АЛТЫНОРДА
Новости

ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗІ: дәстүр сабақтастығының дәнекері

Жұмабек Кенжалин,
«Қазақ газеттері» ЖШС-ның Бас директоры – Редакторлар кеңесінің төрағасы

…Күні бүгінге дейін республика ақпарат кеңістігінің жай-жапсарына қатысты үлкенді-кішілі жиындарда, мерзімді басылымдар беттерінде әңгіме өзегіне айналып отырған осынау мәжілісте республикамыздың Мемлекеттік хатшысы ­Марат Тәжин, «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед қазақстандық БАҚ саласындағы толғаулы мәселелер туралы ойларын ортаға салған еді.
«Біз мемлекеттік БАҚ-тардың бә­секеге қабілеттілігін арттыру мәселесін әрқашанда естен шығармауымыз керек, – деп атап көрсетті. М.Тәжин – Мемлекеттік медиа дегеніміздің өзін нарықтық индустрияның құрылуы әрі айырылмас бөлшегі деп қарастырып, оны жүргізуде экономикалық тиім­ділікті басшылыққа алуды саналарға сіңіруді бастаған жөн».
Бұдан туатын қорытынды «Қа­зақстан – 2050» Стратегиясын бас­шылыққа ала отырып жүргізілетін жұмыста алашапқандыққа жол бермеу, ұраншылдықтан ада болу, есесіне қарапайым оқырманның жүрегіне жол табатын, оны ойландырған мәселеге жауап беретін мақалалар ұйымдастыру қажет. БАҚ шын мәнінде миллиондардың сөз алатын мінбері, ой бөлісер сырласу клубы болуы тиіс…

Сәкен Сейфуллин өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары, дәлірек айтсақ, 1922-1925 жылдар арасында Қазақ АКСР-і Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасы болды. Онда ел астанасы Орынбор еді. Осы тұста оның қолымен мемлекет тағдырына қатысты қыруар құжаттардың тұсауы кесіліп, жүзеге асып жатты.
Сол кездері өзінің болмысына біртабан жақын баспасөз, ­руханият, мәдениет, әдебиет мәселелеріне де ол айрықша назар аударып отырды. Мәселен, республика Халкомкеңесінің 1923 жылы 22-тамызда өткен төралқа мәжілісінде «Қызыл Қазақстан» және «Советская Киргизия» журналдарының баспаханалық шығындары үшін қыруар қаржы бөлдіріп, оны Қаржы министрлігінің мүлтіксіз жүзеге асыруын талап еткен.
Төралқаның 1924 жылы 2-қазанда болған мәжілісінде 1924-1925 жылдарғы республика бойынша радио хабарларын таратуға бөлінген қаржыны олқысынып, оған қосымша қазынадан алтынмен шаққандағы 9020 сом 45 тиын бөлдірген.

1926 жылы Қазақ Өлкелік Ко­митетінің баспасөз бөлімінің мең­герушісі әрі «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы болып тұрған кезінде Тұрар Рысқұлов Қызылордадағы баспасөз күніне арналған салтанатты мәжілісте баяндама жасады. Жиылыс қаладағы іскерлік клубында өткен еді. Баяндама кейін «Советская степь» газетінің 17-мамыр күнгі нөмірінде жарияланды.
Баяндамада Қазақстанның мәдени-экономикалық тұралауының бас­ты себебі патшалық Ресейдің ұлт аймақтарын бұғаулап ұстауынан, езіп жаншуынан деп атап көрсетілді. Бұдан соң ол артта қалған халық шаруашылығын қалай өркендетеміз деген сауалға жауап іздеді. Өлкені өркенді іске бастаушының бірі – баспасөз деп білді.
Ол Қазақстан баспасөзінің дәл сол кезеңіндегі тұрпатына талдау жасап, оны ұлт руханиятын дамытудың қайнар көзі деп есептеді. Мұнан соң Т.Рысқұлов соқырға таяқ ұстатқандай етіп, атқа­мінерлердің алдына нақты міндеттер қойды. Газеттердің таралымы, оның тілі, ұлт мәселесін жазудағы міндеттер, қазақ зиялыларының ауытқушылығы, газет сапасы, салалық басылымдардың жай-күйі, т.б. секілді жоталы тақырыптар бір қарағанда күнделікті күйбеңнің қосақарасында айтыла беретін әңгіме сияқты көрінгенімен сол кезеңнің ең өзекті мәселесі деп бағаланды.
