АЛТЫНОРДА
Новости

Арзан ойыншық – қымбат дерт

Базарда сатылатын арзан ойыншық баланың көру қабілетін нашарлатып, құлағын саңырау қылады. Иіс сезу мүшелері мен баланың терісіне кері әсер етіп, тіпті кейбірі мүгедек болып қалуы да мүмкін. Бірақ қарапайым халық арзанқол тауардан баласының қаншалықты жапа шегіп жүргеніне мән бере бермейді.

Қазақстандағы ойыншық нарығы соң­ғы бес жылда бірнеше сатыға жоғары кө­теріл­ді дегенімізбен, қытайлық сапасыз тауар­лар мен қауіпті ойыншықтар базар­лар мен дүкен сөрелерінен түсер емес. Осыдан бірнеше жыл бұрын қытайлар жаңа туылған нәрестелерге арналған құр­ғақ сүттерге улы зат – меламинді қосып, бү­кіл әлемді дүрліктіргенде, Ресей мен АҚШ сынды алпауыт елдер Қытай өнім­де­ріне бақылауды күшейтіп, бірқатарынан бас тартты. Тіпті заң қабылдап, шекарадан ары асыртпады. Ал біздің елдің мамандары Қытайдан әкелінген сапасыз, қауіпті ба­зар­дағы арзан ойыншықтардың құрамын­да мырыш, фенол, формальдегид сияқты улы заттардың бар екенін анықтаса да, қан­дай да бір шара қолданар емес. Дәрі­гер­лердің айтуынша, нәрестелерге арнал­ған сыңғырлақтардың да келешекте бала­ны саңырау қылатыны анықталып отыр. Зерттеулер барысында белгілі болғандай, жұмсақ резеңке ойыншықтарын сырлай­тын бояу құрамында кадмий мен қорға­сын­ның мөлшері қалыпты деңгейден әлде­­қ­айда асып түскен. Мұндай улы ойын­шықтар баланы тек қана аллергиялық ауруға ұшыратып қана қоймай, асқазан- ішек дерттеріне де ұшыратады екен.

Дарья Гайденрайх, Балалар тауарлары индустриясы қауымдастығының президенті:

– Қазақстанда бірнеше мың бүлдіршін сапасыз ойыншықтың кесірінен уланып, түрлі дертке шалдығып жатыр. Қара ба­зардан арзан ойыншық сатып аламын деп баласы емі қымбат ауруларға душар болып жүрген ата-ана оның ойыншықтың салда­ры­нан ауырғанын дәлелдей алмай шырыл­дайды. Себебі сапасыз ойыншықтың ұсақ бөлшектері сынып, баланың тамағына болмаса құлағына, мұрнына кептетіліп қал­маса, еш дәлелдей алмайсыз.

Ресми деректерге сүйенсек, елiмiздегi ойыншық нарығынан түсетiн жыл сайынғы кiрiс 600 миллион долларды құрайды. Ал сатылымдағы ойыншықтардың 80%-ы Қытайдан заңсыз жолмен әкелінген тауар­дан тұрса, 20%-ын ғана ірі кәсіпорын­дардың шеттен әкелген, сертификатталған, сапалы тауары құрайды екен. Бірақ біртін­деп Қазақстанның ойыншық нарығынан ойып тұрып өз орындарын алып келе жат­қан кәсіпорындардың басшылары биыл ба­лалардың сапалы тауарын сатумен ай­налы­сатын дүкендер желісі халықты арзанқол дүниеден арашалап, нарықтың 50-70% -ын иемденеміз деп отыр. Айту­ла­рынша, бүгінге дейін жеткілікті назар аударылмай келе жатқан бұл салаға мем­лекеттік көзқарас қажет.

Александр Бикетов, Marwin дүкендер желісінің маркетинг жөніндегі менеджері:

– Еуропада жыл сайын ойыншықтар көрмесі ұйымдастырылып, оған 20 мың­нан астам ойыншық өндіруші кәсіпорын қатысады. Мемлекет соның арасынан ең таңдаулысымен ғана келісімшарт жасасып, жұмыс істейді. Есесіне, балалар ауырмай­ды, қауіпсіз, ата-аналар да алаңдамайды. Енді біз Кедендік одаққа мүше ел ретінде сырт­тан келетін тауардың барлығынан серти­фи­катталған, жоғары сапалы тауарды талап етуіміз керек. Әйтпесе Қытайдан әкелін­ген ойыншықтардың құрамындағы химия­лық заттар мен сапасыз материал тем­пература өзгерген сайын өзгеріп, бүл­дір­шіндердің денсаулығына зиян келтіріп жатыр. Мысалы, біздің дүкеннің тауары мен Қытайдан келген базардағы тауар сапа жағынан бәсекелес бола алмайды, ал баға жағынан бәсекелес.

А.Бикетовтің айтуынша, бұрын Қазақ­стан­да балалардың еуропалық сапалы тауа­рын сататын орын да болмаған. Ал қазір баршылық. Сондықтан қазірдің өзін­де шетелдік компаниялар өз өнімдерін ұсы­нып, отандастарымызбен серіктес болу­ға құлшынатын көрінеді. Соның бірі  – 1932 жылы Данияда құрылған Lego ком­паниясы. Енді әйгілі текше пішінді балалар ойыншығы біздің елде де қолжетімді бағамен сатылып, әлемдегі соңғы үлгідегі ойыншықтар «Меломан» дүкендер желісінің жанынан былтыр ашылған Mar­win дүкендер желісінің сөрелерінен табыл­мақ. Осылайша Қазақстандағы ойыншық нарығының ілгері жылжуына орасан зор үлес қосып жүрген кәсіпкерлеріміз тұңғыш рет балалар клубын да ойлап тапты.

Вадим Голенко, «Меломан» компаниясының бас директоры:

– Marwin-ге келген кез келген баланың сөредегі ойыншықтармен ойнауына рұқсат. Себебі біз ойыншық сатуды пайда табу көзіне емес, бүлдіршіндердің қуаны­шы үшін қызмет етуді бастапқыдан мақсат тұт­тық. Қазақстанның ойыншық нарығы халық­аралық, әлемдік аренаға шықсын десек, бұл салада әрдайым тың идея мен еш­кім­де жоқ, ерекше жобаларды іске асы­руы­мыз керек. Бұл тек елдің экономикасына болмаса елдің беделі үшін ғана емес, ба­ла­ның дұрыс өсіп-жетілуіне де көмектесуі тиіс. Сол үшін тұңғыш болып балалар клу­бын ойлап таптық. Енді Marwin-ге демалыс күн­дері келген бүлдіршін ойын алаңдарын­да тегін ойнап қана қоймай, оқу-жазуды үйреніп, психолог мамандармен кездеседі. Ал ата-аналар балаларын алаңдамай-ақ мамандарға тапсырып, өздері демалып, көңіл көтере алады. Аты әлемге әйгілі Lego компаниясымен бірлесіп ашқан Shop-in-shop, яғни дүкен ішіндегі дүкен де тек бүлдіршіндердің қуанышы үшін қызмет етпек.

Осылайша қазақстандық балғындарға бір емес, бірнеше қуаныш сыйлап отырған «Меломан» компаниясы еліміздегі ойын­шық нарығын әлемдік деңгейге жеткізуді көздеп отыр. Кәсіпкерлердің қарқыны осыдан таймаса, ол күннің де ауылы алыс емес сияқты. Тек сәбилердің аман-сау­лығына азаматтарымыз салғырт қарамаса болғаны.

Айта кетейік, елімізде тұңғыш рет Marwin (Марвин) дүкені 2012 жылдың 31 наурызында Алматы қаласындағы «Мега» орталығында ашылды. Қазіргі таңда Қазақстанның Астана, Алматы, Ақтөбе, Шымкент, Қостанай және Қызылорда сынды қалаларында барлығы тоғыз дүкені бар. Жақын күндері Павлодар қаласында ашылады деп күтілуде.

Автор: Сандуғаш ӘЛІМЖАНОВА

http://alashainasy.kz/society/40667/