АЛТЫНОРДА
Новости

Балаңыз қай тілде білім алып жүр?

Мемлекеттік тіл мәселесі туралы талай мақала жазылып, биік мінберлерден ұсыныстар айтылды. Сан түрлі бағдарламалар қабылданып, қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту мақсатында қыруар қаржы бөлінді. Алайда  отандастарымыздың бәрі әлі де қазақша сайрап кеткен жоқ. Әсіресе, солтүстік пен шығыс облыстарда мемлекеттік тілді меңгермегендер көп. Ал, қазақтықтың қаймағы сақталған Оңтүстік өңірінде бұл мәселе аса өзекті болмағанымен, мұнда да ойланарлық істер жетерлік.

Орысша оқитын балалар

Сіз Шымкенттегі мектептердің орыс сыныптарында орыс ұлты өкілдерінен гөрі қазақ балалар көп дегенге сенесіз бе? «Бұл қалай ?» деуіңіз мүмкін. Бірақ сенуге тура келеді. Жуырда облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Балхия Көмекбаева бір жылда атқарған жұмысы туралы есебінде бірқатар мәселелердің шетін қылтитты. Оның айтуынша, бүгінде облысымыздағы 1019 мектепте 534195 оқушы білім алуда. Олардың 395484-і, яғни, 74 пайызы қазақ сыныбында оқиды. Оның ішінде 13809-сі  — өзге ұлт өкілдері.

Мемлекеттік тілге мойын бұрған жастардың саны артқаны қуантады, әрине. Бірақ, бізді мына мәселе ойландырды. Өңіріміздегі орыс сыныптарында 57918 оқушы білім алуда. Бір қызығы, өзге тілде оқитын жастардың басым бөлігі қазақтар. Деректерге сүйенсек, сол сыныптардағы жастардың 12991-і орыс ұлтынан болса, 16471-і өзіміздің қаракөздер.

Яғни,  орыс  сыныптарында орыстардан гөрі қазақтар көп деген сөз. Сондай-ақ өзбектің 14228, тәжіктің 1064  және өзге диаспоралардың 13164 ұл-қызы да орысша оқып жүр. Демек, өзге диаспора өкілдері де мемлекеттік тілден гөрі орыс тілінде оқығанды жөн көреді екен. Бұл нені білдіреді? Ұлты орыс емес 44927 оқушы неге орысша оқуға құмбыл болды? Осыған тоқталайық.

Көптеген ата-аналар ұл-қыздарын үйіне жақын маңдағы мектепке оқытқанды қалайды және оның қай тілде білім беретініне ойланып жатпайды. Бұл өз тілін сүймеуден емес, қалыптасқан жағдайдан туындаған қадам. Нәтижесінде мыңдаған бүлдіршін орыс сыныптарына барды. Бұл бір.

Екіншіден, кейбір қандастарымыздың көкейінде «қазақ мектебінен гөрі орыс мектептерінде білім сапасы жоғары» деген пікір бар. Кеңес заманынан қалған осы қағидаға сүйенген олар балаларын саналы түрде орыс сыныптарына береді. Бұл құптарлық қадам емес. Тәуелсіздік жылдары қазақ тілінде білім беретін оқу ордаларының да сапасы жоғарылағанын мойындауға тиіспіз. Осы мектептерді бітіріп-ақ «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелдерде оқып жүрген жастарымыз жетерлік.

Үшіншіден, ұлттық бірыңғай тестілеуде (ҰБТ) қазақ мектептерін бітірген түлектер арасында бәсекелестік өте жоғары. Ал, орыс тілінде, керісінше, грантқа ие болу оңайлау. Қазақ бөлімінде тегін оқу үшін кем дегенде 80 балл алу талап етілсе, орыс бөліміне кейбір мамандықтар бойынша 60-65 балл алу жеткілікті болған. Байқағандарыңыздай, айырмашылық – 10-15 балл.  Бұл мәселе Парламентте де көтерілген-ді. Депутаттардың мәлімдеуінше, 2011 жылы білім беру гранттарын тағайындау конкурсына 91018 талапкер қатысса, оның 66912-сі қазақ, 24106-сы орыс тілінде оқығандар. Ал, 36 мыңнан астам мемлекеттік гранттың 40 пайызға жуығы орыс сыныбын бітірген талапкерлерге бұйырыпты. Бұл әділетсіздік қазақ тілінде оқығысы келетін жастардың азаюына әкеліп соқпасына кім кепіл? Сондықтан жыл сайын қазақ сыныптарында оқыған талапкерлерге бөлінетін гранттар санын көбейткен жөн. Мемлекеттік тілге қарсы қолдан жасалған кедергілерді жоймай, тілдің көсегесі көгермейді.

