АЛТЫНОРДА
Новости

АЛАШ АРЫСТАРЫН «АРАЗДАСТЫРУ» КІМГЕ КЕРЕК?

Базбіреулер жерден жеті қоян тапқандай «Алаш арыстары араз болған. Мәселен…»  деп әлдебір деректерді көлденең тартып сөйлеуге әуес. Ал шын мәнінде Алаш арыстарының арасы қандай болған? Бұл туралы айтпас бұрын әуелі мына бір мәселенің ара жігін ажыратып алу керек. Ашығын айтсақ, алаштықтарды біз өзіміз бір-біріне қарсы қойып, араздастырып жүрміз. Мәселен, байыбына бармастан Мұстафа Шоқайды Әлихан Бөкейханға айдап саламыз. Ал М.Шоқай көзі тірісінде Әлекеңді өзінің ұстазы санап, тіпті күрделі кезеңде ақтап қалған болатын.

БІР-БІРІН ҚОРҒАШТАП ЖҮРГЕН
Алаш арыстары өмір сүрген заман өте күрделі кезең болды. Соған қарамастан олар бірін-бірі сатпай, мүмкіндігі жеткенше қорғап қалған. Жалпы кімнің кім екені сын сағатта белгілі бола-ды емес пе? Ал Кеңес үкіметі-нің тергеу мекемесі Алаш арыс-тары үшін «сын сағат» болды. Дегенмен қанша ауыр болса да бұл жерде де Алаш арыстары өз арына кір келтірмеуге барынша тырысып баққан. Ендеше «Алаш арыстары араз болған» деген қауесет қайдан шықты? Белгілі алаштанушы ғалым Т.Жұртбай өзінің «Ұраным Алаш!..» атты еңбегін-де А.Байтұрсынұлының тер-геушіге берген жауабынан мысал келтіреді. Қадалған жерінен қан алмай қоймайтын тергеушіге Ақаң: «Мағжан ақын. Менің ақындарда жұмысым жоқ. Рысқұлов – большевик. Сондықтан да ол мені жақтыр-майды. Ал Қожанов – комму-нист, ол мені Рысқұловпен жақсы деп ойлайды. Екеуі де мені кеңес өкіметінің жауы деп есептейді. Мен де оларды жақтырмаймын», – деген  мағынада жауап берген екен. Кезінде осы деректі көлденең тартып, «А.Байтұрсынұлы аты аталған азаматтарды ұнатпап-ты» деп жазғандар болды. Бұл туралы Т.Жұртбайдың өзі былай дейді: «Бұған қарап бұл үш тұлғаны өзара жау етіп көрсеткен және соны «дәлел-деуге тырысқан» ұшқары жарияланымдардың жарық көруі өкінішті. Ұлтымыздың ұйытқылары үшін мұндай жөн-сіз жорамалдардың кесірінен басқа пайдасы жоқ, күмәнсізге — күдік тудырады, айыптыға — араша ғана әкеледі. Шынды-ғына келсек, патша өкіметі мен кеңестік тергеушілердің аран-дату тәсілін әбден меңгерген Ахмет Байтұрсынов осы жауа-бы арқылы Т. Рысқұловты да, С. Сәдуақасовты да, С. Қожа-новты да қылмыстық іске тар-тылудан аулақтатып, қорғап қалуды ойлаған және солай болды да». Алаштанушының бұл анықтамасына алып-қоса-рымыз жоқ. Өйткені А.Байтұр-сынұлы оларды «іске тартылу-дан аулақтатып, қорғап қалған».
Жоғарыда «Ә.Бөкейхан мен М.Шоқайды бір-біріне қарсы қойып жүргендер – бүгінгі көзі тірі азаматтар» деп бекер айт-қан жоқпыз. Мәселен, Саты-балды Нарымбетов түсірген «Мұстафа Шоқай» фильмінде Мұстафа Әлиханға едірейе қарайды. Осы көрініс арқылы режиссер М.Шоқайды тұлға етіп көрсеткісі келген. Өкінішке қарай, бұл көріністі көпшілікке көрсету арқылы режиссер М.Шоқайды көргенсіз етіп алған сияқты. Өйткені Әлихан Мұстафаның ұстазы. Ал ұстазына  едірейе қарау көргенді шәкірттің ісі ме? Әрине, жоқ. Бұл режиссердің қателігі. Себебі көзі тірісінде Мұстафа Әлиханның еңбегін ерекше бағалаған. Оған М.Шоқайдың: «Т.