АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]25 жасында бес бала асырап алған жамбылдық ару туралы білесіз бе (фото)[:]

[:kz]

Жамбыл облысы Талас ауданының тумасы Алтынай Тапелова бүгінде бес баланы асырап алып, бауырына басып отыр. 25 жасында ару мұндай қадамға баруына не түрткі болғанын айтып берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Айқын газетіне сілтеме жасап.

Алтынай Тапелова қазіргі уақытта аудандық ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі болып қызмет атқарады. «Өзім Сарысу ауданы Жайлыма ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келгенмін.

Бес ағайындының үлкені болсам, артымнан ерген төрт інім бар. Әкем Бекбота өмір жолын ұстаздыққа, бала тәрбиесіне арнаған жан. Анам Күнімай Исабаева болса, бүгінде Талас ауданындағы «Мирас» балабақшасында еңбек етуде.

Бір сөзбен айтқанда, біздің отбасымыз бала тағдырымен тығыз байланысты. Сол себепті Тараз мемлекеттік педагогикалық университетін тәмамдағаннан кейін еңбек жолымды Жуалы ауданы Қарабастау ауылындағы мектепте ұстаздық етуден бастадым.

Кейіннен Талас аудандық білім бөліміне ауысып, бала құқығын қорғау жөніндегі маман болдым. Осында жүріп өмірімдегі ең маңызды оқиға – бүгінгі бес перзентіммен қауыштым», — деп сөзін бастады ару.

 

Жамбыл облысының тұрғыны осындай маңызды қадам жасауына не түрткі болғанын айтуды ұмытпады. «2016 жылы Меркі ауданынан бес баласынан бас тартқан ана туралы ақпарат жетіп, оларды Талас ауданындағы нағашылары бауырына басқанын естідім.

Бірақ шамамен төрт ай өткенде нағашылары бізге хабарласып, балаларды асырау қиынға соғып жатқанын, сол себепті оларды балалар үйіне өткізуге ниетті екенін жеткізді.

Құжаттары алдыма келгеннен кейін қазан айында аталған мекенжайға бардым. Таласта сол жылы қар ерте түсіп, ызғар бетті қаритындай болып тұрған. Барсам, бес бала бір бөлмеде бүрсең қағып отыр екен.

Нағашыларының тұрмысы төмендігі соншалық, балаларға не күздік, не қыстық киім алып бере алмапты. Содан бесеуін де жетектеп үйге алып келдім. Ең кішісі Іңкәр ол кезде небәрі 3 жаста болатын. Балалар мойнымнан құшақтап, бойымнан аналық сезімді қалай оятқанын өзім де түсінбей қалдым.

Әкем мен анам балаларды жылы қабылдап, көршілердің көмегімен қажетті киім-кешек алып бердік. Алайда белгіленген талап бойынша үш күннен кейін балаларды Тараз қаласындағы балалар үйіне өткізуге алып келдім. Бірақ шынымды айтайын, босағадан аттап, балалар үйіне кіре алмадым.

Көлікте көтеріңкі көңілмен келе жатқан бесеуінің де балалар үйін көргенде түрлері бұзылып, үнсіз отырып қалды. Содан сол күні «құжаттары дұрыс болмай қалды» деген желеумен балаларды қайта үйге алып келдім», — деді Талас аудандық ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі.

Алтынай Тапелова комиссияға бала асырап алу туралы өтініш жазған уақытта қарсы келгендер болғанын жоққа шығармады. «Біреулер әлі жас екенімді айтса, енді бірі бұлай өз өмірімді құртатыным туралы кеңес берді. Бірақ ештеңеге қарамастан, 10 күн ішінде құжаттарды рәсімдеп, балаларды патронаттық тәрбиеге алу туралы рұқсатнама қағазға қол жеткіздім», — деді ол.

амбыл облысының тұрғыны бес баласының қазіргі жағдайына тоқталып өтті. «Үлкенім Дильназ биыл мектеп бітірді. Қасымда болсын деп, Қаратау қаласындағы ТарМУ-дың колледжіне түсірдім.

Досжан – 12 жаста. Ернат 11-де болса, Нұрдәулет 9 жасқа толып отыр. Кенжем Іңкәр – 8 жаста. Барлығы Талас ауданындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектепте оқиды», — деді ару.

 

Ол балаларына мемлекет тарапынан қандай көмек болып жатқанын да айтып өтті. «Бастапқыда әкем кезекке тұрып алған үйін бізге берген болатын. Алайда өткен жылы екі балама Қаратау қаласынан екі бөлмелі пәтер берді.

Қазір сонда тұрып жатырмыз. Тағы екі баламды Тараз қаласында үй кезегіне қойып қойдым. Олардың келешегін ойлап, осындай шешім­ге бардым. Мемлекет тарапынан әр балаға 10 АЕК көлемінде жәрдем­ақы төленеді. Одан бөлек, қол ұшын созып отырған әке-шешем бар.

Бірақ шынымды айтсам, ата-анаң­нан көмек сұрай бергенге ұялып, бір кездері Тараз қаласында ыдыс-аяқ жуып, табыс тапқан күндерім де болған. Балаларымды ешкімнен кем қылмас үшін демалыс күн­дері облыс орта­лығына келіп, кафелерден аз-маз тиын тауып, соны балаларыма жеткізгенше асығатынмын.

Қа­зір Құдайға шүкір, табысымыз жеткілікті . «Әр баланың өз нәсібі бар» деген рас екен. Алланың берген ризығын бөлісіп, күн көріп отырмыз», — деді Талас аудандық ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі.

Алтынай Тапелова тұрмысқа шығу туралы көп сөз қозғалатынын жеткізді. «Өмірім бұлай болады деп ойламағанмын. Алайда Алланың жазуымен осы жолға түстім. Бұ­рын қызмет қуып, мансабымды көтергім келетін. Бірақ Жарат­қан маған осы бес баламды жолық­тырып, өмірдің шынайы бақытын сездірді. Сол себепті бұл таңдауым үшін еш өкінбеймін.

 

 Тұрмыс құру мәселесіне келер болсақ, сөз айтып келген жігіттер көп болды. Бірақ олар менің балаларымды қалай қабылдайды деп қорықтым. Бес перзентім әке мейірімін көрмей өскен жандар. Сондықтан олардың жүрегіне ауыртпалық салмау үшін жеке бақытымнан бас тарттым», — деді жамбылдық ару. 

Еске сала кетсек, осыған дейін Жамбыл облысында ата кәсіпті дөңгелетіп отырған жылқышы әйел туралы жазған болатынбыз. 

https://kaz.nur.kz/1865382-25-zasynda-bes-bala-asyrap-algan-zambyldyk-aru-turaly-bilesiz-be-foto.html

[:]