АЛТЫНОРДА
Новости

ӘЛЕМНІҢ ӘЖЕСІ ҚАЗЫҒҰРТТА ТҰРАДЫ

Дөңгеленген дүниенің дүбірге толы әр күні жаңалықтарымен жұрт назарын өзіне аударып, бірінен бірі өтетін оқиғаларды ой елегінен өткізіп те үлгерте алмай жататынымыз шындық. 
Соның бірі – Жер шарындағы демографияға тікелей қатысы бар жағымды жағдайлар.

Жұмыр жердің әр түпкірінен жүз жасағандар, сол жасында ерлікке пара пар  оқиғалардың куәсі болған көнекөздер арагідік елдің елең еткізіп жатады. Айталық әлемдегі ең қарт адам –жапондық Мисао Окаваның 116 жасқа толғанын хабарлаған ақпарат құралдары жарыса сүйінші сұрасты. Сол кісіден бір жас үлкен кейуана Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданында тұратынын әлем қайдан білсін!

Ұрпағы көп Ұлбала әженің  жолын қуған қазығұрттықтар да бар екен. Олардың саны 14 дейді дереккөз. Жүз жасағандардың ұлы көшін бастаған қарияның 1897 жылы туылғанының өзі жас ұрпақты таңғалдырмай қоймайды.

Наурыз мерекесі қарсаңында 117 жасқа толған Ұлбала Бейсенованы жалпы жұртқа таныстырған Otyrar.kz ол кісі туралы қызықты деректерді де алға тартқан. Шарапхана ауылында тұратын кейуана еңбекке ерте араласып, комбайын айдаған. Ол кісіінң трактор тізгіндегенін бүгінгі күннің балалары көз алдына елестете аламуы да мүмкін. «Ұзақ жасаудың сыры — айран ішіп, қымыз ішіп, ет жеп, жақсы ауқат ішсең өсесің. Денің сау болады», – деген бір ауыз жылы сөзі бүгінгі жастарға сабақ болуы тиіс.

Ұлбала Бейсенованың ең сүйікті асы — жұқпа тағамы көрінеді. Сүйікті сусыны – қымыз. 117 жасқа келгеніне қарамастан өзін сергек сезінетін қария келіндерге кеңесі беруден жалықпапты.

Ұлбала әже 1ұл, 1 қызынан 7 немере, 18 шөбере, 6 шөпшек, 3 немене сүйіпті. Осындай асыл әжелерімізді – Әлемнің әжесі деп атасақ та жарасады.

Дуанабай Жолдасбек

http://www.aikyn.kz/articles/view/44200