Жүргенұлы алдымен Әлихан Бөкейханға жала жабудан бастайды. Оның сөзіне қарағанда (өткен жылдың жазында Сталин Мирзоянға Әлихан туралы былай депті), 1919 жылы Әлихан Сталиннің қасына келіп: «Қазақ халқы – жойылып кетуге тиіс халық» депті-міс. Сталиннің: «Сіз неге олай деп ойлайсыз?» деген сұрауына Ә.Бөкейхан:  «Өйткені бұл халықтың сөздік қорында орыстардың  «движение» деген ұғымын жеткізіп бере алатын сөз де жоқ» депті-міс. …Қазақ ұлттық партиясы «Алаштың» негізін қалаған, Алаш бағдарламасының авторы болған, Алашорда үкіметін басқарған Әлиханның аузынан мұндай сөздің шығуы қалай десе де, ақылға сыймайды», – деген сөзі дәлел. Ал айтулы әнші Әміре Қашаубаев шолақ белсенді болшевиктерге «Сендер өздеріңді нағыз қазақпыз дейсіңдер. Мен нағыз қазақты Мәскеу мен Парижде көрдім» деп айтқан екен. Әміренің Мәскеуде көрген «нағыз қазағы» Әлихан болса, ал Париждегісі, әрине, Мұстафа болатын.
БОЛАР ЕЛДІҢ БАЛАЛАРЫ...
Баба қазақ «Жақсы сөз жан семіртеді» деп тектен тек айтпаған. Ал Алаш арыстары бір бірінен «жан семіртетін» сөздерді аямаған. Сондай-ақ «болар елдің балалары бірін-бірі батырым» деп, қолпаштап жатса, қанекей. Әйтсе де әрдайым «болар елдің балаларының» іс-әрекетін жасай бермейміз. Осыдан екі жыл бұрын интернет-форумда әлдекім «Бөкейханов өзіне ерген қазақтың қолынан іс келетін оқыған жігіттерін большевиктерге қарсы қойып, барлығын соққыға жықтырды, оған ерген жігіттердің барлығы республика құрылған кезде басқару ісіне араласа алмай, далақтап қалды. Өз қателіктерін түсінген соң, олар жабыла естелік жазып, Бөкейхановты қарғап-сілей бастаған» деп жазды. Бір қызығы, Ә.Бөкейханды «қарғап-сілеген» бірде-бір алаштықты кездестірмейсіз. Керісінше кейбір алаштықтар оның алдында өзін кінәлі сезінетінін жазған. Оған Әлімхан Ермековтың: «Қадірлі Әлеке! Менің бұрынғы қызметімнің бір үлкен артықшылығы – достарыммен кездесіп тұруға аса қолайлы еді: қазір мен олардан көз жазып қалдым, тіпті хат-хабар алысатындарым да азайып кетті. Әлеке, әсіресе сіздің алдыңызда өзімді өте кінәлі санаймын. Сізді көптен бері сағынып жүрмін, бірақ та Сізбен жүздесуге еш мүмкіндігім болмады, ал хаттың сөзі мені қанағаттандырмайды, сондықтан да жазудан бойымды аулақ ұстаймын», – деген сөзі дәлел.
Жалпы ұлт көсемі жайлы жазылған мұндай естеліктер жетерлік. Біз солардың бірнешеуіне назар аударып көрсек. Мәселен, Қошке Кемеңгерұлы: «Үкіметтің қара қуғын жасаған күндерінде айдауына да, абақтысына да шыдап, ел үшін басын құрбан қылған ат төбеліндей ғана азамат тобы болды. Бұл топты баулыған – Әлихан. Әлиханның қазақ еліне істеген тарихи қызметі: әдеби тіл тууына себеп болды, өзіне ерген топты діни фанатизмге қарсы тәрбиеледі. Бұдан барып татардан іргесін аулақ салған қазақ ұлты туды» десе, ал Әлкей Марғұлан: «Адайлар Бөкейхановтың халқының алдындағы орны толмас қызметін тани біледі екен. Сондықтан оны аса жоғары дәрежеде құрметтеді. Өздеріңіз білетін шығарсыз, қазақ тек ең құрметті қонағына тай әлде құлын сойып қарсы алады. Әрине, бұл өмірде өте сирек болатын жағдай. Себебі, жылқы баласының сүйкімділігі соншалық, оны союға ешкімнің көзі қимайды және батылы бармайды. Ал құлынның терісінен жарғақ жасайды. Сондықтан жарғақ киген қазақ ілуде біреу ғана болар. Жарғақ – қазақ киімінің төресі», – дейді. Сонымен қатар Ә.Бөкейханға жыр жазып, жүрекжарды лебізін өлеңмен жеткізген ақындар болды. Олардың ішінде К.Жанатайұлы «Қарағым, жалғызымсың қазақтағы, Ұл тумақ сендей болып аз-ақ тағы» деп жырласа, өзінің үзеңгілесі А.Байтұрсынұлы «Қырағы, қия жазбас сұңқарым-ай, Қажымас қашық жолға тұлпарым-ай!» деп Әлекеңді тұлпарға теңеген.
