АЛТЫНОРДА
Новости

18 ЖЫЛ ӨЛГЕН КІСІ ТАБЫЛДЫ

234e09421d84821af4f6b896ac32c988Талдықорған тұрғыны Мұрзатай Қыдыркешев осы уақытқа дейін өлілердің қатарында тіркеліп келген.Яғни, 18 жылдан бері өлі адамдардың тізімінде саналып келген ол, өзінің мұндай жағдайға тап болғанын тек осы жылдың шілде айында білген.

Бір қызығы, бұған дейін құжат ауыстырудан азамат қиындық көрмепті деп хабарлайды 31 арна. Ол кәмелет жасқа толмаған қызын өзге мемлекетке жарысқа аттандыру үшін барлық құжаттарын жинаған сәтте, бұл суық хабарды естиді.

«Қызыма сенімхат  жаздым. Ол кезде база ашық болған. Қызым визаны ашып, Лондонға ұшып кетті. Бір он шақты күннен кейін, маған нотариус телефон шалып, менің қайтыс болған адамдар тізімінде тұрғанымды айтты. Барсам, 1996 жылы 21 қазанда менің өмірден өткенім жазылып тұр.  Балаға «өлген адам» қалай сенімхат беруі мүмкін?»,-деп таң қалады Мұрзатай.

Осылайша, ушыққан мәселеден кейін Мұрзатай Боранбекұлының денсаулығы сыр береді. Аурухана, азаматты қолындағы құжатымен қабылдамайды. Істің анық-қанығын білмек болған жәбірленушіге, құзырлы мекемелердің өкілдері дөрекілік танытыпты. Мұрзатай осыдан соң полковникке барып, өзінің тірі екені туралы арыз жазатынын айтқан. Ал полковник болса, 18-20 жыл өтіп кеткен соң, бұл мәселені қозғамай,»өлілер» қатарында жүре беруін айтқан.

Бүгінде Мұрзатай Қыдыркешов не жалақы алмайды, не салық төлемейді. Тіпті, ауруханаға қарала да алмайды. Өлгендігі туралы акт жазбасында Қыдыркешев Алматы-Өскемен тас жолында жол апатынан көз жұмды деп көрсетілген. Сол актының нөмірімен жерлеу бюросында өзге азамат тіркеліпті. Қалалық АХАЖ бөлімі мамандары шиеленіскен мәселеге байланысты бізге жауап бермеді.

Әділет басқармасы болса, орнында болмай шықты. Ал, көші-қон полициясы басқармасы біздің кінәміз жоқ деп ақталып, артынша жауап берместен шығарып салды. Өлі ретінде тіркелген азамат, тек өз құжаттарын қайта рәсімдеп, өлілердің қатарынан алып тастауын ғана сұрайды. Кезінде жұмыстарына салғырттықпен қараған жандардың салдарынан, бүгінде денсаулығым нашарлай бастады дейді. Ал, моральдық және материалдық шығынды кім өтеп беретіні тіптен белгісіз. Азаматтың ендігі бар үміті жоғарғы жақтағы шенділерде.

Дуанабай Жолдасбек

http://www.aikyn.kz/

Сурет Айкын газетiнен алынды