Т.Рысқұловтың осынау бағдарлама­лық мақаласы қазақ баспасөзін да­мытуға соны серпін бергені сөзсіз еді. Ашығын айтайық, қоғам, мемлекет қайраткерінің сөзіндегі біз санамалап отырған ой орамдары әлі күнге дейін өзінің актуальдылығын жоя қоймағандығына көз жеткізу қиын емес.
Біз бұл мысалдардан халқымыздың қос перзентінің мемлекеттік қыз­метте жүріп, қазақ баспасөзіне, ұлт руханиятының алтын діңгегі болып саналатын газет-журнал ісіне қаншалықты назар аударып, жана­шырлық танытқанын байқаймыз. Сәкен мен Тұрар дәстүрі одан соң жалғасын таппады десек, күпірлік болар. Темірбек Жүргенов пен Ілияс Омаровтың, бертін Өзбекәлі Жәнібековтың сан-сапырылыс мемлекеттік қызмет ортасында жүріп, баспасөз шаруасына келгенде өзге дүниенің бәрін жиыстырып қойып, журналистер жағдайымен білек сыбана айналысқаны ойлы оқырман жадында.
Дегенмен, қазақ баспасөзі тарихында оның тағдыры қақпақылға түскен шағы да аз болған жоқ. Кеңестік моноидеология тұсында қазақ басылымдары орыс газеттерінің аудармасы деңгейінде шықса да жарап жатыр деген пиғыл болған. Жұмабек Тәшенов секілді біртуар азаматтар басын бәйгеге тіге отырып, осы жойқын шабуылға тойтарыс бергені де ақиқат.
Қысқасы, жоғарыда біз есім­дерін ауызға алған тұлғалардың табандылығы, осы тұрпаттас әріптес аға ұрпақ өкілдерінің қазақ журналис­тикасын дамытудағы еңбегі әрдайым әспеттеуге, ардақтауға лайық!
Осы дәстүрдің Қазақ Елінің жаңа дәуірі басталған шақта да жалғасын тауып келе жатқаны рас. Демек, ағалар дәстүріне адалдық – қазақ баспасөзінің бүгінгі қайраткерлерінің бойтұмарындай болғандай қасиет деп білеміз. Әрине, ізденіс үрдісінде тақтайдай жолдың болмасы тағы бар. Бір сүрінесің, еңсеңді көтеріп қайта ұмтыласың. О да табиғи заңдылық.
Ұлт руханиятына қызмет етуге келгенде тарихи кезеңдердің тағдырлы шешімдеріне төрелік айтар тұста, бүгінгімізді байыптап, ертеңімізді електен өткізер сәтте қазақ журналистикасы лайым биіктен көрінді. Қысқасы, ұлт намысына қатысты қай-қай мәселеде де қазақ баспасөзі бұғып қалған жағдайы жоқ. Осы өлшеммен қарағанда, ұлттық ақпарат құралдарына ешкімнің өкпе-назы болмас деп ойлаймыз. Әсіресе ол қоғамдық санаға сілкініс әкелген демократиялық дүмпу кезеңдерінде, жариялылық мінбері сартап идеологияның пердесін сыпырған жылдарында шын мәнінде қалың бұқараның үнжариясына айналды.
Ал тұтастай алғанда, Қазақстан өзінің Тәуелсіздігін жариялағаннан бергі жиырма жылдан аса уақыт ішінде де ел ақпарат құралдарының тағдыр-талайына байланысты сан түрлі шешімдер қабылданып, оның өркендей беруіне тиісті жағдайлар жасалды. Рас, санаға сілкініс әкелген демократиялық дүмпу ұлт бұқаралық ақпарат құралдары саласына да өз ықпалын тигізді. Меншік формасының өзгеруі тәуелсіз басылымдардың тұсауын кесті. Нарықтық қатынастың талабына ілескендері көшін түзеді, ал енді біреулері бір-екі нөмірден соң жабылып жатты. Кейін бұл үйреншікті құбылысқа айналды.
Ал бірақ осы жылдары қазақ баспасөзі өзінің тарихи миссиясын толықтай атқара білді деп есептейміз.
Дүние – дүрмек. Ол бір орында шегенделіп қалмайды. Олай болса, жеткен жетістігіміз осынау екен деп, болдым-толдыммен уақыт өткізу жарас­пас шаруа. Кешегі бүгінгіге өлшем бола алмасы тағы анық.