Осы ретте Ә.Бөкейханның өзге алаштықтарға айтқан жылы пікірлерін тілге тиек етсек. Ол А.Байтұрсынұлына жазған хатында «Алтынсарының баласы Ыбырай хақында өзің жазсаң, жақсы болар еді. Ол сенің ағаң емес пе? Егер ол қазір өмір сүрсе, сендей болар еді, ал сен ертерек дүниеге келгенде, соның ісін жасарың хақ», – дейді. Осы сөзді жазу арқылы ол А.Байтұрсынұлын Ы.Алтынсаринмен қатар қойып отыр. Яғни, бұл «Өсер елдің балалары бірін-бірі батыр» дейді дегенге келеді. Сондай-ақ Әлихан «Елдесім (Омаров — Ж.С.) жолдастың физикасына сын жазайын десем, газетке – үлкен, журналым жоқ болып, делдал болып тұрмын. Елдесім жақсы жігіт. Бұрын да жақсы еді. Енді онан да сүйікті болып кетті» дей келе, «Бір күні Шәңгерей маған: «Мен сені жақсы көрем! Білесің бе?», – деді. Мен: «Жоқ», – дедім. Шәңгерей: «Сен шын қазақсың ба? Сені қазақ деп жақсы көремін», – деді. Физиканы оқып қарасам, Елдесім де қазақ екен», – дейді.
Айтпақшы А.Байтұрсынұлы туралы М.Әуезовтің айтқанына назар аудармау мүмкін емес. Заңғар жазушымыз «Қазақ» газетінің сүтін еміп өскен бір буын осы күнде пікір білім жолында бұғанасы бекіп, іс майданына шығып отырса, кейінгі жас буын Ақаң салған өрнекті біліп, Ақаң ашқан мектепті оқып шыққалы табалдырығын жаңа аттап, ішіне жаңа кіріп жатыр» деп Ахаңа жоғары баға береді.
Жалпы Алаш арыстарының бір-біріне айтқан сөздерінен олардың араз болмағанын аңғарамыз. Тіпті араз болған күннің өзінде кейін келе түсінісіп отырған. Мәселен Сәкен Сейфуллиннің досы Абдолла Асылбеков өзінің 1937 жылы 31 шілде күні тергеушіге берген жауабында: «Сейфуллинмен 1934 жылы кездескенімде ол: «Кеңес өкіметіне қарсы күресті дәл қазірден бастау қажет. Тек көнтақы шенеунік қана безеріп отыра алады, ал әрбір саналы адам бұған көніп, қол қусырып отыра алмайды. Бұрын қандай топтың мүшесі болғанына қарамастан, кім өзін қазақ халқының нағыз ұлымын деп санайды, солардың барлығы да кеңес өкіметіне қарсы күресте бірігуі тиіс. Сен екеуміз, Асылбеков жолдас, алашордашылардың кез келгені екеуімізге: халық үшін деп кеңірдектесіп едіңдер, сол халқың қырылып жатыр ғой десе, не дейміз? деп маған сұрақ қойды», – дейді.
Жасыратын несі бар, С.Сейфуллин өзінің «Тар жол, тайғақ кешу» тарихи-мемуар-лық романында  алаш арыс-тарына сын айтып, пікір білдір-ген. Ал оның А.Асылбековке: «Алаш азаматтарына не бетімізді айтамыз?», – деген мағынадағы жоғарыдағы сөзі алаш арыстарын түсінгендігін аңғартады. Ол «Бұрын қандай топтың мүшесі болғанына қарамастан» «кеңес өкіметіне қарсы күресте бірігуі тиіс» деді. Бірақ тым кеш еді. Әйтсе де С.Сейфуллин өмірінің соңында алашордашылардың жолының дұрыс екенін ұқты. Осыдан кейін қалайша «Алаш арыстары араз болған» деп айтамыз?

 

Серік ЖОЛДАСБАЙ

«Жебе» газеті, 7 наурыз 2013 жыл

http://zhebe.com/