АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]21 мың теңге жәрдемақы: Көпбалалы отбасылардың кейбірі ауласындағы жеміс ағашы үшін жәрдемақыдан қағылған[:]

[:kz]

Қазір халыққа қызмет көрсету орталықтары, жұмыспен қамту мекемелерінің іші адамға лықа толы. Көп балалы аналар президент уәде еткен әр балаға берілетін 21 мың теңгеден үмітті. Бірақ 21 мыңды алу үшін, еңбек министрлігі қарайған құжат сұратып, қинауда. Тіпті, көпбалалы отбасылардың кейбіріне ауласындағы жеміс ағашы үшін жәрдемақы беруден бас тартылған.

Бүгінде комиссия ауладағы жеміс ағаштарын да кіріс көзі деп есептеуде. Сөйтіп, ауылдағы кедейдің балалары, әкесі көлеңке түсіреді деп еккен ағаштың кесірінен 21 мың теңгеден қағылып жатыр, деп хабарлайды «Еуразия бірінші арнасы».

«Үш-төрт түп табысқа жата ма, жатпай ма?  Ол енді беретін… Жергілікті атқарушы органдар, саралап-шешеді. Бұзауды алатын болсақ, 1-2 жасқа дейін есептелмейді. Жаңа егілген ағаштар өнім беретін жасына дейін есептелмейді», — дейді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бас сарапшысы Ғалия Жабағина.

Бұзау есепке алынбағанымен, сиыр «кіріс әкелуші» деп есептеледі. Ауылдағылардың көбі ауыздың дәмін келтіріп, шай ішу үшін ғана сиыр ұстап отыр емес пе? Бір ғана сиырдың сүтін кім сатады? Айтпақшы, оны жайдыру үшін де ай сайын 2-3 мың төлейді. Ал, бірақ… Үкіметтің есебінше, ауылдағылар сүт сатып байып отыр.

Мынау затың кіріс әкеледі, анадан пайда табасың дегені көп. Қысқасы, әлгі әр балаға 21 мыңды алу үшін, не болу керек, не болмау керек? Егер 1 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты жәрдемақы алып отырсаңыз, ол кіріс деп саналады. Күлесіз бе жылайсыз ба?! Бүкіл дамыған ел: Ана баласы үш жасқа келгенше үйде бала күтімімен отырсын, оған жалақы деңгейіндегі жәрдем төленсін деп талап етіп жатқанда. Ал біздікі… Мүгедек баланы бағуға берілетін жәрдемақы да кіріс деп есептеледі. Дені-қарны сау баланы бағу қандай мехнатты екенін білесіздер. Ал мүгедек баланы бағып-қағу оңай ма?! Осы жылдың қаңтар, ақпан, наурызында несие алсаңыз, ол да кіріс ретінде саналады. Ол қалай кіріс боп есептеледі? Ол ай сайынғы шығының емес пе?! 

«Көп жағдайда несиені пайда көру үшін алады. Бірақ несиенің барлық соммасы есептелмейді. Ай сайын 30 мыңнан төлеп тұрса, тек 3 айдағы төлемі табыс болып есептеледі», — дейді Ғалия Жабағина.

21 мың алуға ниетті болсаңыз, несиеңіз болмауы керек. Оны түсіндік. Сосын ажыраспаңыз. «Күйеуіңнен алимент аласың» деп әр балаңызға 21 мыңды қимай қоюы кәдік. Зейнеткер ата-әжеңіз болса да, әлгі атаулы көмекті көрмей қаласыз. Зейнетақыны кіріс деп санап отыр. Әженің ол ақшасы дәрі-дәрмегінен артыла ма, оны келінге ұстата ма, ол қызықтырмайды. Зейнетақы алады екен, ол кіріс, дейді. Шығын-шығыстарды есепке алмағасын, талай келіншек жәрдемақыдан қағылып жатыр. 

Біз бір үйде 6 адам тұрамыз. Күйеуімнің айлығы – 100 мың теңге. Салық анау-мынаумен ұсталып, 70 мың қолға бұйырады. «Сендер көп айлық аласыңдар», — деп 21 мыңнан қағып тастады. Ал менің осы пәтерді 40 мыңға жалдайтынымды, азық-түлік шығындарымды есептемей қойды», — дейді Салтанат есімді тұрғындардың бірі.

Кірісті ғана есептемей, неге шығынды, шығыстарды да есепке алмайды. Мысалға, 4 баласы бар отағасы 120 мың теңгелік айлығы болғанымен, оның 80 мыңын пәтерге жұмсайды ғой? Ал еңбек министрлігі  «арзандау үйде тұрмай ма» деген емеурінді айтып отыр. Бұдан да арзан қайда бар? Жертөле, барактар ма? Кеше ғана 5 қыздан сол жәртөледе айырылдық емес пе?! 

stan.kz

[:]