Sorry, this entry is only available in Kazakh. For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Астана. 19 ақпан. Baq.kz-Қарағанды облысы – аяғынан нық тұрған, ең ауқымды және қазба байлық, мәдениет, экономика жағынан өркендеген бай-қуатты облыс. Алайда, облыста Ұлттық спорт нашар дамыған. Олимпиадалық ойындарға өте көп мән беріледі де, өз халқымыздың төл спортына: ат спорты түрлері, көкпар, теңге ілу, аударыспақ, жекпе-жек, тоғызқұмалақ т.б. көңіл аз бөлінеді. Облыстың көкпар командасы чемпионаттарда ең соңғы орындарда жүреді, атшабар (ипподром) жоқ. Спорт басқармасын басқаруға тағайындалған өзге ұлттың өкілі ұлттық спортты түсіне қояр ма екен?

Осы жайттарды қозғаған Альберт Мұрсәлімов атты ұлтжанды азамат шетелдіктер бізді табиғи байлығы көп мемлекет қана емес, сонымен бірге ғажайып ұлттық спорты бар ел деп тануы керек қой? Қарағандының қақ орасынан көкпар алаңын (футбол алаңынан кем қылмай) салып, көкпарды халықтың басын қосатын, сүйіп көретін спортына айналдырсақ, біздің қолымды кім қағар еді? Асанбаевты Шымкетте жұрт аузынан тастамайды, Сіз де артыңыздан сондай өшпес үлгі қалдырсаңыз депті ол облыс әкімінің блогына жазған хатында.
Азаматтың айтып тұрғаны біздің де ойымыздан шығады. Мұның тіпті қарапайым талай адамның көңілінде жүрген тілек екені де сөзсіз.
Әкімнің Әлекеңе берген жауабында Қарағанды қаласында ұлттық ат спорты түрлері бойынша облыстық балалар және жасөспірімдердің «Қайрат» спорт мектебі жұмыс істейтіні айтылған. Сондай-ақ облыста қазақ күресінен, тоғызқұмалақтан спорттық шаралар жиі ұйымдастырылып тұрады. Мектептің ішкі күнтізбелік жоспарына сәйкес мұнда жылына 12 спорттық шара ұйымдастырылып, оның 8-і Қарағанды қаласында өтеді. Жарыстар ұлттық спорттың көкпар, аударыспақ, қыз қуу, бәйге, аламан бәйге, құнан бәйге, жорға бәйге, тай жарыс, тоғызқұмалақ түрлері бойынша жүргізіледі екен. Ресми дерекке сенсек, былтыр Қарағанды облысында спорттық-бұқаралық күнтізбелік жоспарына сәйкес 235-ке жуық спорт түрлері бойынша жарыстар өткізіліпті.
«Қазіргі кезде Қарағанды қаласында ипподром салу жоспарланған. Осы бағытта арнайы жұмыстар жүргізілуде (қажетті құжаттар рәсімделуде)»,– дейді облыс әкімі.
Осыған қарағанда үстіміздегі жылы Қарағанды қаласында жаңа ұлттық спорт кешенінің құрылысы басталып кететін күн де алыс емес сияқты. Тек, облыстың бұрынғы әкімі Әбілғазы Құсайынов жоспарлаған істі жаңа әкім Бауыржан Әбдішев аяқсыз қалдырмаса екен деп тілейік.
Дәулетқали Асауов
http://baq.kz/news/23528

Рубрика: