АЛТЫНОРДА
Новости

ЕАЭО қазақстандықтар өмірін қалай өзгертпек?

©www.azattyq.orgЕАЭО ресми тұрғыдан саяси шындыққа айналды. Ресей, Беларусь және Армениямен экономикалық интеграцияның қазақстандықтардың тұрмыс-тіршілігіне қандай әсері болуы мүмкін?

Ресей, Қазақстан, Беларусь құрған Еуразия экономикалық одағы (ЕАЭО) қиын жағдайда іске қосылмақ. Қазір одаққа Армения да кірді. Бірлестіктіктің ең ірі мүшесі Ресей экономикасы қиындыққа тап болды. Кейбір сарапшылар Азаттыққа ЕАЭО-ның алдағы жылдағы болашағы туралы болжамдарын айтты.

Мағбат Спанов, халықаралық бизнес университеті профессоры

— 2015 жыл Қазақстан үшін қиыл жыл болатыны анық. Бұған ЕАЭО-дағы ең ірі әріптесімізге салынған санкциялар, ал тұтастай алғанда әлем экономикасындағы қиын жағдай сияқты бірнеше фактор әсер етеді.

Меніңше, жазға қарай Қазақстан экономикасының өсу қарқыны төмендеу шегіне жетіп, қиын кезең басталады. Тіпті Кеден одағы кезінде де әріптес елдермен арада үнемі қиындық туып отырған еді. Меніңше, ЕАЭО іске қосылған алғашқы жылдар заңдарды реттеу, өзара іс-қимылды келісу сияқты бір-бірімізге «үйренісуге» кететін сияқты. Мысалы, одақ елдері арасында «сауда-экономикалық соғыстар» болуы мүмкін. Ресей әріптес ел болғанымен, антисанкция мәселесін бізбен келіспеді. Енді олар мұндай мәселелерді одақтас елдермен келісіп шешу қажет екенін түсінген шығар.

Биыл талай жылдардан кейін АҚШ долларының қысымына қарсы тұруға қауқарлы аймақтық валюталар қалыптастыру жобалары іске қосыла бастады. Бірақ бұл — ұзаққа созылатын процесс. Меніңше, Ресей 2025 жылдан кейін міндетті түрде бірыңғай валюта енгізуді ұсынғанымен, ортақ валюта енгізуге 10 жыл да аздық етеді. ЕАЭО одағы тіршілік етуге қабілетті екенін және тиімді одақ екенін көрсете алса ғана бірыңғай валюта енгізу туралы айта бастауға болады.

Келесі жыл теңге үшін де қиын жыл болады. Мысалы, 2009 және 2014 жылғы теңге девальвациясы экономикалық тұрғыдан айқын негізделмей жүргізілді. Үкімет девальвацияның көмегімен бюджеттің жыртығын жамап, ел экономикасын тиімді басқаруға қабілетсіз екенін бүркемеледі. Неге екенін қайдам, әйтеуір төлемдік баланс, яғни экспорт пен импорт сальдосы үнемі халықтың қалтасынан жабылады.

Рубль бағамының құлдырауы кесірінен теңгеге қысым күшейгенімен, девальвация жариялайтындай әсері болмайды. Егер әлем экономикасындағы жағдай нашарлап, ал үкімет тиісті шаралар қолдануға әрекет етпесе, Қазақстанда мерзімінен бұрын парламенттік немесе президенттік сайлау өтсе, теңге девальвациясын болжауға болады. Бірақ бұл мемлекетті басқару жүйесіне, яғни президенттік басқару формасына сенімсіздік тудыруы мүмкін.

Геннадий Шестаков, Қазақстан кеден брокерлері қауымдастығы кеңесінің төрағас- Бұл тіпті болжам да емес, анық фактілер. Халықтың тұрмыс-тіршілігіне келсек, жұрт енді ЕАЭО мүше елдер территориясында миграциялық карточка толтырмайтын болады. Тауарлары мен қызметтері еркін айналымға түсетін бизнес үшін де қолайлы. Беларусь пен Ресей территориясында емін-еркін қызмет көрсету мүмкіндігін аламыз. Экономикалық одақ аясында мемлекеттік тапсырыс алуға жол ашылады. Бірақ бәсекелестік те күшейеді.