Сондықтан бүгінгі талап тұр­ғы­сында не істелмек, жеткен жетіс­тігімізге тоқмейілсіп отыра береміз бе, әлде басқаша қайран қыламыз ба деген сауал әр қаламгердің көкейінде жүргені анық. Әңгіме осы тұрғыдан өрбігенде үстіміздегі жылы ақпан айында билік өкілдері және республикалық бұқаралық ақпарат басшыларының қатысуымен өткен мәслихаттан түйер ой көп болды деп айтуға болады.
Күні бүгінге дейін республика ақпарат кеңістігінің жай-жапсарына қатысты үлкенді-кішілі жиындарда, мерзімді басылымдар беттерінде әңгіме өзегіне айналып отырған осынау мәжілісте республикамыздың Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжин, «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед қазақстандық БАҚ саласындағы толғаулы мәселелер туралы ойларын ортаға салған еді.
«Біз мемлекеттік БАҚ-тардың бә­секеге қабілеттілігін арттыру мәселесін әрқашанда естен шығармауымыз керек, – деп атап көрсетті. М.Тәжин – Мемлекеттік медиа дегеніміздің өзін нарықтық индустрияның құрылуы әрі айырылмас бөлшегі деп қарастырып, оны жүргізуде экономикалық тиім­ділікті басшылыққа алуды саналарға сіңіруді бастаған жөн».
Бұдан туатын қорытынды «Қа­зақстан – 2050» Стратегиясын бас­шылыққа ала отырып жүргізілетін жұмыста алашапқандыққа жол бермеу, ұраншылдықтан ада болу, есесіне қарапайым оқырманның жүрегіне жол табатын, оны ойландырған мәселеге жауап беретін мақалалар ұйымдастыру қажет. БАҚ шын мәнінде миллиондардың сөз алатын мінбері, ой бөлісер сырласу клубы болуы тиіс. Әсіре белсенділік Стратегияның мәні мен мағынасын ашып көрсетудің орнына қарапайым оқырманның кері реакциясын туғызуы мүмкін.
Осы ыңғайдағы пікірлер қазіргі заманғы журналистиканың аяқ алысы төңірегіндегі жиын-мәслихаттарда, тіпті редакциялардың өндірістік лездемелерінде айтыла бастағаны қуанышты. Себебі өз проблемамызды өзіміз ортаға салып, оның шешімін бірлесе іздестіргеніміз дұрыс, әрине.
Осындай бір келелі кеңес «Аманат» интеллектуалды пікірсайыс клубының кезекті отырысында өтіп, онда нақты мәселелер әңгіме өзегіне айналды. Әмбебап журналистикадан бас тартып, салалық журналистикаға көшу керек пе? Қазақстанда шетел бұқаралық ақпарат құралдарының екпіні неліктен күн сайын күшейіп барады? Аймақтық журналистиканың қордаланған мәселелерін қалай шешеміз? Қарап отырсақ, осынау сауалдар тізбегінің қай-қайсысы да оқырман қауымның санасына ой салар мәселелер. Бұдан туатын қорытынды БАҚ өкілдері өз жұмысына сыни көзбен қарап, уақытпен үндес болудың сантарап жолын өздері іздестіре бастағаны қуантады.
Әрине, шығармашылық шабытты оятатын да, қаламгерді тың тақырыптар мен идеяларға ұмтылуға итермелейтін де оның әлеуметтік-қаржылық мұқта­жының уақытылы шешіліп отыруына байланысты. Осы тұста мына бір мә­селеге назар аударғанды жөн көріп отырмыз.
Кез келген БАҚ-тың бойына қан жүгіртер өзекті мәселенің бірі мем­лекеттік ақпараттық тапсырысқа байланысты шешімдер. Осы ыңғайда нақты пікірін айтқан Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің бас­тамасы бүтіндей сала қызметкерлері тарапынан қолдау тапқанын атап өткеніміз жөн. Ол БАҚ-қа берілетін тапсырыс­ты қаржыландырудың жаңа тарифі енгізілетіндігін мәлімдеді. Бұл шаралар тиісті заңнамалық құжаттар негізінде жүргізілмек.
Осының бәрі отандық БАҚ-ты жаңғырту мәселелерімен орайлас жүзеге аспақ. Бұл ретте еліміздің ақпараттық кеңістігінен өзіндік орнын айқындаған «Қазақ газеттері» ЖШС-ын­­да атқарылып жатқан жұмыстар төңірегінде, белгіленген межелер туралы оқырмандарымызды құлағдар етудің орайы келіп тұр.
