АЛТЫНОРДА
Новости

Абайдың 170 жылдығы қалай тойланады

AbaiPaintingАбайдың 170 жылдығында бірқатар мерекелік шара өтеді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ШҚО ақпарат орталығына сілтеме жасап.

Орталықтың мәліметінше, Абай Құнанбайұлының 170 жылдығына арналған мерекелік шаралар «Абай және әлемдік өркениет» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясынан басталады. Оған шетелдік жетекші әдебиеттанушылар, философ, тарихшылар, әлеуметтанушылар, тіл мамандары мен Абай шығармаларын әлем тілдеріне тәжімалаған шетелдік аудармашылар қатысады. Бұл жиыннан кейін Қазақстан «Серпер» жастар сыйлығының, мемлекеттік «Дарын», «Алтын қалам» сыйлықтарының лауреаты Ақберен Елгезектің авторлығымен түсірілген «Абай» деректі фильмінің тұсауы кесіледі.

«Деректі фильмде көрермендер халық ағартушысы Абайды жаңа қырынан тани отырып, алған білімі, шығыс тәрбиесі жайлы құнды деректермен және басқа да осы уақытқа дейін беймәлім болып келген тұстарымен таныса алады. Бұдай кейін Абай атындағы театрда «Адамзаттың Абайы» атты салтанатты шарасы өтеді. Артынша дәл осы театрда көрнекті өнер майталмандарының қатысуымен концерттік бағдарлама жалғасын табады»,  — делінген хабарламада.

Айта кетейік, мерекелік шаралар 7-тамызда Абай ауданында жалғасады. Ауданда орналасқан этноауыл, мұражай үйі, «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешені, «Еңлік-Кебек» ескерткішінде болған шара қонақтары, Мамай батыр ескерткішінің ашылу салтанатына қатысады. Сонымен қатар, бұл күні Қарауылда Қазақ күресінен Қазақстан чемпионаты, «Жорға жарыс», «Аламан бәйге», «Абай тойының бас палуаны» сынды сайыстар өтетін болады. Жоспарланған іс-шаралар «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» атты республикалық ақындар айтысына ұласады. Байрақты бәсекеге еліміздің әр аумағынан келген 12 үздік айтыскер қатысады. Олардың арасында Серікзат Дүйенғазин, Сара Тоқтамысова, Айнұр Тұрсынбаева, Айбек Қалиев сынды танымал айтыскерлер бар.

Еске сала кетейік, бұған дейін қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының 170 жылдық мерейтойында Семей мен Жидебай арасында жаяулар марафонының ұйымдастырылатыны хабарланған болатын. Семейден Жидебайға дейінгі жолдың тура 170 шақырымға тең болуының символдық мәні бар. Марафон кезінде елді мекендерде, жол бойындағы кемпингтерде ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылады.

kaz.tengrinews.kz