АЛТЫНОРДА
Новости

Батыс Қазақстандағы орыс сепаратизмi немесе Ресейдiң “бөлiп ал да, билей бер” саясаты

Өткен айдың соңында lenta.ru сайтында Петр Бологов деген автор­дың “Кiшi жүз. Каспийдiң жағалауында жаңа мемлекет пайда бола ма?” (“Младший жуз. Появится ли на берегах Каспия новое государство”) деп аталатын мақаласы жарияланды. Мұны қазақ қоғамының тамырын басып көру деймiз бе, әлде ашық арандату ма, қалай болғанда да Бологовтың осы мақаласы сарапшылар мен саясаттанушылардың төбесiне жамбы лақтырғандай еттi. Автордың (анығында, автордың артында тұрған шовинистердiң) көздегенi не? Мақсаты – қазақтың ұсақ-түйек рушылдығын пайдаланып, қоғамға iрiткi салу, Қазақстанның мұнайлы өлкесiне көз аларту. Бiр ауыз сөзбен айтқанда, “бөлiп ал да, билей бер” саясаты.

Белоговтар Жаңаөзендегi оқиғаны “Кiшi жүз Адайларының бас көтеруi” дегенге иiп әкел­гiсi келедi. 1989 жылы дәл осы Жаңаөзенде болған оқи­ғамен сабақтастырмақ боп тыраштанады. Автордың қалай-қалай сермейтiнiн, кiмдi-кiмге айдап салмақ болғанын мына сүйке­месiнен-ақ аңғаруға болады: “КСРО-ның күнi бiтуге таяған шақта батыс қазақтары республиканың билiк тепкiшек­терiнде аз болған жоқ (Зақаш Камалиденовтi мысал етедi – автор), алайда Алматыдан және өзге өңiрлерден қолдау таппаған оларды бiртiндеп билiктен ысырып шығарды. Кейiннен Атырау облысының тумасы Иманғали Тасмағамбетов премьер-министр (қазiр ол Астананың әкiмi) болып тағайындалды. Ал оның жерлесi Аслан Мусин (қазiр есеп комитетiнiң төрағасы) ұзақ уақыт президент әкiмшiлiгiн басқарды. Бiрақ орталық билiкте каспийжағалауы аймағындағы рулар мен жүздердiң өкiлдерi тым аз… “Батыс Қазақстан” деп аталатын сепара­тистiк ыңғайдағы аймаққа жа­­татын Маң­ғыс­тау облысын Ал­маты қаласының тумасы Алик Айдарбаев бас­қарады. Бұған дейiн бұл облыс­қа Жамбыл облысының тумасы Бауыржан Мұхамеджанов же­тек­­шiлiк еттi. Осы өңiрде ту­ып-өскен, өңiрдi басқарған жалғыз адам – Ләззат Қиынов. Бүгiнде ол “ҚазМұнайГаздың” президентi. Ол қазiр билiк тепкiшек­терiн­дегi Маңғыстау өңiрiнiң жалғыз тумасы…”.
Бологовтың көмекейi “Батыс Қазақстан деп аталатын жеке мемлекет болса…” деп бүлкiл­дей­тiнiн байқаған шығарсыз. “Кiшi жүз өкiлдерiнiң басы ноқтаға сыймайды”, “Адайлар би­лiк­те неге аз?” деп жұқалап отырып әлдекiмдердiң қолтығына су бүркитiндей.
Сепаратизмнiң шоғын үрлей отырып, бологовшылар өзгеге кiнә артады. Мәселен, ол былай дейдi: “…Қазақстандағы сепаратизмнiң артында “Шеврон” сияқты iрi мұнай концерн­дерi тұр деген пiкiр айтылды. Каспийдiң байлығын игеруде Қазақстан билiгi алғашында америкалықтарға құшақ жайғаны, кейiннен қатаң саясат ұстана бастағаны бұған себеп болды дейдi.
Жаңаөзендегi оқиғадан кейiн мұның артында АҚШ-тың тұрғаны айтыла бастады. Аймақтағы америкалық агентуралардың белсендiлiгi артқаны, Назарбаевты тақтан тайдыру үшiн АҚШ-тың “арнайы операция” жүргiзгенi тiлге тиек етiл­дi…”.
