АЛТЫНОРДА
Новости

Арыстанбек МҰХАМЕДИЯҰЛЫ: ЭКРАНҒА ҚАЗАҚТЫҢ РУХЫН ЖАЛАҢАШТАЙТЫН ДҮНИЕНІ ЖІБЕРМЕУІМІЗ ҚАЖЕТ

Арыстанбек МҰХАМЕДИЯҰЛЫ, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры:

– Сіз ылғи да басылымдарға берген сұхбаттарыңызда ұлттық идеология жайлы сөз етіп, «Кино – идеологиялық құрал, алайда кейінгі түсірілген фильмдер бұл үдеден шыға алмай отыр» деген пікірді көп айттыңыз. Қазір пікіріңіз өзгерді ме?
– Өкінішке қарай, әлі де сол ойдамын. Көрерменге жол тартқан әрбір жаңа фильмнің идеясы неге бағытталған, қазаққа берері бар ма, осы жағын арнайы зерттеп, сараптап отыратын жүйе қажет бізге. Экранға қазақты кемсітетін, рухын жалаңаштайтын фильмдерді жібермеуіміз керек. Қазақты жігерсіз, тоғышар, дүниетанымы шектеулі, ет жеуден басқа ештеңе білмейтін етіп көрсетуден не ұтамыз?! Қандай көркем фильм түсірсек те, ең алдымен қазақтың рухын көтеруге бағыттағанымыз жөн. Неге біздің режиссерлер  Бауыржан Момышұлы туралы, Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаев жайлы кино түсірмейді?! Олардың ерлігі толықметражды бір фильмге жетіп артылады емес пе?! Өнер адамдарының арасында да кино түсіруге лайық өнерпаздар жеткілікті. Әлібек Дінішевтің мысалы, Мәскеу мен Петерборда, Венада берген сол елдің көрермендері ұйып тыңдайды. Әлібектің интеллектуалдық әнші екенін өзге елдер бағалайды, элиталық ортаның адамдары Дінішевті алақанға салады. Итальяның опера әншісі Луча́но Паваро́тти жайлы керемет түсірілген фильм бар, ал біз Әлібек Дінішев жайлы деректі фильмді де дұрыстап түсіре алмай жүрміз. Кезінде Шәкен Аймановтың «Біздің сүйікті дәрігер» атты музыкалық комедиясы көрерменді Шара Жиенқұлова, Бибігүл Төлегенова, Серке Қожамқұлов, Ермек Серкебаев сынды қазақ өнерінің майталмандарымен қауыштырды. Бүгінде осындай фильмдер бар ма? Жоқ… Есесіне «Ирония любви», «Виртуальная любовь»,   «Сказ о розовом зайце» сынды жеңіл-желпі фильмдерден аяқ алып жүргісіз. Мен шетелге барғанда міндетті түрде тарихи музейлерге, театрға барамын. Израильге барғанымда сондағы үлкен анимациялық залда болып,  Сұлтан Бейбарыстың бейнесіне сүйсіндім. Ал біздегі аниматорлар Сұлтан Бейбарысты олай бейнелей алмас еді. Аниматорлар жайлы айтпай-ақ қояйын…
– Анимациялық фильмдерге де көңіліңіз толмайтын болып тұр ғой демек…
– Қазақ ертегілерінен мультфильм жасаса, біздің аниматорлар өз батырымызды келістіріп көрсете алмайды. Әріге бармай-ақ, «Алдар Көсе» мультфильмі туралы айтайыншы. Алдарға жыртық шапан, қысқа шалбар кигізіп, жұпыны, сұрықсыз біреу етіп қойыпты. Кешіріңіздер, Алдар жағымсыз образ емес қой өйтіп көрсететіндей. Керісінше ол байларды алдап, кедей-кепшіктің есесін қайтарып, қарапайым халықтың жағында жүрген жағымды тұлға. Ағылшындар Робин Гудтарын қалай түсірді? Алдар әрбірден соң қазақтың Робин Гуды емес пе?! Алдар көрікті, алғыр болуы керек қой. Жақында балам «Алдар Көсе» мультфильмін көріп отырып: «Әке, білдей бір Өнер академиясын басқарып, өнердің айналасында жүрсің ғой. Алдар Көсені қалай түсірген, біз ертегілерден оқып өскен Алдар да, қазақтың байлары да мұндай емес қой» – дейді. Шынында «Алдар Көседегі» байды көрсең тіпті ұяласың, қарны қампиған тоғышар біреу, бәйбішесі де көріксіз. Алдарымыздың түрі жұпыны болса, байымыз ақымақ, бәйбішесі көріксіз болса, біз кімді көрсеттік?!   Ең қызығы, сол мультфильмдер мемлекеттің ақшасына түсіріледі. Өз ақшамызға өзімізді мансұқ ететін фильмдер түсіріп жатырмыз былайша айтқанда. Біздің академия анимация бөліміндегі жастардың бірнешеуін шетелге жіберіп оқытып жатырмыз. Анимация бөлімін көркемсурет факультетіне қосқаным үшін талай адам шулады. Мен неге анимацияны көркемсурет факультетіне қостым?! Өзге елдердің бәрінде анимация көркемсурет факультетінің аясында оқытылады, өйткені мультфильм кейіпкерінің бейнесі дұрыс салынғанда ғана нанымды образ шығады.  Алдарымыздың сиықсыз, байларымыз көріксіз, тоғышар боп жүргені содан. Мен өте ыңғайсыз адаммын, ойымды бүкпеймін, ұнамаған дүниені ұнамады деп, кемшілігін айтамын.