Еңбек ресурстары жағынан алсақ,бір жағынан жеңілдік бар, бір жағынан бәсекелестік күшейеді. Өйткені жұмыс күші дегеніміз, қара жұмысшы ғана емес, инженер мамандар, менеджмент те ғой. Қазақстандық кәсіпкерлерге ЕАЭО-ның алғашқы жылдары оңай соқпасы анық. Өкінішке қарай, біздің бизнес «сатып ал да сат» деген қарабайыр модельге негізделген. Ресейдегі экономикалық жағдайды ескерсек, өндірушілерімізге тауарларын ортақ нарықта сатуы қиын болады.

Меніңше, теңге девальвациясы тығырықтан құтқаратын жол емес. Бірақ баж салығы жоғары болған Кеден одағы кезінде отандық тауар өндірушілердің өндірісті дамытып алуға төрт жыл уақыты болып еді. Кезінде жергілікті тауар өндірушілердің ешқайсысы мұны ойлап, қам жасамады. Ресей енгізуге тыйым салған азық-түлік түрлерін өндірумен айналысуға Батыс санкциялары да түрткі болуы тиіс еді. Тым болмағанда, ЕАЭО нарығын алмаға көміп тастауға шамамыз келеді ғой. Бірақ ЕАЭО нарығын айтпағанда, өз дүкендерімізде де Польша мен Молдова алмасы сатылады.

Толғанай Үмбеталиева, саясаттанушы- Бұл одақ мемлекет басшыларының, әсіресе Ресей мен Қазақстан президенттерінің саяси ерік-жігерінің арқасында құрылғандықтан, ЕАЭО жұмыс істеп кетеді деп ойлаймын. Бірақ бәрібір әлдебір кикілжіңдер мен қайшылықтар болатыны даусыз. Қарымта санкция салу сияқты кейбір келіспеушіліктерге байланысты одақ ішінде көптеген мәселе сол күйі шешілмей қалды. Сондықтан келесі жылы одақ толық күшімен жұмыс істеп кете алмайтын сияқты. Ал саяси одақ ретінде жұмыс істей береді.

Қазақстандықтардың әлеуметтік ахуалына қатысты айтар болсам, қазіргі жағдай 2007-2008 жылдардағы дағдарысқа ұқсайды. Әлеуметтік шиеленіс ұлғая беретін шығар, бірақ олар радикал наразылықтарға ұласпайды. Оның үстіне, Еуропа мен Қытайда да экономикалық өсім баяулағаны сезіледі. Қазақстанда халықтың наразылық күшейеді деп ойламаймын. Бірақ қоғам бар кінәні Ресейге артып, Қазақстанның мына одаққа кіруінен көретіндіктен, антиресейлік көңіл-күй күшеюі мүмкін. Сондықтан үкімет теңгенің қазіргі бағамын ұстап тұруға тырысады, бірақ шамасы қаншалықты ұзаққа жетеді, ол — белгісіз.

Евгений Жовтис, құқық қорғаушы

— Қарапайым адамдардың тұрмыс-тіршілігін күрт өзгертіп жіберетіндей әлдебір шешімдер қабылданғанын әзірше байқамадым. Меніңше, біздің елге қазір ЕАЭО-ның емес, Ресейдің экономикалық және саяси проблемаларының әсері көбірек тиетін сияқты. Келесі жылы Ресей экономикасы тоқырауда болатыны сөзсіз. Ресей экономикасына үлкен қиындық тудырған Батыс елдерінің санкциясы, мұнай бағасының арзандауы, рубльдің құлдырауы сияқты жағдайлар ЕАЭО-ға мүше өзге елдерге де жанама түрде болсын соққы болып тиеді.

Ресей экономикасы кемі бірер жыл, тіпті одан да көп уақыт қиындықтан шыға алмайды, бірақ екі елдің экономикалық әлеуетін бәрібір салыстыруға келмейді. Экономика мен саясат байланысты болғандықтан, бұл біздің елге саяси қысымды күшейтеді. Әсіресе Ресейдің әлемнің дамыған елдерімен саяси шиеленісінен көбірек зардап шегуіміз мүмкін.

Түпнұсқадағы тақырып: 2015 жылы ЕАЭО қазақстандықтар өмірін қалай өзгертпек?

Авторы: Парыз Бәйтенов

azattyq.org

Толығырақ: http://alashainasy.kz/economica/eaeo-kazakstandyiktar-omrn-kalay-ozgertpek-60282/