АЛТЫНОРДА
Новости

ҚАЛТАЛЫ СӘБИЛЕР МЕН АУҚАТТЫ ЗЕЙНЕТКЕРЛЕРДІҢ ТАБЫС САЛЫҒЫ ҚАНДАЙ ЖОЛМЕН ТІРКЕЛГЕНІ ДҰРЫС?

images (50)Қалталы сәбилер мен ауқатты зейнеткерлердің табыс салығы қандай жолмен тіркелгені дұрыс? 

Дос КӨШІМ, саясаттанушы: 

– Меніңше, бұл ұсыныстың жетілдіретін тұстары өте көп. Тұрмысымыз түзелді. Қазір перзентінің атына құны 5 мың АҚШ долларынан асатын жылжымайтын мүлікті тіркету немесе жеке есепшотына салуға кез келген ата-ананың шамасы жетеді. Одан бөлек тапқанын бала-ша­ғасының игілігіне, болашағына жұмсау – біздің ата салтымыз. Дүниежүзінің дамушы, дамыған мемлекеттерін алып қарастыратын болсақ, салықтан босатылатын, салықтық жеңілдіктер жасалатын салалар бары рас. Осыған сәйкес салық жүйесі әр кез реттеліп отырады. Мысалы, көптеген мемлекетте ғылым саласына немесе балалардың болашағына деп бөлінген қаражатты пайдалануда қосымша құн салығы алынбайды. Тіпті кейбір елдерде балалардың атына салынған есепшоттарға немесе депозиттерге көтерме сыйақылары заң шеңберінде белгіленген. Ал бізде ондайға қарап жатқан ешкім жоқ. Қосымша құн салығы жалпыға бірыңғай белгіленген, демек бірыңғай төлейсің, болды! Қалай деген-мен де Қазақстан – жас мемлекет. Табыс салығы алдын ала төленген жылжымайтын мүлік, көлік немесе жеке есепшотындағы әке-шешесі салып қойған болмашы қаржысы үшін кәмелет жасына жетпеген бала немесе зейнеткер не үшін салық салуы тиіс? Ал біздің елімізде қосарланған салықтың кез келген түріне заңмен тыйым салынады. Бізде салық саясатын жетілдіру енді ғана қолға алынды. Табыс көзінің қай жақтан келіп, қай жаққа кетіп жатқандығын анықтайтын құзырлы орындар жеткілікті. Сондықтан салық саясатында айқындылыққа қол жеткізе алсақ, кез келген шендінің табысы қай жақтан келіп жатқандығы тайға таңба басқандай белгілі болып шыға келеді. Сондықтан қалталы сәбилер мен ауқатты зейнеткерлердің табыс салығын тіркеуге дейін атқарылатын жұмыстар жетеді.

 

Досым СӘТПАЕВ, саясаттанушы: 
– Қалталы сәбилер мен ауқатты зейнеткерлердің табыс салығы туралы әңгіме әлі ұсыныстар мен талқы­лаулар деңгейінде жүріп жа­тыр. Бізге оларға салынатын салықты қандай жолмен тіркеу туралы бас қатырудың керегі жоқ. Зейнетақысы
50-70 мың теңге көлеміндегі зейнеткер құны 400 000 АҚШ долларынан асатын қымбат көлікке қандай табыс жолы арқылы жеткенін, кәмелет жасына жетпеген жас балалар есепшоттарындағы қаржының қандай жолмен келгенін заң орындары алдында дәлелдей алса болғаны. Бізде, өкінішке қарай ондай деректер өте көп. Заңсыз табысын, бизнесін жасы келген туған-туысқандары немесе әйелінің атына тіркеп қойғандар жетеді. Тіпті жақында республикалық маңызы бар қала әкімі журналистер алдында «жеке- меншік үйім жоқ, әйелімнің атына тіркелген пәтерде тұрамын» деген пікірі жас баланың да күлкісін ша­қырды. Мұндай деректер бізде өте көп. Мен осыларға жас қалталылар заңсыз табысын балалар мен зейнеткерлердің атына аударуды әдетке айнал­дырды ма деп ойлаймын. Сондықтан әрбір азаматқа табысы мен байлығын жариялауды міндеттеудің кезі келді. Оны қандай жолмен тіркеу – содан кейінгі мәселе.

 

Оралбай ӘБДІКӘРІМОВ, «Нұр Отан» партиясы жанындағы Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары: 
– ІРО бағдарламасының 1 кезеңінің қоры­тындысы бойынша біздің елімізде де мульти-миллионерлер пайда болды. Олар табысын ха­лықтық акция арқылы мемлекет алдында заңдастырып алды. Енді табыс декларациясын жалпыға бірдей міндеттейтін заң қабылданған кезде, олардың тапқан табыстары заңды болып, қалталылар көңіліндегі күдік те сол кезде сейілді. Демек мен шын табысты жариялауға кедергі көріп тұрған жоқпын. Бізде табыс декларациясын тапсыру әлі де болса жабық түрде жүргізіледі. Мәліметтер тек салық органдарына ғана белгілі. Мемлекеттік қызметкерлердің Ар-намыс кодексі бар, бірақ бұл кодекстің орындалуы қадағаланып отырған жоқ. Қол астындағы қызметкер бастығы қымбат дүние сатып алса, «оны қандай қаражатқа алды, әкесінен қалған мүлік пе, әйтпесе біреу алып берді ме, әлде сый­лады ма?» деген сұрақ қоя алмайтыны екі бастан белгілі. Себебі көлең­келі бизнес немесе заңсыз жолмен келген табысқа біздің қоғамның еті үйреніп кетті. Сондықтан осы күнге дейін орындалмай келген жайт­тарды аттап өтіп, екіншісіне кірісу жақсы нәтиже бермейді. Зейнеткердің атына тіркелген қымбат жылжымайтын мүлік, қымбат көлік немесе буыны қатпаған жас баланың жеке есепшотындағы 5 мың долларын жариялау, соның салығына көз сүзу – мәселені түбегейлі шешпейді. Бұл мәселеге мемлекеттік, жалпы-халықтық мән беріп, кешенді түрде шешуді қарастыру керек. Бұған ел болып, халық болып кірісу керек. Болмаса, шенеуніктердің есеп беру үшін айта салған кезекті науқаны болып қала береді.

 

http://www.aikyn.kz/articles/view/37534