АЛТЫНОРДА
Анализ

Қайыржан ТӨРЕЖАН. Кәсіпкер балалар алаңын басып алды

аЕліміздегі ең ірі қала Алматыға келіп, қаланың қақ ортасынан кәсіп көзін ашқысы келетін бизнесмендер көбейген сайын тұрғындардың тынысы тарылып барады. Жылдан жылға сырттан келетіндер көбейіп, көшелері тарылған, халқы тым тығыздалған қалада бос жатқан шаршы метр жерді табу қиын. Кәсіпкерлер енді мыңдаған халық тұрып жатқан шағын ауланың балалар ойнайтын алақандай алаңына көз аларта бастады. Алматыдағы «Жетісу-2» шағын ауданының №47,48,51,52 тоғыз қабатты үйлерінде тұратын екі жүзден астам отбасы ауладағы балалар алаңынан үй салмақшы болған жеке кәсіпкермен алысқанына бір аптадай болды. Қазір осы үйлерде тұратын мыңнан астам тұрғындар прокуратура, сот органдарына, қалалық әкімшілікке, «Нұр Отан» ХДП құрылысты тоқтатуға көмектесуді сұрап арыз түсірді.

Өткен аптада «Жетісу-2» шағын ауданына электр қуатын бөліп тұратын подстансасын айналдыра, ауладағы балалар ойнап жүрген алаңға дейін біреулер қоршай бастады. Мән-жайды білмек болып Әуезов аудандық әкімдігіне барған тұрғындар бұл жерді Жұматаев Мұхамадияр деген жеке кәсіпкердің сатып алғанын естиді. Енді ол 8х13 шаршы метр жерге екі-үш қабатты дүкен салмақ екен. №52 үйдің тұрғыны Владимир Ивановтың айтуынша, сол күні аудан әкімінің орынбасары Қанат Сәлменов тұрғындардың талабы бойынша кәсіпкер Жұматаевқа құрылысты бір аптаға тоқтатуға шақырады. Бірақ кәсіпкер әкімшіліктің сөзіне құлақ аспай, ертесінде жайқалып енді гүлдеген жеміс ағаштарын сыпырып тастап, топырақ таситын «КамАЗ» көліктерін, эксковаторды алып келіп қаза бастаған.

Көлемі 0,0111гектар (111 шаршы метр) ғана болатын бұл шағын ғана аула айналасына орналасқан әрқайсысы 54 пәтерлік төрт тұрғын үйдің қарамағында. Мемлекеттік  кадастрлық нөмірі 20:312:050:222. Соны кәсіпкер Жұматаевқа біреулер сыйға тартыпты. Қазір кәсіпкер тұрғын үй ауласындағы 70 шаршы метр жерді биік темірмен қоршап алған. Онсыз да тар аула екі есеге тарылған. Осы үйлер салынғаннан бергі 21 жыл  бойы 216 пәтердің тұрғындары осы аулаға шығып тыныстайды. Өйткені маңайда адам демалатын бірде-бір парк, сквер деген жоқ. Парк тұрмақ көше бойымен жаяу адам жүретін тротуардың орны жоқ. Қариялар осы аулада серуендегенді қанағат тұтатын еді, енді одан да айрылып қалмақ.

дом

 — Жасым сексенге қарады, осы үйде салынып біткен күннен бастап тұрамын. Мына ағаштарды, көшеттерді тұрғындар әкеліп, өз қолдарымызбан отырғыздық. Енді осыны қиып жатқанына қалай қиналмайсың. Ең бастысы балалар ойнайтын жер тарылды. Үй тұрғызатын жердің астынан жоғары вольтты кабель өтеді. Подстансаның бергі жағында газ құбырын электр-химиялық қорғау жәшігі тұр. Заң нормалары бойынша ғимараттар подстансадан он метр, ал мектеп, балабақша сияқты мекемелер 15 метр қашық болуы керек. Ал мыналар тура түбінен шұңқыр қазып, үй салмақшы. Жұматаев деген кәсіпкер жолдың арғы бетінен «Шолпанай» деген дүкен салып қойды. Сол жерде тұрған қоқыс жәшіктерін жолдың бергі бетіне, тұрғын үйлер тұрған жаққа шығарып тастады. Сөйтіп санитарлық нормаларды бұзып отыр. Қысқасы білгендерін істеп жатыр. Енді бергі бетіне тағы үй тұрғызбақшы. «Тұра тұр» деген әкімнің, тұғындардың сөзіне құлақ асып жатқан ол жоқ, тезірек басып қалғысы келіп жанталасуда. Тракторларын, жүк машиналарын әкеліп ауланы қопарып тастады. Жерді иелікке алған құжаттарының дұрыс екеніне күмәніміз бар, өйткені басқа біреудің иелігіндегі, тұрғын үй кешенінің қарамағындағы жерді жекеменшікке қалай сатып алады. Ешқандай құжаттарын көрген жоқпыз. Кәсіпкер «бұл жерді маған сыйға берді» дейді, соған қарағанда жер телімінің құжаттарын Храпунов әкім болып тұрған кезде жасаған болуы керек. Біз бұған қарсымыз, заңға қайшы, сондықтан сотқа жүгінеміз, — дейді №52 үйдің тұрғыны Владимир Иванов.

Кеше кәсіпкердің қылығына наразылықтарын білдірген «Жетісу-2» шағын ауданының тұрғындары көмек сұрап қалалық «Нұр Отан» ХДП қабылдауына келді.