– Бір кездері театр туралы да сондай бір ауыр, сыни пікір айттыңыз ұмытпасам…
– Иә, «Қазіргі қазақ сахнасы театр сахнасы емес, наурыз немесе басқа да мерекелердегі концерттік қойылымның сахнасы» деп, облыстық театрлардағы жағдайды айтқанмын. Бұған біраз облыстың театр басшылары ренжіді.  Бірақ өкінішке қарай, облыстық театр басшыларының көбісі «әйтеуір облыс әкімімен ортақ мәмілеге келіп жұмыс істесем болды» деген психологияда. Әкімнің руынан шыққан батыр жайлы пьесаны сахналап, жағынуды ойлайды. Театр – халықты рухтандыратын, халықты бірлікке үндейтін, біріктіретін орын. Ал бізде қазақтың руға, жүзге бөлінуі театрдан бастау алып жатыр. Облыстық театрлардың репертуарын қарасаңыз, сол өңірдің тарихына, сол өңірдің батырына арналған қойылымдар қояды. Театрдың режиссерлері бізден бітіріп барған жас режиссерлерді қасына жұмысқа алмайды. Заманауи көзқарастағы жас маманды алса, өзінің шамасы білініп қалады ғой, сондықтан жолатпайды. Бір кездері Мәдениет министрлігінде істегенімде театрлардың репертуарын бекітетін, талқылайтын ұжымда марқұм Баққожа Мұқаи ағамыз, театр сыншысы Әшірбек Сығай, Әділбек Тауасаров, Мұрат Ерғалиевтар болатын. Олар драматургтер мен режиссерлердің басын қосып, драматургтардың пьесаларын бір-бірімен қызыл кеңірдек болып талқылайтын. Қазір  ол үрдіс қалды.
 – Бұрындары шалғай бір облыста театр, ашылса Өнер академиясын бітірген бүтін бір курс сонда көшіп баратын. Қазір сол үрдіс бар ма?
– Ақтауда театр ашылғанда бізден бітірген бір курс түгелдей сонда барып, жұмысқа орналасты. Астанадағы «Жастар» театры әртістерінің дені біздің академияның түлектері.  Театрға жұмысқа тұрған жас мамандардың қай-қайсысымен сөйлесе қалсаң, «шығармашылық орта жоқ» деп қақсайды. Бізге бүкіл театрларды бір жүйеге бағыттауымыз керек сияқты.
– Ол қандай жүйе сонда?
– Театр режиссерлері бір ғана театрда еңбек етіп шектеліп қалмайтындай, режиссерлерді бір-бірімен ауыстырып тұруымыз керек. Бұл – режиссердің шеберлігін шыңдау үшін де тиімді. Біз Өнер академиясының жанынан Жоғары режиссерлік курстар аштық. Өйткені режиссерлік – адамның пісіп-жетілген, өнерге өзіндік көзқарасы қалыптасқан кезде оқитын мамандық.  Режиссерлікке біз мектепті кеше ғана бітірген адамдарды оқытып жүрдік бұған дейін. Бұрын Өнер академиясында магистратура, док¬торантура жоқ еді. Біз өнердің әртүрлі саласы бойынша магистратура аштық, шетелдік оқу орындарымен тұрақты бай¬ланыс орнатып, тәжірибе алмасу үрдісін бір ізге келтірдік. Негізі қандай бастама жасасаң да, оны қолдаушы топпен бірге, наразы топ та болады екен, соған көзім жетті. Осыдан екі жыл бұрын Алматыда «Бастау» Халықаралық студенттік және дебюттік фильмдер фестивалін өткіздік. Өнерде жүрген біраз адам қарсы болды. «Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі, «Шәкен Жұлдыздары» кинофестивалі бар, үшінші фестиваль неге керек?! деп дау айтты. Өкінішке қарай, көптеген азаматтар қайталанбас тұлға болып жүргісі келеді. Жалғыз кинотанушы, театртанушы болып жүргенді ұнатады. Кинотанушы Гүлнәр Әбікеевадан бастап, біраз адам бізге қарсы болды. Тіпті «Өнерге ғылым докторлары не үшін қажет?» деген пікірлер де айтылды. Өйткені, Гүлнәр Әбікеева сынды ханымдар өзін кино саласының жалғыз білгірі есептейді. Өзінен басқаның бұл салада жүргенін қаламайды.  Біле білсек, бұл – өнерді өсіретін емес, өшіретін тенденция.
– Әңгімеңізді тыңдап отырсам, кино саласына көңіліңіз толмайды, анимация саласына да сын айттыңыз. «Театрларды да бір жүйеге бағыттауымыз керек» дейсіз. Өнердің қай саласына көңіліңіз толады қазір сонда?
– Қазір ұлттық музыкамыз, дәстүрлі өнеріміз жоғары деңгейде. Мұны мақтанышпен айта аламын. Дәстүрлі әндерімізді орындап жүрген Рамазан Стамғазиев, Сәуле Жанпейісоваларға әбден ризамын. Рамазанды жақында Өнер академиясына алдырдық, бізде ұстаздық етіп жүр.

Сұхбаттасқан – Қ.АЙСАНҚЫЗЫ

 

http://www.halyksozi.kz/news/view/id/2242