АЛТЫНОРДА
Новости

ЕЛОРДА ЕРЕКШЕ ДАЙЫНДАЛДЫ

Әз-Наурыздың аясында Астанада 300-ден астаммеркелік шара өтеді.

Халықаралық көлемде аталатын ұлық мейрамда елге ерекше көңіл-күй сыйлау үшін бас қаламызға Алматы, Атырау, Ақмола, Жамбыл, Солтүстік қазақстан және Павлодар облыстарынан ұзын-саны 360-там астам өнер майталмандары арнайы келіп жатыр. Бұл жайында кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық әкімдіктің жауапты сала басшылары мәлімдеді.

Ұлыстың ұлы күнін кең көлемде атап өту Астанада 26 наурызға дейін жалғасады – қалалалық Ішкі саясат басқармасының басшысы Болат Тілепов. – Оны шын мәніндегі халықтық меркеге айналдыру үшін жыл сайын ұйымдастыру концепциясын жіті талқылаудан өткізіп, тың жаңалықтар қосып келеміз. Қазақы дәстүрге сай Наурызда тек той тойлап, думандату ғана емес, жақын-жуықтың арасындағы жағдайы нашарларға қол ұшын созу, қиналғандарға қайырылымдылық көрсету секілді де игілікті іс бар емес пе?! Соған сәйкес елордада тұратын әлеуметтік жағынан аз қамтылған 590 отбасыға 2 млн 850 мың теңге көлемінде біржолғы көмек көрсетіледі. Жалғызбасты зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі және жетім балаларға арналған да сыйлықтар бар. Егер өзге де көмек көрсеткісі келетін азаматтар табылса, тиісті орындар қабылдауға әзір. Ең бастысы Ұлыстың ұлы күнінде елдің еңсесін көтеретін, жалпыжұртты жұмылдыратын шараларға айрықша күш салатын боламыз. Осы арқылы елдік пен теңдікті, бірлік пен ынтымақты көрсете аламыз.

Мәдениет басқармасының басшысы Болат Мажағұловтың айтуынша маңызды мейрамды ұйымдастыруға қазынадан 325 млн теңге бөлініп отыр. Бұдан бөлек өз ықыластарымен атсалысатын ұжымдар мен кәсіпкерлер де бар. «Жалпы шаһар аумағында 68 киіз үй тігіліп, кең ауқымдағы концерттер мен театрландырылған шаралар өтеді. Елордадағы ғана емес, жалпы еліміздегі ең танымал да, атақты жұлдыздар мен топтардың басым бөлігі осында өнер көрсетеді. «МузАРТ», «Жігіттер» «Қоңыр» топтары, «Шаттық», «Салтанат», «Шолпан» би ұжымдары және жекелеген әншілер қала тұрғындары мен қонақтарына керемет көңіл-күй сыйлауға ұмтылады. Бұдан бөлек жекелеген бағдарламалармен шаһардағы барлық мәдениет залдарында жоғары мазмұндағы кештер өткізу жоспарланып отыр. Қысқасы елорданың халқына Наурыз той арқылы ұлттық дәстүр мен өнерді ұлықтайтын тамаша мереке тарту үшін жұмыламыз» – дейді Мажағұлов.

Ендеше, Елордадағы ерекше мерекеден шет қалмай, қызық думанның нақ ортасында болыңыз!

Бейсенбай ДӘУЛЕТҰЛЫ, Астана

http://www.aikyn.kz/news/view/45240