АЛТЫНОРДА
Новости

ЕЛОРДАНЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ НЕДЕ?

неенАзғана уақыттың ішінде Сарыарқаның кең даласында қазақстандықтар мен астаналықтарды ғана тамсандырып қоймай, елімізге аяқ басқан барлық қонақтарымызды да таңқалдырған әдемі, көркем, жаңа қала пайда болды.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті

Астана – қазақ тарихында ғана емес, әлем тарихында өзіндік орны бар жас қала. Соған қарамастан өркениеттен ойып тұрып орын алған, даму жолында кедергілерден сүрінбей өткен мықты мемлекеттердің астаналарымен иық тірестірген елордамыздың күн сайын көркейіп келе,  атқанын көріп, қуанбасқа амалыңыз қалмайды. Әлемді өзіне қаратқан өзге шаһарларды  білмедік , өз елімізде мемлекетіміздің орталығы саналатын Астана қаласымен бірде-бір  қала теңесе алмасы анық.

Бай әрі қуатты елдің елордасы да мықты болуы керек. Қазақ жерінің қара топырағы да алтынға пара-пар болып жатқан кезде 20 жыл бұрын іргетасы қаланған шуақты шаһардың көркем, әдемі, айшықты болуы да заңды құбылыс. Демек, Қазақ елі қарыштап дамыған сайын тұрмыс түзеліп, әлеуетіміз артары анық.

Елорданың ерекшелігі неде?

– Бізде ел дамуының бірнеше жылға арналған нақты жоспары бар. Біз өз күшіміз бен құралдарымызды нақты есептедік. Қайда және қашан салатынымызды білеміз. Шикізат пен энергияны қайдан алатынымыз, өндірістік өнімді қайда жіберетініміз белгілі. Бұл үшін бізде жас, бірақ мықты мемлекет бар. Ел мен қоғамды жаңғыртуға бағытталған партия бар. Ең бастысы, кез келген міндетті ауырсынбай атқаратын талантты және еңбексүйгіш халқымыз бар. Бүгінде Отан тағдырына бей-жай қарамайтын әрбір қазақстандық біздің еліміздің даму жоспары Қазақстан халқының жоспарымен және қажетті талаптарымен толықтай сәйкес келетінін сезінуі тиіс. Біздің стратегиялық ой-ниетіміздің табысты іске асырылуы әрбір қазақстандыққа байланысты. Біздің бәріміз елді жаңартуға белсенділікпен атсалысуға тиіспіз. Қазақстанның болашағы – біздің қолымызда! – деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел ұстанымының дұрыстығына, Астананың болашағына зор сенім артылатындығын айтқан еді бір жиында.

Расында да біз алған биіктер Астана арқылы көрініс табуда.

Бүгінгі елорданың тыныс-тіршілігіне қарап отырып, кең көшелерін, көрікті жерлерін аралап көп жағдайға көз жеткіздік. Елорданың ерекшелігі көптігіне қуандық. Енді соларды санамалап көрелікші… Астана – әдемілігімен көз тартады. Көшелері кең, көлік аз, жұрттың дені жаяу жүреді. Ауа тазалығына таңғалмай қоймайсыз. Әсіресе, ғажап ғимараттар  алдында, саябақтар  ортасында орнатылған  ұлттық құндылықтардан сыр шертетін мүсіндер еріксіз назар аудартады. Дәл осындай қызық әрі ойсалар «ойыншықтарды» өзге қалалардан осыншама жиі кездестіру мүмкін емес шығар. Мүсіндердің айналасы тап-таза, өзге қалалардағыдай бұзақы балалардың бояулары мен қолтаңбалары тимеген. Мұның өзі де қалада мәдениет қалыптаса бастағанын дәлелдейді.

 

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: 

Астана – біздің егемендігіміздің тірегі, елдігіміздің жүрегі, азаттығымыздың айнасы.  Алатаудан Арқаға бет алған ұлы көш тәуелсіздігімізді нығайтудағы тарихи қадам болды. Тұтас ел болып жүзеге асырған осынау ұлы істі бейбіт күндегі ерлік деп бағалауға әбден болады.

