АЛТЫНОРДА
Новости

Барак Обама әл-Ақса мешітіне бас сұқпақ

Астана. 26 ақпан. BAQ.KZ. АҚШ президенті Барак Обама әл-Ақса мешітіне сапарлатуы мүмкін. Бұл жайында OnIslam.net хабар таратты. «Әл-Ақсаға келетін кез келген қонақты құшақ жая қарсы аламыз», – деді жоғарғы ислам кеңесінің басшысы әрі Құдыстың бұрынғы бас мүфтиі, шейх Әкрам Сабри шығыс әл-Құдыста өткен баспасөз мәслихатында. «Алайда, меймандар мұсылмандардың егемендігін мойындайтын болса, ережені сақтап, Мағрыб қақпасымен (Израиль қарауындағы) емес, Арыстан қақпасы арқылы кіруі керек», – деді ол.

Әкрам Сабри АҚШ президентінің бұл қадамын басқаша жорып, оған саяси рең берудің қажеті жоқтығын айтады. «Өйткені, әл-Ақса тек мұсылмандардың құлшылық ететін орны. Біз АҚШ президентіне еріп жүрген израильдік шенділер мен шенеуніктерді ішке кіргізбейміз», – деді ол артынша.

Наурыз айында АҚШ президенті Палестина мен Израиль арасындағы тығырыққа тірелген келіссөзді өз арнасына түсіру үшін Израильге және жаулап алынған Батыс жағалауға сапар жасайды. Палестиналықтар АҚШ президентінің палестиналықтармен және иорданиялықтармен келіспей исламның киелі орнына келуі мәселені шешпейді деп санайды.

Әл-Ақса мұсылмандардың алғашқы құбыласы және Мекедегі Қағба мен Мәдина шаһарындағы Пайғамбарымыздың (с.а.с.) мешітінен кейінгі ислам құндылығы болып табылады. Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.а.с.) көкке осы Әл-Ақса мешітінен көтерілді. Еврейлер әл-Ақсаның астында «Сүлеймен храмы» шөгіп жатыр деп біледі. Сол себепті, мұсылмандардың киелі орнын жермен-жексен етіп, оның орнына «үшінші храмды» тұрғызуды көздейді.

muslim.kz