Уақыт талабына сай тұтынушыларға – оқырман қауымға сапалы да мәнді-мағыналы өнім жеткізу Серіктестіктің басты міндеті болып табылады. Осы тұрғыдан келгенде мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай жиыр­ма қадам» мақаласы редакциялар ұжымының іс-қимылына жаңа серпін бергені сөзсіз. Мақаладағы 18-тапсырмада айтылған отандық БАҚ-тарды жаңғырту бағдарламасына сәйкес Серіктестікке қарасты газеттер мен журналдар 2013-2016 жылдар аралығында жаңа сапалық дәрежеге шығуды жоспарлап отыр.
Кәсіпорынды модернизациялау жос­пары бойынша барлық негізгі құрал-жабдықтар толық жаңартылады;
Қазіргі заманғы ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, ақ­паратты жеделдете жеткізудің жаңа заманауи дәрежесіне көтерілу көзделеді;
Серіктестіктің журналдарды, басқа да өнімдерді басып шығару үшін мини-баспаханасын құру қолға алынбақ;
Баспа өнімдерінің электронды нұсқасын жетілдіре отырып, Қазақстан аумағында ғана емес, жаһандық ақпараттық кеңістікке жету жөніндегі жұмыстар жүргізіледі;
ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗІ: дәстүр сабақтастығының дәнекері«Қазақ газеттері» ЖШС-на қа­расты басылымдарда жарияланған материалдардың қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде таралуы, араб және латын қаріптеріне көшірілуі жүзеге асырыла бастайды; Ол медиа-холдинг жанынан құрылған Web-сайт қызметі арқылы орындалады.
Еліміз бойынша «Қазақ газеттері» ЖШС-ның: Шығыста – Өскеменде, Батыста – Ақтөбеде, Оңтүстікте – Шымкентте, Орталық және солтүстік облыстарда – Астана қалаларында төрт аймақтық өкілдіктері ашылады.
ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗІ: дәстүр сабақтастығының дәнекеріСеріктестікке қарасты әрбір басылымның мазмұнды да сапалы шығуы, оның өнім өтімділігін жетілдіру мәселесі күнбе-күнгі назарымызда. Осы тұрғыдан келгенде, олардың менеджменті мен маркетингін бүгінгі уақыт талабына сай құру ұдайы ізденісті қажет ететіні сөзсіз.
Әрбір газет пен журналдың нөмір сайынғы жоспарлануынан бас­тап, оның оқырман қолына жеткенге дейінгі аралықтағы циклы бір сәтте қаперден қалмауы қажет. Осының бәрін үйлестіріп отыратын Серіктестік жанынан қоғамдық негізде Бас редакторлар кеңесі құрылды. Кеңес өзінің әрбір мәжілісінде Серіктестік өміріндегі ең өзекті мәселелерге назар аударып, оның шешімін табуына мүдделілік танытады. Сондықтан болуы керек Бас редакторлар кеңесінің ұйғарымымен әрбір басылымның оның маркетингіне әсер ететін жеке жобалар жүзеге аса бастады. Айталық, «Ана тілі» газетінің «Ана тілінің аруы», «Жігіттің сұлтаны», «Экономика» газетінің Банк академиясымен бірлескен «Капитал-Қаражат», «Үркер» журналының «Үркер-Үміт», «Ақиқат» журналының «Келелі кеңес», «Мысль» журналының «Еркін мінбер» деп аталатын дөңгелек үстел басындағы сұхбаттар жобалары, «Уйғур авази» газетінің «Көшпелі редакция мінбері» жобалары қазірдің өзінде газет жанашырларының көзайымына айналып қалды.
Газеттер мен журналдардың атау­лы күндеріне байланысты ұйымдас­тырылған басқосулар зия­лы қауым назарын аудартып келе жатқаны сөзсіз. Айталық, «Ақиқат» және «Мысль» журналдарының да 90 жылдығына байланысты өткізілген халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар Серіктестіктің қоғамдық-мәдени өмірінде үлкен серпіліс тудырғаны белгілі. Осы конференциялардың не­гізінде арнайы жинақ шығып, ол еліміздің бірқатар ЖОО-на, кітап­ханаларға таратылды.
ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗІ: дәстүр сабақтастығының дәнекеріСалауатты өмір салты – шығарма­шы­лық шабыт кепілі. Осы тұрғыдан келгенде Серіктестікке қарасты еңбек ұжымдарының мүшелері бұқаралық спорт мәселесін өздерінің мерзімдік басылымдарында жазып қана қоймай, оның кең етек алуы үшін өздері де белсенділік танытып келеді. Соның бір айқын дәлелі дәстүрлі С.Бердіқұлов атындағы футбол турнирінде «Қазақ газеттері» ЖШС-ның командасы жүлделі бас бәйгені жеңіп алды. «Ақиқат» журналының редакциясы шахматтан журналистер арасында өтетін біріншіліктің ұйытқысы болғалы отыр. «Уйғур авази» газеті мен «Ана тілі» газетінің волейболшылары әрдайым түрлі деңгейдегі жарыстардың жүлдесінен үміткер.
