Sorry, this entry is only available in Kazakh. For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

«Ұлттық банк еліміздің екінші деңгейлі банктерінің банкомат­тарын сатып алып, республика бойынша бірыңғай әмбебап терминалдар орнатады». Еліміздің бас банкирі Григорий Марченконың бұл мәлімдемесі коммерциялық банктерді шалқасынан түсірмесе-дағы, оның көңілдеріне майдай жаға қоймағаны анық. Өйткені банкоматта жүргізілген әр операциясы үшін ақы алатын банктердің, бұл – белгілі бір деңгейде табыс әкелуші көзі болып табылады. Ал алдындағы дайын асты біреу тартып алып жатса, олар қалай жан ұшырмасын…

Коммерциялық банктер тарапынан оң­бай қарсылыққа ұшырайтынын Г.Мар­ченко мырза да алдын ала бажайлап-ақ отыр екен. Бірақ ол «айтқанымнан қайт­пай­мын» деп мықтап бекініпті. Бұл рет­те «Мұндай ше­шімнің қоғамда қызу айтыс тудырып, банктер тарапынан қарсылық болатынды­ғын білеміз. Біз мұндай күреске дайын­быз», – дейді Ұлттық банк төрағасы. Оның айтуынша, банкоматтардың бір­ыңғай желісінің көмегімен тұтынушы­лар картасына қызмет көрсетуде алынатын пайызды екі есеге қысқартуға болады.

– Бүгіндері еліміздің ірі қалаларының сауда орталықтарында банкоматтар сам­сап тұр. Картаңызды салсаңыз, біреуінде ақ­ша жоқ, екіншісі – сынық. Еріксіз өзге банк­тің банкоматы қызметіне жүгінесіз. Мәселен, басқа банктің осы тұрғыда ала­тын 5 пайыз көлеміндегі ақы – зейнеткер, қарт адамдар үшін көп ақша. Сондықтан бұл – баяғыда пісіп-жетілген мәселе. Сол үшін екінші деңгейдегі банктердің банко­маттарын сатып алып, бірыңғайын орнат­сақ па дейміз.Мұндай аппарат барлық банктің тұтынушысына бірдей талапта қыз­мет көрсетеді, – дейді Г.Марченко.

Естеріңізге сала кетейік, бүгінгі таңда елі­мізде 38 коммерциялық банк бар. Өт­кен жылғы мәліметке сүйенсек, респуб­ли­ка бойынша олардың 8,2 мыңнан астам банкоматы жұмыс істеп тұр.

Біз еліміздің бас банкирінің бұл баста­ма­сына қатысты пікірі қандай екенін біл­мек ниетте отандық банктердің бірқатары­на хабарластық. Бірақ оның басым бөлігі бір ауыздан «әзірге комментарий бере ала­маймыз» десті. Соған қарағанда олар «әліптің артын бағайық» деген секілді. Өйткені Ұлттық банктің бұл бастамасы нақ­ты өмірде сипат алатындығына олар күмәнмен қарайтынға ұқсайды. Ал Kaspi bank біз жолдаған арнайы сауалға өз пікі­рін төмендегідей жеткізіпті.

Павел Миронов, Kaspi bank-тің бас­қа­ру­шы директоры:

– Бірыңғай банкомат пен ПОС-тер­ми­налдар желісін құру туралы идея көптеген елде кеңінен қолданысқа ие. Бұл идеяны жемісті жүзеге асыру үшін өзге елдердің тәжірибесін әбден зерттеу керек. Басты мақсат – бірыңғай банкомат жүйесін енгі­зу банк қызметі сапасына қаншалықты оң әсерін береді әрі карта ұстаушы тұтынушы­лар мұндай қызмет түріне көңілі тола ма? Бұл арада тек картамен жүргізілетін опера­ция­ның құны ғана емес, сонымен қатар қызмет сапасы мәселесі де жіті қарасты­ры­луы тиіс.