 

Елорда көшелері тап-таза. Беталды шашылған қағаз, зат, азық қалдықтарын көре алмадық. Мұндай тазалықтың тамаша үлгісін өзге қалалар да сезінсе дұрыс болар еді. Әсіресе, балаларды қоқысты тек арнаулы ыдысқа тастауға астаналықтарша бауылған жөн.Алыстан ат арылтып келген жұрттың көптігіне қуандық. Түн ортасына дейін қыдырушылардан босамайтын «Бәйтеректің» маңайы тек қазақша сайрап тұр. Көшеде де туған тіліңде сөйлейтіндердің жеткіліктілігіне жұбанып, орыс тілін естімегенімізге риза болдық. Енді осы үрдіс тұрақты қалыптасса деген тілек бар.

 

Нұрсұлтан Назарбаев:

Мен Астананың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі деп бекер айтқан жоқпын. Ол тұрғындарының, тұрған елінің тағдырымен тығыз байланысты. Біздің бас қаламыз Астана – тәуелсіздігіміздің төл перзенті. Астананың болашағы – тәуелсіз еліміздің болашағы. Еркін еліміз өсіп, өркен жая берсе, елордамыз да алыс қияға көз тігіп, дами береді.

Жас Астанамыздың да, оның тұрғындарының санасы да жаңа заманға лайық болса, шығар шыңымыз шырқау биікте болады. Халқымыздың жаңа ғасырдағы жарқын шежіресі дәл осы жерде жазылып жатыр, жазыла да береді.

 

Жұрттан естігеніміз, қоғамдық көліктер уақытымен жүреді. Кешігу деген оларға жат құбылыс көрінеді. Ал соңғы уақытта «Бәйтерек» маңында туристер үшін екі қабатты жолаушылар көлігінің ұйымдастырылуы табылған ақыл болды. Елбасы атап көрсеткендей, Есілдің оң жағалауындағы ғимараттар мен тұрғын үйлер шын мәнінде «сұрланып» кеткен және олардан ұлттық ерекшелікті байқау қиын. Сондықтан алдағы уақытта салынатын әрбір құрылыстан шығыстық, қазақы үлгі сайрап тұрса деген ой бар.  Орталықтан қазақ үй тіккен мейрамхананы да көрдік. Тамағы қымбат демесеңіз, әлгі үйдің іші шетелдіктер түгілі қала тұрғындарының да таңдайын қақтырып, рухын көтерері даусыз.  Осы секілді халық қазынасы киіз үймен бітпегені жөн. Әр бұрыштан ұлттық рухты сезіну қазақтың қадырын арттырып қана қоймайды, балалардың отаншылдық сезімін оятар еді, «Мен қазақпын» деген сөзді мақтанышпен айтар еді. Бәрінен де басты ерекшелік – қайыршылар мен ит жетектеген ағайынды көре алмағанымыз. Бұл да бір жеңісіміздің көрінісі. Алматымен салыстырғанда бұл жағынан Астана көш басында тұр.

Қорыта айтқанда, Елбасының мұрындық болуымен бір күнде көш түзеген ұлы сапарымыз Сарыарқаның сәнін келтірді. «Елордамыз – Астана» дегенді ұялмай айта аламыз, қонақтарымызға көрсете аламыз.

Бүгінінен ертеңі нұрлы еліміздің бас қаласы достықтың, ынтымақтастықтың, мәдениеттің, руханияттың орталығына айналсын. Астанада жақсы күндерде жолығып, шабыттың шырағына айналған шаһар еліміздегі өзге қалаларға өнеге көрсете берсін! Астанадан алған әдемі әсерімізді Президенттің мына пікірімен аяқтағымыз келеді:«Астана – жаңашылдық жаршысы, Қазақстанның динамикалы дамуының жарқын бейнесі, республикамыздың тәуелсіздік символы!».

 

Дуанабай Жолдасбек

 

http://www.aikyn.kz/news/view/29194