Sorry, this entry is only available in Kazakh. For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

1-суретте: Екінші дүниежүзілік соғыста ерлікпен қаза тапқан батыр қазақ Мұстафа Дүйсенғалиев

2-суретте: Мұстафа Дүйсенғалиев, Құрманғазы Мұстафин, Қанат Мұстафин (әке-бала-немере)

Мен атамды көрген жоқпын, тек уақыт табынан сарғайған суретiнен ғана бiлем. Кеңестер елiнiң, оның iшiнде Қазақ елiнiң де, тағдыры қыл үстiнде тұрған сол бiр сұрапылда мыңдаған боздақпен бiрге Мұстафа атам да майданға аттанған. Содан қайтып оралмаған. Елiмiздiң бостандығы үшiн, мына бiздiң бақытты өмiрiмiз үшiн жан пида қылған еді. Великий Новгород аймағын фашист басқыншыларынан азат ету жолындағы қанды қырғын шайқаста 1944 жылғы 11-шi ақпанда ерлiкпен қаза тапқан-ды. Отыз екі жаста ғана болатын…

 

Иә, одан берi де алпыс жылдан астам уақыт өттi.

Қазiр бiз төрт құбыламыз түгел, дүниенiң төрт бұрышына тегiс танымал тәуелсiз мемлекет атанып отырмыз. Туған елiмiз бүгiнде өзiнiң шетсiз-шексiз кең байтақ жерiмен, мыңғырған малы, қазба байлықтарымен, ғарышқа самғаған космос кемелерiмен ғана емес, сонымен бiрге өнегелi, өнерлi, бiлiмдi, парасатты, еңбекқор ұл-қыздарымен де мақтана алады.

Бүгiнгi ұрпақ – шынымен де ең бақытты ұрпақ. Кез-келген шетелдiк құрбы-құрдасымен терезесi тең ұрпақ. Кез-келген салада бiлiм алуға, кез-келген мамандықты игеруге, кез-келген арман-мақсатын iске асыруға мүмкiндiк алған ұрпақ. Осы бақытқа жетуiмiзге менің атам да қан майдандағы ерлiгi арқылы өз үлесiн қосып кеттi.

2006 жылғы 4-шi шiлде күнi, атаның Ресейдiң Новгород облысы, Батецкий ауданы, Уномерь деревнясындағы қабiрiне туған жердiң бiр уыс топырағын салу үшiн, Алматы қаласынан әкем Құрманғазы екеуiмiз “Нива” автокөлiгiмен жолға шықтық. Алматыдан Орал қаласына дейiн машинамен барып, машинаны сонда қалдырып, әрi қарай пойызбен кеттік.

Жолда көп нәрсенi көрдiк, көптеген адаммен дидарластық, ел-жұртымыздың бүгiнгi тiршiлiк-тынысымен таныстық. Жаңадан салынып жатқан үйлердiң көптiгi таңырқатты, егiн жинап жатқан диқандар еңбегi қуантты, өрiсте жыпырлай жайылған мал қарамының молдығы сүйсiндiрдi – мұның бәрiн елiмiздiң еңсе көтерiп, жұртымыздың жағдайы жақсара бастағанының нышаны деп бiлдiк.

Тараз, Шымкент, Түркiстан, Қызылорда қалаларын араладық, тарихи ескерткiштермен таныстық.

Арал қаласына жеткенше жол жақсы болды. Аралдан Ақтөбе облысының Қарабұтақ ауылына дейiнгi төрт жүз шақырымдай аралық өте жайсыз екен, сағатына жиырма-отыз шақырымнан аса алмайсың – ойқы-шойқы шоқалақ. Сондықтан трассадан шығып, «камаздар» доңғалағы терең етiп қазып тастаған қара жолмен жүруiмiзге тура келдi. Нөсер жаңбыр салдарынан батпаққа айналған жол танабына көлiгiмiз батып қалып, әрең шығарып алған кезiмiз де болды.  Сөйтiп, алтыншы күнi Орал облысына, атамның туып-өскен топырағына жеттiк. Қаратөбе ауданының Егiндiкөл ауылында болдық.

Бұл өңір – атамның еңбек етiп, өмiр кешкен жері. Соғысқа аттанғанға дейiн атам – Мұстафа Дүйсенғалиев осы аудандағы «Қаратөбе» совхозында партия ұйымының хатшысы болып жұмыс iстеген едi.

Шiлденiң 13-i күнi Мәскеу қаласына келiп жеттiк. КСРО астанасы ретiнде оны бұрын барша кеңес халқы құрмет тұтқаны белгiлi ғой. Оның аңызға айналған Қызыл алаңы мен Кремлін, соборлары мен басқа да зәулiм ғимараттарын тамашаладық.

Мәскеуден пойызға мініп, ертеңiне Великий Новгород қаласынан түстік. Волхов өзенiнiң бойында орналасқан бұл қала орыстың ежелгi елдi мекендерiнiң бiрiнен саналады. Оның да өз Кремлi бар екен.

Новгородтан автобусқа отырып, қаладан 80 шақырым жердегi Новое Овсино селосына барып жеттiк. Село әкiмi Владимир Юрьевич Полушкинмен Алматыдан шығар алдында әкем бiр-екi рет сөйлесiп, қандай мақсатпен бара жатқанымызды айтқан едi. Ол кiсi: “Келiңiздер, әкеңiздiң жатқан жерi – Уномерь деревнясы, машинамен алып барам”, деген екен. Атама қатысты деректердi әкем ұзақ жылдар бойы iздеп, Подольскiдегi “Солдаттар мен сержанттар архивы” мен әскери комиссариаттардан сұрастырып, мәлiметтердiң анық-қанығына екi-үш жыл бұрын ғана толық көз жеткiзген едi.

Владимир Юрьевич бiздi көп күттiрмей, “УАЗ” машинасына отырғызып алды да, жолға шықты. Әуелі бізді қырғын шайқаста атам қаза тапқан Перёдки селосының орнына алып барды. (Сол маңайдың Виктор деген байырғы тұрғыны бiзге жол көрсеткен едi. Әкем кейін оған да, Владимир Юрьевичке де Мәскеуден шыққан “Жалғыз атты жолаушы” дейтiн кiтабына қолтаңба жазып бердi).

Сау-тамтығы қалмай күйреген Перёдки селосының жұртын тал-тоғай басып кетiптi. Бұл арада болған жан берiс, жан алыс қанды қырғынның айғағы секiлдi боп танкiге қарсы орнатылған бетон арандар Луга өзенiнiң жағасында әлi күнге дейiн андағайлап тұр.

Атам жатқан бауырластар қабiрi сол Перёдки селосынан төрт-бес шақырымдай жердегi Уномерь деревнясының маңында, ну орманның iргесiнде екен. Бұл жерде 395 боздақ мәңгiлiк тыныс тауыпты.

Атамның да аты-жөнi ескерткiш тақтаға қашап жазылыпты.

Туған жерден орамалға түйіп әкелген бір-бір уыс топырақты атамның қабiрiне салып, бас иiп тағзым еттiк.

«Топырағың торқа болғай, ардақты ата!.. Мен сенiң рухыңа тағзым етуге келiп тұрмын», дедім іштей күбірлеп…

Abai.kz

Рубрика: