Sorry, this entry is only available in Kazakh. For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Кезінде “Аттан” қозғалысы арқылы көптің есінде қалған Амантай қажы қазір көріне бермейді. Алматыда тұратын ақсақалға Express Qazaqstan тілшісі хабарласқан болатын. Журналистермен көптен бері тілдеспеген қажы ағынан жарылды.

Express Qazaqstan: Амантай ата, ассалаумағалейкүм! Қалыңыз қалай? Денсаулығыз жақсы ма?

Амантай Қажы: Денсаулығым шүкір, жақсы. Алланың арқасында жүрмін. Қажылыққа он рет барып, аруақтарға құран бағыштап, ас бердім. Осы ісімді Меккенің басшылары жоғары бағалады. Жеті балам, он екі немерем, екі шөберем бар өсіп-өніп жатырмыз. Меккеге мың адам апардым. Оны Қазақстанда ешкім істеген емес. Оған бұрынғы бас мүфти Рәтбек Қажы куә болған. Амантай Қажы деген кім десең майын тамызады. Мен оны атақ үшін емес, сауап үшін жасадым, айналайын!

Express Qazaqstan: “Аттан” қозғалысының жұмыстары қалай болып жатыр, ата?

Амантай Қажы: Алда егемендіктің отыз жылдығы, Семей полигонының жабылғанын атап өтіп, көшеге плакат ілеміз. Бірақ біздің идеямызды басқалар ылғи ұрлап кете беретіні қынжылтады.

Express Qazaqstan: Қандай идеяларыңызды ұрлады сонда?

Амантай Қажы: “Қазақстан жасасын!”, “Мәңгі ел болсын!” деген ұранды әу баста біз бастағанбыз. Осының бәрін ұрлайды да өздеріне пайдаланады. Мына жемқорлық деген бәле болды. Мемлекет басшысы осыны жоямыз деп екі жыл бұрын айтқан. Бірақ жойылмай жатыр. Өзі маған хабарласпайды да. Мені біледі, кезінде талай рет амандасқан.

Express Qazaqstan: Көшеге плакат ілсеңіз полиция айыппұл салмай ма?

Амантай Қажы: Жоқ. Біздің қозғалыс бейбіт ұйым. Ешкім ештеңе демейді. Себебі, мені біледі. Рәтбек Қажының өзі “Амантай — қазақтың Омар Халифі” деген. Ермакты құлатқанымда марқұм Зейнолла Қабдолов “Амантай — елдің үрейі”, одан кейін мерейі” деген. Бауыржан Момышұлының өзі өлер алдында мен туралы жылы сөзін айтып кетті. Оны кейін Шөмішбай Сариев жазды. Кеңес заманында-ақ лайықты бағамды берген.

Express Qazaqstan: Кеңес кезінде қандай салада қызмет етіп едіңіз?

Амантай Қажы: Ол кезде Алматы облысындағы бір кәсіпорында 10 жылдан астам уақыт кәсіподақ төрағасы болдым. Түзу жүрдім, шалыс басқаным жоқ. Мен ең көп уақыт кәсіподақ төрағасы болған адаммын. Кейін Тұңғыш Президенттің өзі келіп сәлем берді, батамды алды, айналайын!

Express Qazaqstan: Қоғамымыздағы кейбір жағдайларға жиі пікір білдіруші едіңіз. Кейін жұрт сізді таппай қалған сияқты…

Амантай Қажы: Иә, мен әрқашан ешкімнен қаймықпай ойымды айттым. Қазақстан ұлы, иманды, қайырымды, мейірбан мемлекет болуы керек деп үнемі аттандап жүремін. Кезінде Барак Обаманың өзі мені АҚШ-қа қонаққа шақырған. Бармадым. Себебі, олар арақ ішеді. Ондай жерге барғым келмейді.

Express Qazaqstan: Тоқал тақырыбын ең көп қозғаған адамның бірі сіз едіңіз. Қазір ондай мәселе көтермейтін болғансыз ба…

Амантай Қажы: Бұл менің ғана мәселем емес. Бұл тұтас ұлттың мәселесі. Жарты миллион қазақ қызы қазір күйеусіз жүр. “Аттан” қозғалысы дүние жүзіне танылып болған соң осы мәселені де көтерді. Тоқал алу деген ол еркектердің мәселесі емес, әйелдердің мәселесі. 25-45 жас аралығындағы жарты миллион қыз қазір салт басты болып жүр. Менің батаммен кезінде біраз саясаткерлер тоқал алды. Бірақ оны заңдастырып, бәріне жеткізулері керек еді.

Express Qazaqstan: Өзіңіз де алам деп айтып қалғаныңызды естіп едік…

Амантай Қажы: Алла бұйыртса, таза, иманды қыз болса… Менің бабаларым төрт әйел алған. Қазір бес жүз мың қыз далада жүр деймін. Бұл ұят қой. Елімізде сондай саясат болу керек. Маған көптеген аналар, кемпірлер бата беріп, “Қажеке, сіздікі дұрыс! Осы жолдан тайма! Ұлтымызды жеңіске бастайсың!” деп үнемі тілегін айтып жүр. Дәл қазір мен тоқал алып я алмағаныммен ештеңе шешілмейді. Сендер тықылдап, менен ылғи сұрайсыңдар! Ал, оны мемлекет жолға қоюы керек…

— Әңгімеңізге рахмет!

 

Рубрика: