АЛТЫНОРДА
Новости

Бал мен сүт – ағзаға құт

Гректің ұлы ойшылы Сократ «Денсаулық – өмірдің мәні емес, ал денсаулықсыз өмірдің сәні жоқ» деген екен. Оның бұл сөзі әлі күнге дейін қадірін жоғалтқан жоқ. Шынында да, ұлт денсаулығынан қымбат ештеңе жоқ. Ал дені сау ұрпақ өсіру – бәріміздің ортақ міндетіміз. Бұл парыз әр адамға, отбасына, ортаға ерекше жауапкершілік жүктейтіні айтпаса да түсінікті. Бала отбасы, ошақ қасынан бастап жаман әдеттерден іргесін аулақ салып, денешынықтырумен, спортпен айналысып, саламатты өмір салтына бейімделіп өссе, бойын да, ойын да таза, сергек ұстауға дағдыланары анық. «Біз балаларымыздың денсаулығын қамтамасыз етуге жаңа тәсілдер енгізу мәселесімен жұмыс жүргізуіміз қажет». «Қазақстан-2050» Стратегиясында осылай атап көрсетілді.

Кемел білім алуға ұмтылған балдырғанның сәмбі талша желкілдей өсіп, жан-жақты дамуына дұрыс тамақтанудың, ас мәзірін баппен, талғаммен әзірлей білудің мәні ерекше. Мектеп-интернатта 500-ге жуық бала білім алса, жартысына жуығы жатып оқиды. Оларды күніне бес мәрте тамақтандырып, астың тіл үйірер дәмділігімен қоса ағзаға аса қажетті микроэлементтермен, дәрумендермен байытылуы, құнарлылығы 3-4 мың калориядан кем болмауы үнемі қадағаланып отырады. Соңғы жылдары ас мәзірі өңірдің табиғи-климаттық ерекшеліктеріне орайластырылып дайындалып жүр. Сол себепті ет өнімдері молынан салынады. Тағам түрлерін алмастырып беру дәстүрі кеңінен енгізілген. Мысалы, балықтан, көкөністен жасалған мәзірлер ұсынылады. Шырын, көкөніс үзілмейді. Жұқпалы аурулар көрініс беретін көктем, күз айларында сарымсақ, лимон салынған шай беру үрдісі қалыптасқан.

Қызылжар – ас мәзіріне бал және сүт енгізу жобаларын елімізде алғаш ұйымдастырған аймақ. Бағдарламалар қолға алынғанда алғашқылардың қатарында үн қосып, дастарқаннан үзілмеуін, жүйелі болуын қадағаладық. Соңғы 2 жылда бір тоннадан астам табиғи бал үлестірілді. Балалардың балға үйренгені соншалық, дастарқанға қойылмаса ішкен астары бойларына сіңбейтіндей іздеп отырады. Сол сияқты «Мектеп сүті» бағдарламасынан да қол үзген жоқпыз. Былтыр 27 тоннаға жуық, биыл 6 тонна сүт берілді.

Облыстық білім басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, жалпы білім беретін мектептердің 71 пайызы балмен қамтамасыз етілген. Бұл үрдіс ауылдық жерлерге де қанат жайғаны қуантады. Соңғы кездері балдан жасалған сусындар мен кондитерлік тағамдар әзірлене бастады. «Мектеп сүті» бағдарламасы 128 білім үйлеріне таралған.

Сөз арасында оқушылардың тамақтануына қатысты мониторинг ай сайын жүргізіліп тұратынын айта кеткен жөн.

Өткен жылы 66 мыңға тарта оқушы ыстық ас ішсе, 40 пайызы тегін ауқаттанған. Мектептерде 600-ге жуық асхана жұмыс жасайды.

Сүт пен балдың адам ағзасына тигізетін пайдасын айтудың өзі артық. Оқушыларымыздың шымыр болып шынығып, республикалық байқауларда алдыңғы орыннан көрініп жүруінің бір ұшығы сапалы тамақтануда жатса керек.

Солтүстікқазақстандықтардың өне­гесі өзгелерге де жұғысты болса, деген игі ниетіміз қолымызға қалам алдырған еді.

Күлжан ТӨКЕНОВА,

Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды

балаларға мамандандырылған облыстық

мектеп-интернаттың директоры.

Солтүстік Қазақстан облысы.

––––––––––––––––––––––

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

http://www.egemen.kz