АЛТЫНОРДА
Новости

Әлияның сүйегi қайда жатыр?

Астана. 7 мамыр. Baq.kz Кеңес одағының батыры Әлия Молдағұлованың жерленген жерiне қатысты түрлi пiкiрлер айтылуда. Батырға Новосокольникиде ескерт­кi­­шiнiң қойылуына сол кез­дегi ел басшысы Дiнмұха­мед Қонаев пен комсомол хатшысы Камал Смайылов көп еңбектенiптi.

Мұны ҚР Орталық мемлекеттiк мұрағаттың құнды құжаттарынан көруге болады.

1963 жылы К.Смайылов Д.Қонаевқа былай деп хат жазады: “Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың қайда жерленгенi белгiсiз боп келген едi. Жақында оны анықтаудың сәтi түс­тi. КСРО қорғаныс минис­тр­лiгiнiң бас шта­­бынан Псков облысының Новосоколь­ники ауданындағы Монаково ауылының оң­түстiк-батысындағы бауыластар зиратына жер­ленгенiн хабарлады.
Қазақстанның комсомол жастар одағы Ә.Молдағұлова жерленген бауырластар зиратына ескерткiш қою керек деп есептейдi. Осыған байланысты Псков облысына Қазақстан жастары комсомол одағынан арнайы комиссия жiберу қажет…”. (Хаттың түп­нұсқасы мұрағатта бар).
Ал ендi Әлия бауырластар зиратының нақты қай жерiне жерленген деген сұраққа жауап табу қиын. “Әлия Молдағұлова жер­лендi деген жер бос екен” деп даурығып жүргендерге де сап-сап айтуға тиiспiз. Өйткенi батыр қыздың нақ­ты жерленген жерiн табу мүмкiн болмайтыны 1962 жылдан берi белгiлi.
1962 жылдың мамыр айында КСРО қор­ғаныс ми­нис­тр­лi­гi­нен К.Смайыловқа хат келген (бұл хат та мұрағатта сақтал­ған). Кеңес армиясы сержанттары мен жауынгер­лерiнiң шығын тiзiмiн жасау бөлiмiнiң бастығы, полковник Федоренко былай деп жазады: “…Кеңес Одағының батыры, ефрейтор Әлия Молдағұлова Псков облысының Новосокольники ауданындағы Починки ауылынан шығысқа қарай 300 метр жерге жерленген едi.
1960 жылы осы маңға және өзге де аумақтарға жерленгендер Монаково деревнясының тұсындағы бауырластар зиратына қайта жерлендi.
Осыған қарап, Әлия Молдағұлова Монаково деревнясының маңындағы бауырластар зиратының бi­рiне жерленген деп айтуға болады. Бұл зиратта өте көп адам жатқандықтан, Әлия Молдағұлованың сүй­е­гi дәл қай жерге көмiлгенiн анықтау мүмкiн емес”.
Көрдiңiздер ме, “Әлияның зираты бос екен” деп айқайға аттан қосуға еш негiз жоқ. Әлияның ескерт­кiшi зиратының үстiне емес, сол аумаққа қойылған. Ендеше, батыр қызымыздың сүйегi бауырластар зиратында жатыр. Құжаттар солай дейдi…
Еңлiк Толықбаева,
ҚР Орталық мемлекеттiк мұрағат қызметкерi.