Мұның бәрі біз жеткен жетістіктер. Оны ешкім тартып ала алмайды. Қазіргі талап: бүгіннен де ертеңгі еңбек өнімді болуы тиіс. Олай болса, жұмыстың мәнділігі тұрмыстың сәнді болуына тікелей байланысты екені түсінікті.
Солардың негізгілеріне тоқтала кетсем деймін. Біз мақаламыздың басында, мәселен, Тұрар Рысқұловтың баспасөз мәселесіне арналған мақаласына сілтеме жасап, ең түйінді шаруаның бірі ел ішінде газет-журнал тарату ісіне айрықша назар аударғанына тоқталған едік. Осы «жыр» содан бері ғасырға жуық уақыт өтсе де, әлі күн тәртібінен түспей келеді.
Соның нақты мысалы мемлекет, қоғам қайраткері, Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов Парламент мәжілісінде қазақ басылымдарының бөлшек саудада шетқақпай көріп отырғанын ашық айтып, үкіметке сауал жолдады. Депутат мәселені дұрыс көтеріп отыр. Осы шетін шаруа қазақтілді БАҚ басшылары арасында айтыла-айтыла әбден жауыр болған мәселе. «ҚазПресс» пен «Қазпошта» секілді алпауыттардың маңына жолай алмай жүрген қазақ басылымдарының ендігі сағалап отырғаны Астанадағы «Алты Алаш» дүңгіршектері еді.
Амал қанша, «Алты Алашқа» бәсекелестер енді оны қысымға алып жатқан жағдайы бар. Осыған араша түсіп, қазақ басылымдары қаншама өтініш хат жазды, мақала жариялады, бірақ «Алты Алаштың» басынан бұлт сейілген жоқ. Бірде электриктер, бірде салық органдары, бірде санэпидстанция, т.б. толып жатқан тексерушілер дүңгіршекке жұмыс істетпей әлек. Ал дүңгіршектер иесі Мейрамгүл Рахымбаеваның әділдік іздеп ашпаған есігі жоқ. Енді осы арпалыстың қай уақытқа дейін созылары беймәлім…
Міне, осының бәрі өз өнімін өткізе алмай жүрген журналистің жүйкесіне тимейді деп кім айтады?
Қазіргі таңда қызметкерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету де елеулі мәселеге айналуда. Әсіресе осының салқыны мерзімдік басылымдар редакцияларын жас кадрлармен қамтамасыз етуге әсер етіп отыр. Жаңадан оқу бітірген жас журналистердің қаламы ұшқыр, кәсіби біліктілігі жоғары болуы көбіне-көп оның әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына тікелей қатысты екені сөзсіз. Осы мәселе төңірегінде тиісті құзырлы мекемелерге қаншама рет қатынас қағаз жазып, өтініштің оң шешімін табуына күш салғанымызбен, оның бәрі нәтижесіз қалып келеді.
Сондықтан мемлекет тарапынан дәрігерлер мен мұғалімдерге тұрғын үй мәселесіне байланысты жасалып жатқан қамқорлық журналистер қауымына да шарапатын тигізсе деп ойлаймыз. Мұны бір шешудің жолы – тиісті заңнамалық құжаттарға өзгерістер енгізіп, бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің әлеуметтік-тұрмыстық мәселеге қатысты мәртебесін айқындау.
Отандық БАҚ-ты жаңғырту, оның тиімділігін арттыру төңірегіндегі мәселелер шоғырында осындай бір өзекті шаруалар да шешімін тапса дейміз.
Ел мұраты жолындағы қат-қабат жұмыстың ең алдыңғы шебінде жүретін журналистің мұқтажы кейде жартыкеш шешіліп, ал кейде мүлде ұмыт қалып жататыны өкінішті. Сондықтан отандық БАҚ-ты жаңғырту мәселесі көтерілгенде ең алдымен сол мәселені жүзеге асыруға тұтқа болатын Журналист тұлғасының тағдыры бірінші кезекте тұруы тиіс. Өйтпейінше, кадр дайындау мен оның біліктілігін арттыру, білімін жетілдіру деген секілді шаруалардың жуық арада шешімін таба қоюы түйінді болып қала бермек.

http://anatili.kz/?p=12752