АЛТЫНОРДА
Новости

АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫ НЕГЕ ӨСЕДІ?

02ed3e7cdf4bd4b79284214cb3769f04Азық-түлік қымбаттауда. Соған қарамастан, билік басындағылардың айтуы бойынша, инфляция белгіленген дәлізден шыққан жоқ. Мұны қалай түсінуге болады? 

Өткен жылдың қорытындысы бойынша ІЖӨ тұрғындардың жан басына шаққанда, 12 мың доллардан айналып, Польша, Венгрия, Бразилия, Түркия, және Малайзия секілді елдердегі тұрғындардың ахуалымен теңескен көрінеді. Аталған елдердегі жағдайдың қандай екендігін  білмейміз, ал өз еліміздегі әр тұрғын үшін ІЖӨ-нің 12 мың доллардан айналғанын сезіндік деп айта алмайтынымыз шын енді.

 

Экономика министрінің мәліметтеріне сүйенсек, әлемдік экономикадағы тұрақсыздыққа қарамастан еліміздегі экономикалық көрсеткіштер өте оңды. Нәтижесінде ағымдағы жылдың 9 айында ІЖӨ өсімінің көрсеткіші  5,7 пайызды құраған. Экономиканың өсуіне  тұрақты макроэкономикалық жағдай  ықпал етіпті.  Ал инфляция биылғы қыркүйек айында жыл басындағы көрсеткішпен салыстырғанда бар болғаны 3,3 пайызды ғана көрсеткен. Салыстырмалы түрде 2012 жылдағыдан 0,6 пайызға төмендеген.

 

Яғни  инфляция белгіленген дәлізден  шықпай,  жыл соңында 6-8 пайыздан аспайды деген тұжырым жасауға болады.

 

Егер инфляция  былтырғымен салыстырғанда бірте-бірте төмендеп келе жатса, онда ай сайын азық-түлік бағасы мен коммуналдық қызмет көрсетулердің тарифі неге өседі?  Мүмкін шенеуніктер баға мен тарифтің өсуін шыбын шаққан құрлы көрмес, ал қарапайым тұрғын үшін бұл үлкен ауыртпалық болып, тұрмысқа салмағын сала бастады. «Инфляция тоқтап қалған жоқ, ай сайын бірте-бірте өсуде. Теңге де бірте-бірте  құнсыздануда. Себебі, біздегі азық-түлік пен киім-кешектің басым бөлігі импорт. Шетелден импортпен бірге  оның құны да өсіп келеді. Ауыл шаруашылығы министрлігіндегілер еліміздің нарығындағы азық-түлік 80 пайызды құрады деген ақпарат бергенін естіп, таңғалдым. Қайдағы 80 пайыз, мүмкін импортпен шатастырып алған болар деп ойладым. Егер біз нарықты азық-түлікпен 80 пайызға қамти алатын болсақ, инфляцияны да ауыздықтай алар едік. Биылғы қыркүйек айында  алдындағы тамызбен салыстырғанда, тауар мен қызмет көрсету бағасы 0,2 пайызға өсті. Жыл басынан бері қарай азық-түлік тауарлары 4,6, ал ақылы қызмет көрсетулер 11,4 пайызға өсті. Ресми статистиканың таратқан мәліметтері осындай. Шын мәнінде бұл көрсеткіштер нақты емес. Өмірдегі жағдай мен қағаз бетіндегі мәліметтің арасы жер мен көктей. Еліміз сыртқа  мұнай мен газ, басқа да шикізат байлықтарын экспорттау арқылы  іштегі қымбатшылықты да алып келуде. Олай болмас еді, егер ішкі нарықта өнім, тауар өндіріліп жатса», – дейді сарапшы-қаржыгер Ілияс Исаев.

 

Иә, бізде инфляция сыртқы сауда көлеміне қарай есептеледі, ал базарлардағы  бағалар болса, ішкі сұранысқа қарай реттеледі дейді сарапшылар. Әйтсе де бағалар  сұранысқа  байланысты болып тұрмағаны белгілі. Бүгінде  халықтың  көбі  самсап тұрған импорт азық-түлікті  байқап-байқап, қалтасына қарай алады. Нәтижесінде базар сөрелерінде тұрған  сырттан әкелінген өнімдердің арасында бори бастаған иістенген  өнімдер де кездеседі. Соған қарамастан, саудагерлер мысалы шұжықтардың сыртын өсімдік майымен жылтыратып сылап, тауарлық кейіп кигізіп қояды. Ал бағасы бастапқы деңгейден  сырғымайды. Мұндай мысалдар жеткілікті. Егер баға сұранысқа тәуелді болса, өркениетті елдердегідей, таңертеңгі баға кешке қарай төмендеп, ертесіне тіпті сөреден алынып тасталар еді. Бізде  мұндай  тәжірибе жоқ. Әлем экономистерінің көзі де нарық ешқашан өзі ештеңені реттемейтініне көзі жетіп келеді. Себебі  өнімнің иелері мен сатушылар үшін тауарды қалай да қымбат бағаға сату тиімді. Нарықта сатып алушы қарапайым халық емес, солар қожайын. Сондықтан олардың ешқашан бағаны төмендетуге мүдделі еместігі де белгілі. «Біздің еліміздегі инфляция көбіне экономиканы реттеу механизмдерінің  дұрыс ұйымдастырылмауы мен құрылымдық диспропорцияларға байланысты орын алып келеді деп ойлаймын. Тарифтердің  жедел өсуі біріншіден жабдықтардың бәрі тозығы жетіп, тек жамап-жасқаумен ғана жұмыс істеп тұр. Монополистер осыны сылтауратып, тарифтерді өсіреді де, қаржыны айналып келгенде жабдықтарды жаңасына ауыстырудың орнына өз жалақыларын өсіруге  пайдаланады. Жиырма жылдан  бері қарай осы құбылыс берік қалыптасып алған. Өнеркәсіп саласы да әлсіз, қаржыландыратын банктердің түрінің қандай екенін өздеріңіз көріп отырсыздар. Алған несиеңнен үстінен төлейтін сыйақылық пайыз мөлшерлемесі көп. Шаруа қожалықтары өндірген ет-сүт өнімдерін базарға жеткізе алмай, ірітіп алып жатыр», – дейді ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Тоқтар Есіркепов. Құрылымдық диспропорция дегеніміз құрылымдардың арасында өзара үйлесімдіктің жоқтығы деген түсінік береді. Біздің экономикамызда шикізат өндіруші салалар басыңқы рөлді атқаратыны белгілі. Сыртқы нарыққа шикізат шығару арқылы еліміз орасан валюталық түсімдерге ие болады. Мұнай мен газ экспортының елге қаншама пайда түсіріп жатқанын тек ішіміз біледі. Әйтсе де осындай орасан табыс кезінде «голландиялық ауру» диагнозын дүниеге әкелгенін де ұмытуға  болмайтын шығар.  Оның құрығына түсіп қалмас үшін жасалатын әрекетті  билік басындағылар қарапайым  халықтан артық біледі. Жүзеге аспайтын бағдарламаларды тоғыта бергенше, пайдалы іспен айналысса жақсы болар еді. Әр елде болатын инфляцияның өз ерекшеліктері болады, яғни оны шешудің  әдістері мен жолдары да әртүрлі. «Біздің инфляцияның ерекшелігі неде?» деген сауалға сарапшылар жауап берді деп ойлаймыз.

Алма МҰХАМЕДЖАНОВА

 

http://www.aikyn.kz/articles/view/36901