Байқасаңыз, ресейлiк шови­нистiк топтардың “батыс Қа­зақстандағы сепаратизм” деген ұғымды қоғамға күштеп таңып, АҚШ-тың артына қоңырау байлап бергiсi келетiнiн аңғару қиын емес.
“Жаңаөзендегi оқиғаның артында шетелдiң шпиондары тұр” деген дақпыртты құлағымыз шалғаны рас. Бiрақ бұған дәлел де, дәйек те жоқ. Тiптi себеп табу қиын. Осыдан кейiн “бұл әңгiменi Ресейдiң агентуралары таратып жүрген жоқ па?” деген қарсы сұрақ туады. Бұлай деуге негiз бар. АҚШ-қа қазақтың руға бөлiнушiлiгiнiң құны көк тиын.
Алатын мұнайын олар былай да алып отыр. Кейбiр сарапшылар айтқандай, “АҚШ мұнайды Қазақстан деген бiртұтас мемлекеттен ала ма, әлде “Батыс Қазақстан” деген жаңа мемлекеттен ала ма, оларға бәрiбiр”. Ал ендi Ресейге Қазақстанды бөлшектеу географиялық тұр­ғыдан тиiмдi. Алдымен Батыс Қазақстанды бөлiп алса, одан кейiнгi кезек Солтүстiк Қа­зақстандiкi, одан кейiн… Қыс­қасы, баяғы ескi сүрлеу, им­периялық амбиция.
Бологовтардың сүйенетiнi – Қазақстандағы ресейшiл топтар. Жекелей айтқанда, “тү­сiнiксiз Мұрат Телiбеков”, “Қа­зақстанның жiлiгiн шағып, ма­йын iшкен Михаил Пак”, “саясат­тануды ермек еткен Марат Шибұтов”, “қазаққа титтей де жа­ны ашымайтын Данияр Әшiм­баев”, тағысын-тағылар. Телi­беков те, Пак та, Шибұтов та, Әшiмбаев та әр нәрсенiң басын бiр шалып, жұртты адастырып жүр. Әсiлi, бұлар қалай айт дейдi, солай айтатын болса керек. Олардың сөзiнен мысал келтiрiп, ақ қағаз бен сияны шығындамай-ақ қояйық.
Бологовтың арандатушы мақаласын саясаттанушы Айдос Сарым жiлiктеп талдап бердi. А.Сарым былай дейдi: “Батыс Қазақстанда ешқандай да қазақ сепаратизмi жоқ. Бұл жөнiнде кез келген адаммен бәс тiге аламын. Мұны айтып жүргендердiң мақсаты бөлек. Олар өздерi қалаған нәрсенi таң­ғысы келедi”.
Сарыммен келiсуге болады. Батыста да, Шығыста да, Сол­түстiкте де, Оңтүстiкте де, Орталықта да ешқандай қазақ сепаратизмi (!) жоқ. Тайпалық бөлiнушiлiктi, жүзшiлдiктi, рушылдықты сепаратизм деу – қате түсiнiк. Егер мәселенi дәл осылай қарайтын болсақ, қазақ мемлекетi атам заманнан берi сепаратизм жайлаған мемлекет болып шықпай ма? Ендеше, Қазақстан деген мемлекеттi сиырдың бүйрегi секiлдi бөл­шек-бөлшек етiп жiбермей, күнi бүгiнге дейiн қалай сақтап келдiк?
Сепаратизм деген ұғымды екiге бөлiп қарап жүрмiз ғой – этникалық және дiни. Этникалық сепаратизмдi Ресейдiң бiзге күштеп таңғысы келетiнiн айттық. Ал ендi дiни сепара­тизмнiң алғышарттарын Қазақстанның кез келген түпкiрiнен кездестiруге болады. Бұл – бас­қа мәселенiң тақырыбы.
Түптеп келгенде, Қазақстан деген бiртұтас мемлекеттен “Батыс Қазақстан” деген жаңа мемлекеттi бөлiп шығаруды сыртқы күштер ғана көздейтiнi анық. Анығында, империялық амбициясы тыным таптырмайтын Ресейдiң көздегенi. Бологовтардың көксегенi Батыс Қазақстан болған соң, жұртты адастырмас үшiн бұл өңiрде “орыс сепаратизмiнiң” етек жая бастағанын ашық айтуға тиiс­пiз.
Марат Қожабек,
Ақтау қаласы.
http://zhasalash.kz/saraptama/9189.html