АЛТЫНОРДА
Новости

Ауыл – алты алаштың бесігі

мтмтАстана. 21 тамыз. Baq.kz-Өзгені қайдам, өзімнің бүйрегім ауылға бұрып тұрады. Әттең қолым қысқа, қаңырап, қаңсып қалған ауылға жан бітірер едім. Бірақ кедейдің күні кіжінумен өтіпті дейді ғой. Құдай кедей қылмасын, отқа қарап отырғам жоқ. Бергеніңе шүкір деймін. Барға қанағат қылам. Бірақ ауылым десе ет жүрегім елжіреп, ертеңіне алаңдаймын. Бәлкім қарапайым отбасынан шыққандықтан болар. Ауылдың иті бұралып жолда аштан өліп жатса, мүсіркеп өтем.

Ә-әә, заман бұлай боларын кім білген? Әйтпесе баяғыда тоқырау келіп, топалаң басталғанда, жегі құрттай қыбырлап жүріп, кеңес үкіметінің жетпіс жыл бойы тырнақтап жинағанын, кебеже қарындар бір-ақ күнде құртқан кезде, «атойлап шығар едім» деп, кезінде коммунист болған ағам айтып еді, бірақ жау кеткесін, іс біткесін, өкініп не керек дейсің?
Тәйірі-ау, болары болып, бояуы сіңіп, ошағы сөніп, әдірем қалған ауылдың іргетасын қайта түзеймін деп, белсенділік танытып жүрген ешкімді көрген жоқпын. Баяғыша сарыны бөлек, жөн-жосықты білмейтін, әлгі өзімшіл пиғылды эгоизмді мансұқ қылып, қырдағының қазан бетіне шыққанын һәм кілегейін қалқып алып, түбіндегі сылдыр суын қара халыққа ұсына салатын кешегі шовинистік посткеңестік жүйенің мектебін көргендердің шәкірттері белсенді болып жүрген соң ба, ауыл оңбай омақаса құлады.
Құдекең өзі жарылқасын. Алла деп жүрген ағайын со-нау тоқыраудың тоқпағы төбемізден ұрып жатқанда, еңбекпен қолы күстеніп, шаршап-шалдығуды білмейтін әкелеріміз ееее-ее, деп еңкілдеп отырып, әлгі коммунистердің соңғы тұяғы, қасқа бас Михаилды күнде-күнде сыбаушы еді, жұмыссыз, нәпақасыз қалдырдың деп. Бірақ өлмеспіз бұл құқайдан да, зорын көргенбіз дейтін қырдағы ағайын, не ойласа да, іштен тынды. Жекешелендірудің, һәм өз қотырын өзі қасудың жолын тауып, нарықтық жүйенің заңына әбден мойынұсынып, қазанында қайнап, заманның ықпалына түсті. Қайтсін түспей?
Сонау тоқыраудың тұсында «кәкәмізден» жаңа арылып, танауымыздан сорамыз ағып, қаннен қаперсіз көшенің шаңын бұрқыратып жүрген бала едік қой. Қайта құру, Жекшелендіру деген ұрандардың бұрқырап тұрған мезгілі. Бізге бәрібір. Бүгінгі ішер ас, кешке ұйықтайтын жер болса болды. Біз үшін тамағымыз тоқ, көйлегіміз көк. Есесіне кезінде коммунизмнің елесіне елтіп жүрген, ата-анамыз бізді жетілдіреміз деп аһілеп күнді батырып, жоқтан бар жасап жатты-ау. Ал сол кездегі қазынаның қарақұрым тырнақтап жинаған малын елді басқарып отырған кеңшар басшылары талан-таражға салды.
Жымысқы әрекет, арам ойларын жүзеге асыру үшін, сол кездегі әлгі білдей бір совхоздың бар билігін қолына ұстап тұрған, басшылардың эгоистік пиғылынан шыққан «дебитормыз» деген желеумен қазынаның мал-мүкәмалын қу көмейден өткізіп, бүйірлерін шығарды, жетпіс жыл бойы жинаған ата-ағалардың маңдай терін, шолақ белсенділер жоқ қылды, бір-ақ күнде. Ал «мынау қайда кетті?» деп сол кезде қарапайым бұқараның арасынан біреу шыңғырып белсенді болып шықпады-ау.
Жасыратыны жоқ. Біздің халық – момын халық. Төбесінен төмпештеп ұрып жатса да, құйтырқы әрекетін арам пиғылдылар жүзеге асырып жатса да, бәлекейдей белділердің алдына барып, дым да айта алмайды.
Сол кезде елдімекендерді басқарып отырғандардың бәрі алыстан қаңғып келмегендер. Бәрі сол кеңшардың шаруашылығын басқарып, өзінше елді көтерем деп жүрген жігіттер. Ақырында, айналып келгенде, өздерінің қарекеттерін жасап, байып алды да, тымпиып отырды.
Ал одан кейін ше? Мен қазіргі «ЖШС»-ға өкпелеймін. Олардың көбі, кезінде ала сөмке арқалап саудагер болып, бертін келе үкіметтен несие алып несібе тауып, ақыры ауыл шаруашылығына бет бұрған жігіттер. Жасыратыны жоқ. Қазіргі сол үлкен шаруашылықты ұстап отырған жігіттер әр ауылға өздерінің адамдарын қояды. Алыстан емес, сол ауылдың тұрғындарының арасынан біреуді. Бірақ… сол шаруашылықты басқарам дегендердің өзі баяғы 70 жылдан бері жиналған техниканың қалдығын, яғни қалған дүниені тонау үшін келетіндей.
Жейді келіп. Ұялмай жейді. Себебі олар (қазіргі ауылдағы басшыларды айтам) халықтың қазынасына беттері бүлк етпей қол сұғудың жолын баяғы ауылдарды ішіп-жеген кешегі кеңшар басшыларының маңында жүріп машина айдап шопыр болып, әрі кетсе ұсақ-түйек қызмет атқарып көріп жүрген жігіттер. Оларда мына ауылда «балабақша жоқ, өрт сөндіретін машина жоқ, мектеп жөнделмеген» деген ой қаперлеріне кіріп те шықпайды. Ал техниканың ескісін қара металлға өткізіп, жөндісін туған-туысқандарына үлестіргенге «шебер». Егер бір шаруамен барып бірдеңе сұрасаң бұйырмасын деп гөй-гөйлейді.
Шындығы сол, қазір көпшілік елдімекендердің халі мүшкіл еді. Енді-енді жөнделіп келеді. Бірақ әлі де жетіспеушілік бар. Егер әрбір басшының еліне деген ыстық ықыласы болғанда ауылдың ажары таймас еді. Жұмыссыздық деген болмас еді. Иен дала құлазып жатпас еді.
Бірақ, өзім ауылымнан ұзасам да, ауылдың ошағының оты сөнбей маздағанын қалаймын. Себебі таза мәдениет, өнер мен өнегенің бәрі ауылда. Егер иісі қазақтың баласының киелі шаңырағы атанған қайран ауыл жағада қалған балықтай дәрменсіз жатса, елінің дәстүрі мен мәдениетін ұмытқан жаңа қазақтар құлтемірше өмір сүрсе, сан ғасыр бойы баба қасиетін жоғалтпаған ел сол мұрасынан бір ғасырға жетпей айырылып қалуы әбден мүмкін ғой. «Ауылым — алтын бесігім»-деп тегін айтылмаған шығар деймін ішімнен кейде ауылға барғанда.
Жеңіс Кәріптегі,
Щучинск қаласынан

 

http://www.baq.kz/kk/news/34328