АЛТЫНОРДА
Новости

Ирак парламентіне сүннит депутаттар бойкот жариялады

Ирак парламентіндегі сүннит депутаттар елдегі іргелі тайпалардың бірінің басшысы Касым Свейдан әл-Жанаби өлтірілген соң парламентке бойкот жариялады. Билік орындарының ақпаратына қарағанда, әл-Жанаби мен оның ұлы және алты оққағарын ұрлап әкетіп, ақпанның 13-і күні Бағдадтың оңтүстігінде өлтіріп кеткен. Әл-Жанаби Ирактағы сектанттықпен күреске белсене қатысқан. Сүнниттер бұл қазаны шиит содырларынан көреді.

Парламентке бойкот жариялау туралы мәлімдеме парламент спикері Салим әл-Жубуридің Facebook парақшасында жарияланды. Ирак парламентіндегі 328 депутаттың 73-і — сүнниттер. Мәлімдемеде депутаттардың әл-Жанабидің қазасын «төтенше жиында» талқылап, үкіметке «содырлар әрекетін заңсыз деп тану және сектанттықты қылмыс санатына жатқызуды» сұрап үндеу жолдағаны айтылған.

Өткен айда негізінен шииттер тұратын Басра провинциясында содырлар сүнниттердің үш діни қайраткерін өлтіріп, елде наразылықтар туған.

http://www.azattyq.org/archive/news/20150216/330/330.html?id=26851531