Былтыр «Оңтүстік» ақпарат орталығында өткен мемлекеттік тілді қолдауға арналған жиында Василиса есімді қыз: «Менің ұлтым – орыс. Мақтаарал ауданында қазақ мектебінде оқыдым. Құрбы-құрдастарыммен бірігіп, әбден дайындалып ҰБТ-ны тапсырдым. Бірақ, мен жинаған балл грант алуға жетпеді. Егер орыс сыныбында оқығанымда осы баллмен тегін оқитын едім. Меніңше, бұл дұрыс емес. Қайта қазақ бөлімдеріне оқуға түсуді жеңілдету керек»,-деп ащы шындықтың бетін ашты.

Әрине, әр ата-ана баласын қай тілде оқытамын десе де өз еркі. Дегенмен, қалың қазақ шоғырланған өңірде қазақ тіліне қырын қарау – үлкен кемшілік әрі сорақылық.

Сайрамға қазақ сыныптары қажет

Сайрам ауданында 120 қазақ баласы өзбек сыныптарында білім алып жүр. Атап айтар болсақ, Көлкентте 51, Манкентте 37, Қарасуда 7, Қаратөбеде 5, Жібек жолында 4, Арыста 4, Қарамұртта 1 және Сайрам ауылында 11 оқушы өзбек сыныптарына қабылданған. Облыстық деңгейде көтерілген осы мәселе республикалық ақпарат құралдарында да жарияланды. Өте ұят. Өз елінде жүріп, ана тілінде білім ала алмау дегеніміз масқара ғой.

Өзбек ұлты өкілдері жиі шоғырланған елді мекендерде тұратын бірнеше отбасы ұл-қыздарын өзбек сыныптарына берген. Амалдың жоқтығынан. Өйткені, оқушылар үйлеріне жақын орналасқан мектепте оқығысы келеді. Аудан әкімдігіндегілер: «Ата-аналарымен сөйлестік, ұл-қыздарының өзбек сыныбында оқуына қарсы емес. Олардың біразы балаларының ұлтын қазақ деп жаздырған жергілікті тұрғындар» деген уәж айтты.  Ал, облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Б.Көмекбаева бұл «ақталумен» келіспейді.

— Өзге ұлт өкілдерінің балаларын қазақ сыныптарына тарту керек. Ол үшін аудан, қалаларда ата-аналар мен оқушылар арасында насихат жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуі тиіс. Сайрам ауданында қазақ сыныптарын көбейтуге әбден болады. Онда тек қазақ балалары оқымайды, өзбек ұлты өкілдері арасында да қазақ тілінде оқығысы келетіндер баршылық,-деді ол.

Елімізде әрбір диаспора өкілдерінің ана тілінде білім алуына жағдай жасалған. Облыста 10 орыс, 57 өзбек, 2 тәжік, 218 қазақ-орыс, қазақ-өзбек мектептері мен колледждері жұмыс атқаруда. Этномәдени орталықтарда да тіл үйрететін жексенбілік мектептер бар. Демек, тілдерді дамыту бағытында атқарылған жұмыстар өз деңгейінде деуге болады.

Күлбілтелемей турасын айтсақ, Сайрамда қазақ мектептерін көбейту керек. Егер жергілікті әкімдік пен білім бөлімі іскерлік танытса, бұл мәселені шешуге әбден болады және ол шешілуі тиіс. Жоғарыда айтылған олқылыққа жол беру елдігімізге сын емес пе? Әрбір отандасымыз бірінші кезекте қазақ тілін жетік меңгеруге міндетті. Ол өздері үшін де пайдалы. Мемлекеттік тілде іс-қағаз жүргізе білсе, қызметте де биік белестерді бағындыруға мүмкіндік бар.

