АЛТЫНОРДА
Новости

Астананың жолдары сапасыз — Н.Назарбаев

АСТАНА. 22 сәуір. Baq.kz —   Бүгін елорданы әрі қарай дамыту мәселелеріне арналған кеңесте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана жолдары сапасының төмендігін сынға алды. 

«3 жылда жолдарды салып, жөндеуге 100 млрд. теңгеден артық қаржы бөлінді, бірақ жолдардың сапасы төмен. Егер қазір «Астана» арнасын қарасаңыздар, қала шетінде тұрғындар шұңқырлардан жүре алмайды. Орталықта әрине бәрі жақсы, әсіресе, мен жүретін, басшылар жүретін жерде. Халық көп тұратын жерлерге көңіл бөліңіздер. Неліктен жыл сайын көктемнен кейін барлық жолдар шұңқыр- шұңқыр. Өйткені жолдың сапасы сондай. Асфальт сапасыз, құрылыс сапасыз!», — деп сынға алды Мемлекет басшысы.
«Мен басынан-ақ қалаға төрт-бес жолақты жолдар керек деп айтып едім, бірақ біз екі жолақты жолды салуды жалғастырудамыз. Егер қазірдің өзінде осындай кептелістер болса, ЭКСПО кезінде не болады», — деді Президент.
«Қозғалысты реттеудің автоматтандырылған жүйесі енгізіліп жатқан жоқ, жасыл дәліздер жоқ, жерасты өткелдердің орнына біз әрбір жүз метр сайын бағдаршам орнаттық және әрбір 100 метр сайын көліктер тұрады. Әйтеуір, Астанада жел соғып тұрады, әйтпесе Алматыда баяғыда тұншығып кетер едік», — деді Президент.

bnews.kz