АЛТЫНОРДА
Новости

БЕЙІМБЕТ МАЙЛИН: БІР АМАНАТЫМ БАР

.Әлі есімде, 1991-жылдың наурыз айы болатын. Ол кезде Қарағанды облыстық «Замандас» жастар газетінің редакторымын. Қазақ әдебиетінің классик қаламгері Бейімбет Майлиннің туған қызы Рәзия апай өзіміздің Жаңаарқа ауданының орталығы Атасу кентінде тұратынын кездейсоқ жағдайда естідім де, әңгімесін тыңдауға аңсарым ауды.

Көп ұзамай, Рәзия апайды арнайы іздеп барып, көңілде жүрген сауалдарымның барлығына жауап алдым. Осы сапардың нәтижесінде жазылған «Би-ағаның бір баласы» деп аталатын деректі-танымдық көлемді очеркім «Орталық Қазақстан» газетінің сол жылғы сәуір айындағы 5 нөмірінде басылды. Келесі жылы оның ықшамдалған нұсқасы «Жұлдыз» журналында жарияланды.

Осыдан кейін Рәзия апаймен ол кісі дүниеден өткенше байланысымыз үзілген жоқ. Асылдың сынығындай абзал жан өзімнің туған анамдай болып кеттті.

Бірде Рәзия апайдан кезекті бір хат келді. «Қауіпсіздік комитеті мұрағатынан әкемнің түрмеде толтырылған анкетасы мен соңғы рет түскен суреті табылды. Саған солардың көшірмелерін жіберіп отырмын. Бір кәдеңе жаратарсың, айналайын!» деп жазыпты ардақты Рәзия анамыз.

Бұл мен күтпеген тың деректер еді. Апайдың сол хаты мен анкета көшірмесін негізге ала отырып, «Түрмеде толтырылған анкета» деп аталатын деректі мақала жаздым. Ол «Орталық Қазақстан» газетінде жарияланды.

Сол анкетада «әскери қызметі, атағы» деген сауалға Би-аға «Алашорда әскерінің қатардағы сарбазы» деп жауап беріпті. «Денсаулық жағдайы» деген сауалды жауапсыз қалдырыпты. Сірә, «жақсы» деп жауап қайтаратын жағдайы болмаған, «жаман» деп жазудан да тайсақтаған сияқты.

Жалпы, көз көргендердің естелігіне қарағанда Бейімбет Майлин жаратылысынан үрейге бейім, үркектеу адам болғанға ұқсайды. Тағдырдың салғанына мойынұсынып, НКВД тергеушілерінің өзіне таққан жалалары мен ауыр айыптарын тез мойындай салғандай. Бұған оның түрмеде түсірілген мына соңғы суреті де айғақ болып тұр. Өзінен екі апта бұрын қамалған Сәкен Сейфуллиндей аса көп тепкі көре қоймаған секілді. Сақал-мұрты өскен, көздері аларыңқырап, беті домбығып кетіпті. Көзінің асты қалталанып қалған.

Менің пайымдауымша, Бейімбет бұл суретке НКВД түрмесіне қамалғаннан кейін көп ұзамай түсірілген. Себебі қобыраған қалың шашын бұл кезде әлі сыпырып алмаған.

Бейімбеттің бір әдеті – жазу жазып отырғанда маңдай шашын бір қолымен бұрап қойып отырады екен. Оның түрмеге қамалғанына екі айдай уақыт өткен соң жары Гүлжамал әрең дегенде бір рет жолығуға рұқсат алады. Сол күні кешке Гүлжамал үйіне жылап кіріпті.

— Бүгін мені әкелеріңе жолықтырды. Шашын тықырлап алып тастапты. Түрі жүдеу. Өзінің өңі кетіп қалыпты. «Бейімбет-ау, шашыңды бұрап отырушы едің. Енді неңді бұрайсың?» деп жыладым,-деп егіліпті ардақты аналары балаларына. Сол кезде 13 жаста болған Рәзия апай осының барлығын жадында сақтап қалған. Асқар таудай абзал әкесін де оның көз алдында «Қара құзғынмен» алып кеткен. Қара түнде келіп, небір жақсылар мен жайсаңдарды қараңғы тас түрмеге алып кететін НКВД-нің машинасын ел «Қара құзғын» деп атайтын.