Сырттай алған білімге сүйеніп…

Тілді жетік меңгеру үшін мектеп мұғалімдерінің білім деңгейі жоғары болуы керек. Бұл жағынан да кемшін түсіп жатқан тұстарымыз көп. Облыстық тілдерді дамыту басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңірімізде 2011-2012 оқу жылы қазақ тілі пәнінен сабақ берген мұғалімдердің 6238-і, яғни 42,4 пайызы сырттай оқу бітіріп, диплом алған.

Тілге тиек болған Сайрам ауданындағы қазақ тілі пәні мамандарының 56 пайызы жұмысқа осылай орналасқан. Төлеби, Бәйдібек, Отырар аудандарында да сырттай білім алған мамандар көп. Сондай-ақ орыс тілі пәнінен сабақ беретін 4447 мұғалімнің 27,1 пайызы, ағылшын тілінен дәріс беретін 3039 мұғалімнің 24,4 пайызы оқуды сырттай тәмамдаған. Нәтижесі де көзге бірден көрініпті. Былтыр ҰБТ-ға Оңтүстіктен 26011 түлек қатысса, олардың қазақ тілінен жинаған орташа балы 15,92-ні құрапты. Міне, сапасыз мамандарға сенім артуымыздан тапқан «олжамыз».  Есесіне, жоғары оқу орнын үздік бағамен бітірген кейбір жастар жұмыс таппай сенделіп жүр.

Облыс әкімі бұл мәселеге ерекше тоқталып, жас маманды жұмысқа қабылдарда біліктілігін тексеруді қатаң тапсырды. Оқуды сырттай бітіріп, ебін тауып, таныстықтың арқасында жұмысқа орналасқандардың бәрі өз ісінің білгірі бола алмайды. Қазақ әдебиетімен сусындамаған маманнан білім алған шәкірт те білімді болып жарытпасы анық.

Бүгінде облыстағы 5 жоғары оқу орынында 145 студент қазақ тілі және әдебиеті, 249 студент ағылшын және неміс тілі пәні бойынша сырттай білім алуда. Сондықтан келесі оқу жылынан бастап  білім саласына жауапты басшылар сырттай оқу түріне тоқтам салу бағытында жұмыс атқарғаны дұрыс. Ақшасын берсе дипломды оңды-солды тарата беретін сапасыз оқу орындарының жұмысына да бақылауды күшейткен жөн.

Түйін

Тіл мен діннің, ұлттық мәдениетіміздің ұйытқысы саналатын Оңтүстік өңірінде де бірқатар мәселелер бар екенін білдік. Енді осы олқылықтардың шешімін табуға кіріскен дұрыс. Егер өз тілімізді қызғыштай қорғап, мәртебесін асқақтатпасақ,  ұтыларымыз хақ. Өзге елдер өз ана тілдерін көкке көтеріп, бір тілде сайрап кетті. Ал біздің жүрісіміз мынау. Қолдан жасалған кедергілер көп.  Қазақстанның дамуы, гүлденуі қазақ тілімен тығыз байланысты екенін ұғынатын кез жетті.

Елбасы  «Қазақстан – 2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында «Қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ деп атайтын боламыз» деген болатын. Бұл міндетті орындау үшін барша қазақстандықтар атсалысуы тиіс.

Ешбір мемлекет дәл Қазақстан секілді аз диаспоралардың тілін, ділін, дінін дамытуына жағдай жасамаған. Бұны көршілес мемлекеттердегі деректерден білуге болады. Ендеше, әрбір отандасымыз ұлтына қарамай мемлекеттік тілді жетік меңгеруге, оны қадірлеуге, үйренуге міндетті. Өйткені, Елбасы Жолдауында айтылғандай, Қазақ халқы және мемлекеттік тіл — даму үстіндегі қазақстандық азаматтық тұтастықтың біріктіруші ұйытқысы.

Ғабит САПАРБЕКОВ,

Шымкент қаласы

Ұлт порталы