АЛТЫНОРДА
Новости

Бейжіңде қазақ тілі мен мәдениетін дәріптейтін «Қазақ бала» клубы ашылды

Бейжің. 8 сәуір. BAQ.KZ – Қытайдың астанасы Бейжіңде тұратын қазақтар балаларына арнап «Қазақ бала» атты клуб құрды. Өткен демалыс күндері ұйымның қоғамдық іс-қимылдары өтумен қатар, тұңғыш «Тілашар» қазақ тілі курсы ашылып, қазақ балаларына дәріс оқылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Біз клуб жетекшісі Жанар Сіләнбекқызына телефон арқылы қоңырау шалғанымызда әк суын абайсызда жұтып, асқазаны мен өңеші ауыр зақымдалған Ақерке есімді 7 жасар қызға ота жасалып жатқанын, науқастың анасының қасында екенін айтты. Біз де науқасқа отаның сәтті жасалуына тілектес екенімізді білдіріп, сұрағымызды қиялай қойдық.
«Біз жырақта жүрген қазақтың ұл-қыздарымыз ғой. Барлығымыз дерлік жоғары оқу орнын Бейжіңде оқып, қызметке орналасып, шаңырақ көтеріп қалып қойғанбыз. Балаларымыздың тіл мәселесі бізді қатты алаңдатып келген еді. Сонымен қоса жас жеткіншектер қазақ мәдениеті мен тарихын, салт-дәстүрін де біліп өссін деген ортақ ойдың жетегімен осы жылдың 28 наурызында «Қазақ бала» атты клубымызды құрғанбыз. Бейжіңдегі қазақ ата-аналардың қолдауында жұмысымыз тез басталды. Демалыс күндері танысу мақсатында балабақша мен бастауыш сыныптарда оқитын қазақ балалары және олардың ата-аналарының басын қостық. Онда балалар арасында ойындар ұйымдастырумен қатар, ата-аналарды Шыңжаңның алыс ауылынан келіп, үлкен қалада емделіп жатқан Ақерке есімді қызымызға жылу жинауға шақырдық. 2010 жылдан бері ауыру азабын тартып келе жатқан бала мен оның жалғыз басты анасына Пекиндегі барлық қазақтар қайырымдылық қаражаттарын жинап бердік. Сондай-ақ, «Тілашар» қазақ тілі курсының да жұмысын бастадық. Бейжіңде тұратын Қазақстанның Қыиайдағы елшілігінің өкілі, тіл маманы Райхан Әбішова балаларымызға әліппені таныстырып, тұңғыш дәрісімізді жүргізді», — дейді Ж.Сіләнбекқызы.

 

«Тілашардың» алғашқы сабағына Қытайдың бас қаласында орналасқан қазақ отбасынан 16 бала мен 19 ата-ана қатысты. Бұдан кейін әр жексенбі күні болатын «Тілашардың» шәкірттері көбейетініне бейжіңдік қандастарымыз сенімді.
«Туған ауылдан алыс Бейжіңде жүрген қазақ балаларына тілдік орта жетіспейді. Кейбірі отбасында ғана қазақша сөйлесу орайына ие болады. Ал, кей ата-аналардың өзі қытай тілінде оқығандықтан оларға қазақшадан гөрі қытайша пікірлесу жеңілірек. Заман талабы да қытай тілі мен ағылшын тілін еркін меңгеруді қажетсініп отыр ғой. «Балапан ұяда нені көрсе, ұшқанда соны алады» дегендейін осылай кете берсе кейінгі ұрпақтың ана тілінен айырылары даусыз. Алып шаһарда тұратын қазақ ата-аналарының көкейінде жүрген күдікті «Қазақ бала» клубы сейілтті. Клуб ұйымдастырушылары өткен сенбіде 15-тей отбасының басын қосып Рытан бағында балаларды өзара таныстыру және отабысылық сайыстар өткізу сияқты шараларды алып барған болатын. Жексенбі күні өткен «Тілашар» курсын ұйымдастырды»,-дейді Қытай Қазақ радио сайтының тілшісі Дауыл Қадылбекұлы.
Жаңа ғана құрылған клубтың жоспарлары да жасалған. Алдағы уақытта Бейжіңде білім алып жатқан өнерлі қазақ студенттері балаларға қазақ ән-биінен сабақ беріп, домбыра курстарын ұйымдастырғалы отырғанын қуанышпен жеткізген клуб жетекшісі Жанар Сіләнбекқызы: «10 мамырда клубымыздың құрылғандығын ресми түрде үлкен жиналыс өткізсек деп отырмыз. Сондай-ақ, 1 маусым Халықаралық балалар күніне орай концерт ұйымдастыру ойымызда бар. Әнші Тасқын Табысұлы мен Арай Айдарханұлы қатарлы бауырларымызбен қоса ән-би мен күйді де қоса үйретіп берейік деген талантты бауырларымыз бар. Қытай астанасында ұзақ жыл қызмет еткен профессор ағаларымыз бен апаларымызды да арнайы шақырып, балаларға қазақтың мәдениеті мен тарихынан дәріс оқытпақпыз», — дейді.
Айта кетейік, бұл күнде Қытайдың астанасы Бейжің қаласында 300-ге тарта қазақ тұрады. Олар негізінен сондағы зиялы қауым мен студенттерді құрайды.

 

Майгүл СҰЛТАН,BAQ.KZ