«Егер Бейімбет жау болса, мен де жау шығармын»» деп салған қайран Ғабең, қазақтың тағы бір классик қаламгері Ғабит Мүсірепов өзінің естеліктерінің бірінде: «Бейімбет Майлин – әрі теңдесі жоқ әңгімеші ретінде де, әрі прозадағы сүйекті шығармаларды жасаушы ретінде де біздің тұңғыш зергер прозашымыз» деп Биағаның лайықты бағасын берген еді.

Қазақтың ұлы қаламгері, өмірде қой аузынан шөп алмайтын момын жан болған Бейімбет Майлиннің НКВД торына түсуіне қара жүректі күйкентай пенделер себепкер болған. Бұл жайында Бейімбеттің адал досы, ізбасар інісі Ғабит Мүсіреповтің мынандай бір ағынан ақтарылған сөздері бар: «Сәкен Сейфуллин Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы болды. Әкімшілік қызметі дұшпанын көбейтуге себеп етті делік. Ал Бейімбет бейбақ ше? Ең үлкен мансабы – «Еңбекші қазақ» газеті редакторының орынбасары. Осы қой аузынан шөп алмас момын жанды көрсеткен қай жауыз? Өзіне таныс революционер Сәкенді, не құлағы естіп, көзі көрмеген Майлинді ұстаңдар деп Сталин тіке нұсқау түсірмегені анық». Ғабеңнің осы пікірі қаламгер Ш.Елеукеновтің «Қазақ әдебиеті» газетінің 2002 жылғы 11 қаңтар күнгі санында жарияланған мақаласында келтірілген.

НКВД жендеттері Бейімбет Майлинді 1937 жылғы 6 қазан күні кешкісін тұтқындаған. Соның алдында ғана өзінің сценариі бойынша қазақтың тұңғыш көркем фильмі «Амангелдінің» түсірілімінде кеңесші болып жүрген Би-аға кино түсіріліп жатқан Қарақастектен келіпті.

Би-аға қамалған кезде отбасында жары мен үш ұл, екі қызы қалған. Ол өте балажан адам болған екен. Бейімбет әйелімен түрмеде болған бірінші және соңғы кездесуінде:

— Гүлжамал, саған бір аманатым бар. Анау үшеуі ұл ғой, қиындыққа мойымас. Екі қызымды сағындым. Енді келгеніңде сол екі қалқамды ала келіп, бір иіскетіп кетші маған!-депті де көңілі бұзылып, теріс айнала беріпті. Амал нешік, Би-ағаның осы ақырғы аманатын орындаудың орайы келмеген көрінеді. Халықтың ұлдарын «халық жауы» атандырып, ауыр азап шектірген сұрқай заман-ай!

Бейімбет Майлиннің тағы бір ерекше мінезі – бастық болуға жоламау. Нарком Темірбек Жүргенов оны «Казиздат» баспасының директоры етіп тағайындамақшы болғанда, қайран Би-аға бұл ұсыныстан ат-тонын ала қашыпты. Содан соң бұл ұсыныс Ғабит Мүсіреповке айтылады. Ол баспаға барса, атағы дардай жазушы Бейімбет Майлин сол баспада қатардағы редакторлардың бірі болып қызмет атқарып жүрген көрінеді.

Бұған қайран қалған Ғабең Темірбек Жүргеновке жүгіріп келіп:

— Бейімбет Майлин қатардағы редактор болып отырған баспаға мен директор бола алмаймын,-депті. Көрнекті мемлекет қайраткері Темірбек Жүргенов шындықты бетке айтып, қарап отыратын ер мінезді адам болған екен.

— Сен әулие болсаң, Бейімбетті директор болуға көндіріп берші. Біз мойнына қыл арқан салудан басқаның бәрін істедік,-деп шарт кетіпті.

Ғабең қанша жалынса да, Би-аға директор болуға көнбей қойыпты.

— Мен ауру болмасын десең, сен директор болшы. Жұмысын өзім-ақ атқарып берейін,-дейтін көрінеді. Бұл туралы Ғабең өзінің естеліктерінде жазған.

Қазақ халқының классик қаламгері Бейімбет Майлин – өзінің тамаша талантымен әдебиетіміздің төрінен ойып тұрып орын алған зерлі сөздің зергері. Оның қара ормандай халқына қалдырып кеткен шұрайлы шығармалары ұрпақтан ұрпаққа аманат болып, қымбат рухани қазыналарымыздың қатарында саф алтындай жарқырап тұра беретін болады.

Төлеубай ЕРМЕКБАЕВ,            

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Қарағанды қаласы

Abai.kz