ӘЛИЯ ЛАТЫШТАРМЕН БIРГЕ ЖЕРЛЕНГЕН
Осыдан бiр ай бұрын ресейлiк ақпарат құралдары Әлия Молдағұлованың ескерткiшi тұрған жерде батыр қыздың сүйегi жоқ деп жар салды. Бiз мұны өткеннен арзан саяси сенсация жасау деп түсiндiк. Рас, Новосо­кольникидi айнала аққан ағысы жай, табиғаты әсем Кiшi Удрай өзенiнiң биiк жарқабағында 1978 жылдан берi тұрған Әлияның еңселi ескерткiшiнiң түбiне батыр жерленбеген. Ескерткiш төңiрегi немiс солдаттарының сүйе­гiне толы. Себебi Новоскольники 4 жыл бойы фашистер уысында болғанда, осы жердi қаза болған солдаттарын жерлейтiн зиратқа айналдыр­ған.
Псков облысына барып, Әлияның жорықты жолдарын аралағанымызда, жергiлiктi өлкетанушы, қаладағы мектептердiң бiрiнiң тарих пәнi мұғалiмi Юрий Алексеев “Новосокольники. Земля, опаленная войной” кiтабын сыйлады. Соғыс сұмдығын бастан өткерген жер­гiлiктi тұрғындардың естелiк­терi, мұрағат құжаттары әскери жазбалармен толықтырылып, нағыз өлкетанушының қолынан шыққан кiтапта Әлия Молдағұловаға қатыс­ты дерек көздерi бар. 2006-07 жылдары Германиядан арнайы келген “немiс халықтық одағы” ұйымы iзшiлерi Новосокольники төңiрегiндегi бiраз зираттарды қазып, белгiсiз солдаттарын тауыпты. Алексеев былай дейдi: “Новосокольникидегi немiс зираты Кiшi Удрай өзенiнiң жағасында, тамаша жерде тұр. Немiс солдаттарын қайта жерлеу мүмкiн болмағандықтан, 1978 жылы немiс зиратына Кеңес одағының батыры Әлия Молдағұлованың ескерткiшi орнатылды”.
Әлияның ерлiк қазасы жөнiнде әртүрлi айтылады. Осы кiтапта Әлияның қаруласы новосоколь­никилiк майдангер Г.Гальпериннiң естелiгi бар…. “Әлi есiмде, Надточий рациядан басын жұлып алып , 4-атқыштар батальонының ротасында барлық офицер­лердiң оққа ұшқанын, ротаны бiздiң Әлия басқарып жүргенiн айтты.. Ертеңiнде взвод командирi А.Сапига Әлияның қаза тапқанын жеткiздi…
Әлияның қазасы туралы түрлi әңгiмелер айтылып жүр. Сондықтан Насва стансасындағы шайқастың куәгерiн сөйлетейiк.
Поляковқа жазған хатында комбат Моисеев былай деп есiне алады: Лия (Әлия) мен Зина (Зинаида Попова) жау шебiндегi траншеяға жете алмай, ашық жерде жатып қалды. Оларға ротаны бастап, лап қоюды бұйырдым.
Немiстер оларды минометпен ат­қылай бастады. Сонда ротаны қыздар көтердi. Лия қазақша және орысша атой салғанда рота жау траншеясына жетiп, қоян-қолтық ұрысқа кiрiстi.
Немiстер Казачиха деревнясына мықтап бекiнген екен. Лия бiр үйде жасырынып жатып, фашистердi қынадай қырды. Орнын ауыстырмақ бол­ғанда Лияның iшiнен оқ тидi…
Лия Латвиядан келген қарулас жолдастарымен бiрге жерлендi. Өйткенi деревняны алу кезiнде латыштардың бiзбен бiрге соғысқаны есiмде”.
“Новосокольники-Невель-Великие Луки” темiржолы үшiн тартыста осы шағын қалалар мен жағалай қоныстан­ған деревнялар бiресе кеңес әскерiне, бiресе немiстердiң қолына өткен. Соғыстың тозағынан шыққан жан ешқашан жалған сөйлемейдi. Бұл жердiң қаны адам қанымен суарылған. Өлгендердiң санында есеп жоқ дейдi жұрт. Орман iшiндегi батпақтарда талай солдат көмусiз қалғанын ұмытпайық.

Ғалымжан Байдербес,
“Қос шынар” қоғамдық бiрлестiгiнiң төрағасы

http://www.baq.kz/kk/news/27867