Sorry, this entry is only available in Kazakh. For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

1dab07355fc83cb4d3a7ffbc329a0787«Барлық дамыған елдер баламалы және «жасыл» энергетикалық технологияларға инвестицияны ұлғайтуда. 2050 жылға қарай алғанның өзінде оларды қолдану барлық тұтынылатын энергияның 50 %-на дейін өндіруге мүмкіндік береді.

Көмірсутегі экономикасының дәуірі бірте-бірте аяқталып келе жатқаны анық. Адамзаттың өмір тіршілігі тек бір ғана мұнай мен газға емес, энергияның жаңғыртылатын көздеріне негізделетін жаңа дәуір келе жатыр» (Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауынан).

 

Шығыс Қазақстан облысындағы Тайынты ауылында және Жаңғызтөбе ауылына жақын жерде  жел электр стансасы салынатын болды. Жергілікті билік өкілдерінің айтуына қарағанда, бұл екі станса  қоршаған ортаға ешқандай зиян келтірмей-ақ, жеткілікті мөлшерде электр қуатын өндіретін болады.

 

Соның Тайынтыдағы Ұмыш асуында салынатын біріншісінің қуаты 24 мегаватт болады деп жоспарланған. Жобаны жүзеге асыру тек қана  шенділердің қаржыландыру бойынша бір-екі мәселені шешпегендігінен іркіліп тұр.

 

–  Қазірше біз әлеуетті ықтимал инвесторлармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Сондай-ақ, Жарма ауданындағы Жаңғызтөбе аулына жақын жерде салынатын жел электр стансасының жобасы әзірленуде. Оның жобалық қуаты 51 мегаватт болады. Тек бір ғана жобаның болжалды бюджеті 52-56 миллион АҚШ доллары мөлшерінде, – дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Айтқазы Шерубаев. Оның айтуынша, бұл нысандарды ұстап тұру үшін күн өткен сайын құны қымбаттап бара жатқан отын қажет емес. Қуат өндіретін стансалардың құрылымы түгелдей «жасыл» және экологиялық тұрғыдан қауіпсіз. Оның үстіне жел қуатын пайдалану арқылы өндірілетін энергия жаңғыртылмайтын қуат көздерімен табысты бәсекелес бола алады.

 

Осы ойдың нақты дәлелі шығар, өткен апта соңында Мемлекеттік комиссия ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесінің жаңа логотипін бекітті. Премьер-министр Серік Ахметовтың төрағалығымен өткен комиссия отырысында «Жел энергиясы» логотипі  төрт жылдан кейін Астанада өтетін халықаралық мамандандырылған көрменің жаңа фирмалық белгісі ретінде қабылданды.

 

Жалпы, Қазақстан үкіметі Елбасы тапсырмаларына орай, жаңғыртылатын қуат көздерін дамытуға ерекше ден қоя бастады.  Біріккен ұлттар ұйымы даму бағдарламасының жел энергетикасын дамыту жобасының менеджері Айнұр Соспанованың айтуынша, 2015 жылы елімізде әрқайсысы 50 мегаватт қуат өндіруге қабілетті  жел энергиясын өндіретін 5 орталық іске қосылады. Маманның мәлімдеуіне қарағанда, 2015 жылы ел көлемінде өндірілетін барлық энергияның 1 пайызы қайта жаңғыртылатын қуат көздерінен алынатын болады. Ал 2030 жылға қарай ол 4 пайызға жетеді деген болжам бар.

 

–  Бүгінде 15 жел алаңы зерттеліп қойған. Қазақстан Орталық Азияда парниктік газдардың қалдықтары бойынша алдыңғы орында. Киота хаттамасына қол қойып, ауаны ластауды азайту міндеттемесін алған еліміз үшін баламалы энергетика көздерін дамыту аса қажет. Қазір жобаны жүзеге асырғысы келетін инвесторлар тізімі түзілді. Мемлекет ел заңнамасына сәйкес, баламалы қуат көздері шығаратын энергияны сатып алуға және қолданыстағы желілерге қосуға кепілдік береді. Ендігі сөз – инвесторларда. Олар өз шығындарын ақтайтындарына сенімді болуы керек. Мемлекет тарапынан барлық тиісті жағдай жасалып, базалық мүмкіндіктер қаралған, – дейді Айнұр Соспанова.

 

–  Ғалымдар Қазақстанда жел энергетикасын дамытудың мол мүмкіндіктері бар екенін біраздан бері айтып келеді. Әсіресе,  Еуразия мегабассейніндегі ауа массасының орасан зор көлемі ауысатын -Орталық Азиядағы «жел полюсі» деп аталатын Жетісу қақпасындағы желдің қуаты мол.  Бұл қақпа екі таудың ені 10-12 шақырым, ұзындығы 80 шақырым болатын ең тар жерінде орналасқан табиғи «аэродинамикалық құбыр» іспетті. Ол Қазақстанның Балқаш–Алакөл ойпатын Қытайдың Ебінұр ойпатымен жалғастырады. Осы тұста соғатын желдің ерекшеліктерін зерттеу  оның электр энергиясын өндіруге өте тиімді екенін көрсетеді. Мұндағы желдің орташа жылдамдығы – секундына 6,8 – 7,8 метр. Ал жел электр стансалары жылдамдық секундына 4-5 метрге жетуден энергия бере бастайды. Желдің бағыт өзгертуі өте сирек болғандықтан, осы тұсқа турбиналы ротор типті жел қондырғысын орнату тиімді. Желдің болжалды жалпы жылдық қуаты 5000 мегаваттан немесе 5 миллион киловаттан асады.

 

Бұл – өте зор және экологиялық таза энергия көзі! Оның үстіне, тек бір аймақта ғана соғатын желдің әлеуеті. Ал жоғарыда ел көлемінде ондай 15 жел аймағы зерттелгені айтылды. Демек, «қалауын тапса қар жанады» демекші, инновацияны ұтырын тауып, ұтымды пайдалана білсек, қазақтың бұрынғы түсінігіндегі «қаңбақты қуған жел» ел қуатын еселейтін үлкен энергия көзіне, ал Қазақстан әрі таза, әрі арзан мол энергия өндіретін технологиясы дамыған озат елдің дәл өзіне айналады.

 

Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ

 

http://www.aikyn.kz/articles/view/27098

Рубрика: