналистикаға апаратын, сөз бостандығына мейлінше жол ашатын бір тармағы ғана. Сондықтан да «қос ішінен қос тіккендей» болмай, блогсфераны да журналистиканың төл баласы деп қабыл­дауымыз қажет.

Сіз не дейсіз?

Асқар Мырзахметов, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мұндай басқосулардың маңызы зор деп ойлаймын. Өйткені қандай заман, қандай қоғам болсын бұқаралық ақ­парат құралдары өз мәнін жоғалтпақ емес. Заманның, технологияның дамуына бай­ланысты БАҚта дамып отырады. Интернет­тің дәстүрлі ақпарат құралдарынан өзгеше­лігі – олар оқырмандарымен пікірлесе алады, ақпарат таратуда да айтарлықтай жыл­дамдыққа ие. Осы мәселеге қатысты мәлі­меттерді қарап отырсам, қазақтар тілі­нің интернет журналистикадағы үлес сал­ма­ғы 15 пайыздан аспайды екен. Біз сол үлес салмақтың артуын қалаймыз. Сол себепті де блогерлердің Наурыз мереке­сіне орай оңтүстікте басқосуы жақсылық­тың нышаны деп білемін. 

Блогерлер ұлттық құндылыққа келгенде ерлеп тұр

Құрылтайда бізді қуантқан бірнеше оқиға болды. Оның біріншісі шара бары­сында жастар өздері дайындаған «стартап» жобаларын (яғни болашақта ашатын блогтары, сайттары) қорғады. 15-ке жуық жобаның ішінен ұлттық дәстүрлі музыкаға қатысты Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университеті журналистика факул­ь­те­ті студенттерінің еңбегі жеңімпаз атанды (ал­ғашқы орынға ие болған үш жобаға 100 мың теңгеден ақшалай сыйлық беріл­ді). Блогшылардың жаппай ұлттық жобаға дауыс беруі көңілімізді көтерді. Екіншіден, құрылтайдың ресми бөлімі біткен соң, блогерлер Ленгір ауданына қарас­ты Біркөлік деген жердегі «Бәйшешек» лагері­не барып, құрылтайдың бейресми бөлімін жалғастырды. Алғашқы күні блогерлер дәстүрлі «Домбыра-пати» сауық кешін өткізді. Яғни ортаға алаулата жаққан отты айнала отырып, ұлттық дом­бы­рамыздан күй кернеп, ұлттық әндеріміз орындалды. Талантты қыз-жігіттердің кеші ұлттық өнеріміз аламан айтысқа ұласып, нүктесі ән айтыспен қойылды. Екінші күні «блогер-бозбалалар» қыздарға «селтеткі­зер», ал «блогер-бой­жеткендер» арда жігіт­терге «ұйқыашар» салтын орындап, тағы да ерледі. Әрине, осы бір кішкене ғана баста­малардан блогерлердің ұлттық құндылық­қа келгенде ерлеп тұрғанын аңғаруға бо­латын сияқты.

 

Түйін

Шымқалада өткен блогерлердің құрылтайы әркімге әрқандай тың идея­лар қосқаны сөзсіз. Сондықтан да сөз соңында осы бір шараны ұйымдас­тыруға белсене кіріскен Оңтүстік Қазақ­стан облысы әкімдігі қызметкер­ле­ріне алғыс білдіре кеткен жөн секілді. Өйткені әр облыс дәл осындай айтулы шараны жиі өткізіп тұратын болса, жыртығымыз жамалып, жоғы­мыз түгенделер еді. Ендеше, сол жоқты іздеу сіз бен біздің міндетіміз деп бі­лейік.

 

Тақырыпқа орай 

Ақжүрек Таңатаровтың блогерлерге қатысты әзілі «Бәйшешек» лагерінде Лондон Олимпиадасының жүлдегері Ақжүрек Таңатар­ов бастаған бірқатар қазақтың балуандарымен кездестік. Балуандар табиғаты тамаша осы бір демалыс орнында спорттық жаттығуларын өткізіп жатыр екен. Лагерьде болған бір тәулік ішінде блогерлер мен күрескерлер арасында кереметтей достық қарым-қатынас орнады. Біз Ақжүрек Таңатаров­пен әңгімелесіп тұрғанда, қазақтың маңдайына біткен талантты балуаны бір кезде: «Осы блогерлер деген кімдер? Анау агенттің блогына жылтыңдатып ойына келгенін жаза беретіндер ме?» деп бізді ду күлдірді.

 

Құрылтайда айтылған үзік ойлар

Блог баспасөзде айтылмайтын мәселелерді қозғауға қауқарлы болуы керек.

Блог қыз бен жігіттің қойын дәптеріне жазылуы тиіс «күнделік жүргізу» (ешкімге маңызы жоқ, басынан өткен оқиғаны баяндау) стилінен айырыла алғанда ғана биікті бағындыра алады.

Блог ұлттық идеологияның жанайқайын естірте алса ғана блог.

Блог дәстүрлі қазақ руханияты (тіл, дін, тін) тақырыбы үдесінен шығып, оған қазақ саясаты, қазақ экономикасы, қазақ өнеркәсібі деген секілді салаларды қоса алғанда ғана оқырман көбейеді. 

Блог шетелдегі қазақтармен бір атмосферада дамуымызға, руханияты­мыз­дың біте қайнасуына септескені жөн. 

Блог блогшының ғана емес, қазақтың ойы болмағы шарт.

Қазақ блогерлері осы айтылған үделерді бағындыра алды ма?

Жауап сізден болсын!

Автор: Қанат БІРЛІКҰЛЫ

http://alashainasy.kz/culture/41434/

Рубрика: