АЛТЫНОРДА
Новости

Еуропаны дағдарыс елесі кезіп жүр

ХХ ғасырдың басында автомобиль өнеркәсібінің өрістеуімен АҚШ-тағы Детройттың атағы аспанға өрледі. Мұнда Форд, Дюран, ағайынды Додж, Паккард пен Крайслердің зауыттары жұмыс істеді. Аспанмен таласқан ғимараттар, театрлар, тақтайдай тегіс  жолдар, бақуатты тіршілік – осының бәрін қуатты автомобиль өндірісі көтеріп тұрды.

Ал бүгін «Ақырзаманның қандай бола­рын көргің келсе, Детройтқа бар» дейді көргендер. Қаржы дағдарысынан кейінгі күйі, шынымен де, аянышты.  Қаланың 40 пайызы қаңырап бос тұр. Жартылай қираған коммерциялық нысандар, шаңы­рағы опырылып ортасына түскен үйлер. Бұрын халқы екі миллионға жеткен қалада тұрғын саны 700 мыңнан (2010 жылғы халық санағы бойынша) аспайды. Бүгін мұнда келмеске кеткен дәуірдің соңғы тұяғы – Дженерал Моторс және Даймлер-Крайслер корпорациясының зауыттары ғана әупіріммен жұмыс істеп тұр. Тіршілік осылардың айналасында ғана қайнайды. Басқа жерде – жұмыссыздық.

Осылайша 2008 жылғы әлемдік қаржы дағдарысы жылжып келіп әлемдік жұмыссыздық дағдарысына ұласты. Әр елде бұл әрқалай көрініс табуда. Алайда бәріне ортақ бір белгі – жұмыссыздық қаржы қиындығын ығыстырып, қаржы жүйесі үшін басты түйткілге айналды.

Жұмыссыздық географиясы еріксіз ойландырады. Еуропаның төрт елінде ғана көрсеткіш алты пайыздан аз.  Бұл – көрші­лес жатқан Германия, Австрия, Нидер­ланды және Люксембург. Әрмен қарай жұмыс­сыздық ақырындап өсе бастайды: Данияда – 7,4 пайыз, Британияда – 7,7, Францияда – 10,6, Польшада да – 10,6 пайыз. Ита­лияда – 11,7, Литвада – 13,3, Ирландияда – 14,7, Португалияда – 17,6, Испанияда – 26,2, Грекияда 27 пайызды құрады.

Әлбетте, өмір бойы кәсібіне сеніп кел­гендер келешегіне алаңдамай тұра ал­майды. Өткен аптада, әйелдер қауымы төл мерекесін тойлап жатқанда, Еуропада  жаппай бас көтерулер болып өтті. Arcelor­Mittal болат құю зауытының жұмысшы­лары  Бельгияны Нидерланд­ымен және Германиямен жалғап тұрған автожолды жапты. Олар Льеждегі зауытта 1300 жұмыс орнын қысқарту туралы шешімді жоюды талап етті.

PSA Peugeot Citroen машина құрау кон­цернінің қызметкерлері  зауыттардың бірін жабуға қарсы шығып, Париждегі болат құю өнеркәсібі кәсіподақ бірлестігінің штаб-пәтерін басып алды. Ереуілге шыққан 300 адамның кесірінен кәсіпорын жұмысы сегіз аптаға тоқырады.

Бонн әуежайында қауіпсіздік қызметі бас көтерді. Бұл жүздеген рейстің жолын кесті. Бас көтергендер жалақыны 30 пайыз­ға дейін көтеруді сұрады.  Мадридтің Барахас әуежайының қызметі де тұралады. Жұмыс орнын 25 пайызға қысқартуға және жалақыны азайтуға қарсы шыққан «Ибе­рия» әуе компаниясының  қыз­меткерлері өре түрегелді. Әуе тасы­малдаушының былтырғы жылғы шығыны 923 млн евроны құрапты.

Тіпті Акрополь де ереуіл жариялады. Грекияның мәдениет министрлігі қарауын­да жұмыс істейтіндердің бәрі тарихи ескерт­кіштерге тікелей әсер ететін бюджет қысқар­туларына назар аударуды талап етті.

Дағдарыс жайлаған Еуропа елдерінде ең әуелі жастарға қиын тиюде.

Айталық, итальян жастарының жағ­дайы мәз емес. Жаңа үкіметке сеніп отыр­ған  олар жоқ. Монти ма, Берлускони ме – бәрібір. Грекияда 24 жасқа дейінгі грек­тердің басым бөлігі жұмыссыз. Күн сайын бұл елде 900 адам жұмыссыз қалады.

Сөйтіп, дағдарыс шарпыған Еуропа елдерінде өскелең емес, «өшіп бара жатқан» ұрпақ тіршілік кешуде. Еуростат мекемесінің мәліметінше, Грекия мен Испанияда әрбір екінші жас жұмыссыз (57,6 және 55,6 пайыз). Италияда бұл көр­сеткіш 36,6 пайыз болса, Германияда небәрі – 8 пайыз.

Халықаралық еңбекті ұйымдастыру ұйымының экономисі Эккехард Эрнст еуро­палық  жастардың жұмыссыздығын суреттегенде солғын бояуды аямайды.  Болжамы да ауыр: алдағы бес жылдың ішінде де жастар жұмыс таба алмайтын шығар дейді. Ұйымның болжамы бойын­ша, 2017 жылы жастар арасындағы жұ­мыс­сыздық көлемі Испанияда – 50 пайыздан, Италия мен Грекияда 30 пайыздан асуы мүмкін.

Алайда Неміс экономикасы институты­ның сарапшысы Хольгер Шеффер  қара аспанды төндіргісі келмейді. «Маған «өш­кен ұрпақ» деген ұғымның өзі  ұнамайды. Шын мәнінде дүрлігетін ештеңе де жоқ. Әрине, бұл ұрпақты бірнеше жыл эконо­микалық жағынан ауыр кезең күтіп тұр­ғаны рас. Алайда дағдарысты бұл елдер еңсере алады. Оған мысал көп» дейді ол.  Мәселен,  Дания мен Ұлыбри­тания еңбек нарығындағы дағдарысты жеңе алды, ал Германия бес жылдың ішін­де еңбек нарығындағы ахуалды түбегейлі өзгертті. Алайда жастар өзге елдерге емес, өз еліне иек артқысы келеді емес пе?

Еуроодақ елдері ішінде әлемде эконо­микалық даму жағынан төртінші орында тұрған Германияның ғана жағдайы әзірге тәуір. Бұл елде ЖІӨ-нің 51 пайызы – тауарлар мен қызмет көрсету саласының үлесінде. Неміс экспортының жартысынан астамы Еуропаның өзге елдеріне жөнел­тіледі. Германия Еуроодақтағы  еркін сауда аймағын өзінің аман қалуындағы ең маңызды шарты деп біледі. Өйткені бұл нарыққа қол жеткізе алмаса, елде жұмыс­сыздық ұлғаяды. Ал евроның көмегімен Гер­мания өзінің ықпалын пайдалана отырып, өзіне қажетті сауда қарым-қаты­насын орната алды. Еурокеңістіктегі өзге елдер – оған қарағанда тиімсіз жағдайда. Жалақы деңгейі төмен мемле­кеттер неміс экспортына төтеп бере алатындай болуы керек.  Ал оған көбінің шамасы келе бер­мейді. Бұл онсыз да қатаң үнем шараларын одан сайын қатайтты, себебі еуроаймаққа мүше болу бұл елдерге жеке несие-ақша саясатын жүргізуге мүмкіндік бермейді.

Қазір сарапшылар жұмыссыздық дағ­дарысының саяси дағдарысқа ұласуынан сескенеді. Оған жетсе, кезінде қаншама қиындықпен құрылған жүйенің тамырына балта шабылатын түрі бар. Еуроаймақ 17 жылдан бері гүлденіп, әбден дәуірледі. Ол осы уақытқа дейін бүкіл әлемнің ірілі-уақты елдері бетпе-бет келген жұмыс­сыздықты бастан кешіріп көрмеген. Сондықтан Еуропа үшін қатал сынақ  мем­лекеттің қарызы емес, жұмыссыздықты еңсеру болып отыр.

Жуырда Жаһандану және әлеуметтік қозғалыс институты экономикалық зерт­­теу­лер орталығының мамандары «Еуро­одақ экономикалық құлдырау алдында тізе бүкті, енді тек қаржы тепе-теңдігін ұстап тұруға мәжбүр» деген  пікірді ортаға тастады. Еуроодақ экономикалық саясатын өзгерткісі келмейді. Ол банк­тердің мүддесіне байланған, сондықтан 2013-2014 жылдары да сол бағытынан ауытқымайды. Сондықтан экономикалық ахуал жуық арада түзеле қоймайды. Одақтағы басшылық құлағын ұстап ұрғандар тығырықтан шығатын жолды қатаң үнемдеу бағытын жалғастырудан ғана көріп отыр. Оның реформаларды құртатын рөлін олар түсінбейді және көңіл аудармайды да. Бірақ бұл – басқа әңгіме.

Автор: Гүлнар АХМЕТОВА

 

http://alashainasy.kz/economica/41186/