АЛТЫНОРДА
Новости

Астанада халықаралық көрме өтеді

АСТАНА. 19 ақпан. BAQ.KZ – Астанада өтетін «ASTEX-2014» халықаралық көрмесі биыл да дүниежүзіне танымал шетелдік спикерлерді жинайды. Жиында танымал шетелдік компаниялардың басшылары, ірі инвесторлар, бизнес-тренерлер, профессорлар, әлемдік интернет-бизнестің беделді өкілдері және сарапшылар бас қосады. Бұл туралы BAQ.KZ тілшісіне «Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамыту қоры» PR- менеджері Әсел Арпабаева хабарлады.

«Дүниежүзінде радиоэлектроника және электротехникадағы стандарттарды жасауда көшбасшы саналатын «IEEE Computer Society» компьютерлік Қауымдастығының президенті Рангачар Кастури, сондай-ақ АҚШ-тың электрондық коммерция нарығында рейтинг бойынша екінші орындағы ірі компания NewEgg-тің Бас директоры Роберт Беллак қазақстандық аудиторияға е-commerce саласындағы соңғы трендтер туралы айтып береді», — деп хабарлады Ә. Арпабаева.
PR- менеджердің айтуынша, арнайы шақырылған қонақтар қатысушыларға семинарлар мен воркшоптар өткізеді. Ақпараттық коммуникациялық технология саласы мен электрондық бизнесті дамытудағы инновациялық жобалар тақырыбын «IdeaLab» компаниясының атқарушы директоры Марк Гудштейн мен «Rustic Canyon Ventures» инвестициялық компаниясының серіктесі Дэвид Трэверс жалғастырады. «IdeaLab» — АҚШ-тағы бизнес-жоспарларға арналған интернет-инкубатор компаниялардың алғашқыларының бірі саналады. Сонымен қоса «ақылды индустрияны» жасау бойынша Amazon.com және «Blue Origin» әуеғарыштық компаниясының негізін қалаушы Джеф Безос пен CEO әлемдегі ірі онлайн-туристтік компания Expedia,Inc Дара Хосровшахи өз пікірлерімен бөліседі деп күтілуде. Жиын барысында қазақстандық «SAT & Company» директорлар кеңесінің төрағасы Кеңес Рақышев, CEO «Choco family» Рамиль Мухоряпов және басқада спикерлер өз жұмыс үлгілерін көрсетеді.
Көрме осы жылдың 15-16 мамыр аралығында ТМД мен кейбір Азия елдерінің арасында бірден-бір жоғары технолигиялық ғимарат саналатын — «ҚазМедиаОрталығы» телерадиокешенінде өтеді.

Айта кетейік, VII Астана экономикалық форумы аясында осымен екінші жыл қатарынан өтіп отырған «ASTEX» көрме-конференциясы — тәжірибе бөлісу мен саладағы өзекті мәселелерді талқылайтын халықаралық коммуникативтік платформаға айналды. Қазіргі таңда бұл – ынтымақтастықты арттыратын, сондай-ақ мемлекет, ұйым және салалық компаниялар аралық ұзақ мерзімді меморандумдарға қол қоюға мүмкіндік беретін теңдессіз алаңға айналды.


Нұрсерік ЖОЛБАРЫС

http://baq.kz/kk/news/43770