Бүгіндері банкоматтар мен терминал­дар – ақша беруші аппарат қана емес, сонымен қатар жаңа қызметті ұсынушы және тұтынушыны тартудың құралы. Мә­се­лен, біздің банк өз клиенттеріне төлем мен аударма бойынша тың сервисті ұсыну жа­ғын көп ойлайды. Осы жағынан алған­да, жаңа банкоматтар желісі әртүрлі банк­тің инновациялық шешімдерін жылдам ен­гі­зуі маңызды болуы тиіс. Сондай-ақ халық­аралық төлем жүйесімен (Visa/Mas­tercart) жұмыс қалай жүргізілетін болады? Бұл мә­се­лені де талқыдан тыс қалдырмау керек.

Бұл арада аталған коммерциялық банк бірыңғай процессингтік желіге көшу тура­лы бастамаға ашық қарсылығын білдірме­ге­ні­мен, оған қатысты күмәнді сұрақтары ба­рын жеткізіп отыр. Демек, бұл жаңалық банкирлерді қуанта қоймаған. Алайда қар­жыгер маман Ілияс Исаевтың айтуын­ша, еліміздің бас банкі қандай да бір ше­шім қабылдаса, коммерциялық банктер­дің пікірімен санаспайды. «Бұл – қаржы секторындағы мемлекеттің күшейтіп жат­қан бақылауының тағы бір амалы. Алдын­да Ұлттық банк қаржылық бақылау агент­ті­гін өзіне қосып алды, коммерциялық банк­тердің қолма-қол ақша айырбасына шектеу қойды, қор нарығындағы брокер­лер­ді тіркеуді орталықтандырып өз қара­мағына алды, енді сөз етіп отырған баста­ма жүзеге асырылса, қолдағы ақша айна­лы­мын қадағалауды да олар тікелей өз функциясына алмақшы», – дейді маман.

Ілияс Исаев, қаржыгер маман:

– Өзіңіз байқап отырғаныңыздай, соң­ғы кездері қаржы секторында бір орта­лықтан басқару жағы күшейіп келеді. Тіпті зейнетақы жүйесі де мемлекеттің қарауына алына бастады. Енді қолма-қол ақша ай­налымы да қатаң бақылауға алынады. Бұл арадағы мәселе – қанша нарықтық эконо­миканы құрамыз десек-тағы, оның көлең­келі жағының өршіп бой алып кеткендігін­де, нақты сектор мен қаржы секторын жа­қын­дата алмауымызда, керісінше, екеуінің арасында терең құз жатыр. Осы жағынан алғанда, біздің еліміз ғана емес, ТМД мем­лекеттері нарықтық экономикаға кө­шу­ге психологиялық, моральдық басқа да жа­ғы­нан жан-жақты дайын еместігі ан­ық­талып отыр. Қаржы нарығының моделі өзін-өзі ақтамады. Нео­ли­берализмді құра ал­мадық. Сон­дықтан Үкіметіміз күрт ше­шім­дерді қабыл­дауға мәжбүр болды. Осылайша бақылау мен қадағалауды кү­шейту, барлығын бір орталыққа бағын­дыру арқылы Үкімет, ең алдымен, бар­шаны нарықтық экономи­ка­ның базалық элементтеріне тәрбиелеп алу­ды жөн көріп отырған секілді.

Бұл арада карта қызметіне алынатын пайыз көлемі екі есеге қысқарады әрі өз банкіңнің банкоматын іздеп көше шарлап жүрмейсіз, тағы бір жағынан мемлекеттің қолдағы ақшаны бақылап отырғандығына сенімді боласыз. Сондай-ақ бұл – қолдағы ақша мәліметінің ашықтығын да қамтама­сыз ететін жайт. Осы жағынан алғанда, тұ­ты­нушылар мүддесі тұрғысынан, бақылау­дың күшеюі жағынан Ұлттық банктің атал­ған бастамасы жан-жақты қолдауға лайық секілді. Мәселе – еліміздің осы бірыңғай банкоматтар желісін құру-құра алмау мүм­кіндігінде. Өйткені Ресейдің де орта­лық банкі бір жылдары осындай бастама­ны көтерген екен. Бірақ көптеген талқылау­дан соң мемлекет өзін-өзі ақтамайды де­ген себеппен оны жүзеге асырудан бас тар­тыпты. Негізінен, «шалғай жатқан ай­мақ­тарға мұндай терминалдарды орна­лас­тыруға кеткен шығын қайтпайды» деген қорытынды шығарылған екен.

Автор: Кәмшат САТИЕВА

 

http://alashainasy.kz

Рубрика: