Sorry, this entry is only available in Kazakh. For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

 

Қазақстандық құраманың ауыр атлетика бойынша бапкері Сергей Седов спортшы Альберт Линдердің өлімі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

Бапкердің сөзінше, ұлттық құрамадан кету туралы шешімге Линдердің өзі Рио-де-Жанейродағы Олимпиада алдындағы допинг тестілеуден кейін келген. 

 

“Допинг қадағалаушы келіп, барлық спортшыға арнайы құты мен парақ жазып берді. Альберт бес рет тест тапсырды, төртеуі таза шықты, бірақ бесіншісінің қорытындысы дұрыс болмады. Осылайша ол Олимпиадаға өте алмай қалды”, – дейді Сергей Седов. 

Бұған қоса, жаттықтырушы сол кезең ешкімге оңайға соқпағанын атап өтті. 

“Альберт адам танымастай өзгеріп кетті. Сондықтан оны босаттым. Таразда болған жағдай еді. Жаттығулардан босаттым, ұзақ уақыт бойы әңгімелестік. Сол уақытта “Мен Риодағы жағдайдың қайталануын қаламаймын. Оданша мен барып жұмыс істейін, қайта осы жолға түскім келмейді” деп айтты”, – дейді бапкер. 

Қазақстан спортшылар одағының өкілдері спорттан кеткендер әлеуметтік тұрғыда қорғалмағанын атап өтті. 

“Біздің федерацияның, уәкілетті органдардың жұмысы бірінші кезекте нәтижеге бағытталған. Олар спорттық мансабын аяқтағаннан кейін қайда баратынын ойламайды. Сол федерациялар тарапынан, мемлекеттік органдар тарапынан бейімдеу жұмыстары жүргізілмейді. Енді, міне, осындай жағдай орын алып жатыр. Қазіргі уақытта біздің спортшылар әлеуметтік жағынан еш қорғалмаған”, – дейді “Қазақстандық спортшылар одағы” жергілікті қоғамдық ұйым жетекшісі Азамат Қарлығашев. 

Айта кетсек, бұған дейін 25 жастағы зілтемірші Альберт Линдердің көз жұмғаны белгілі болған еді. Кейіннен анықталғандай, ол өзіне қол салған. Қазіргі таңда оның өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалған. Бұған қоса, ауыр атлетика федерациясы ішкі тергеу жүргізетінін мәлім етті. 

Рубрика: