Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

 

Грек-рим күресінен Қазақстан командасының мүшесі Мейіржан Шермаханбет Үндістанда көзіне ота жасатты. Бұл туралы Bassport.kz сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Мейіржан олимпиадалық салмақ саналатын 67 келіде сынға түседі. Балуанның айтуынша, ол биылғы Азия чемпионатына аттанар кезде байқаусызда көзін жарақаттап алған.

«Бұл жағдай Азия чемпионатына аттанардан екі күн бұрын болды. Командалас балалармен баскетбол ойнап жатқанбыз. Кенет біреуінің қолы көзіме кіріп кетті. Осылайша, көзімнің көруі нашарлады. Қызығы сол, жарақат алғашында сыр білдірмей, арада бір ай өткен соң ғана көзімнің дұрыс көрмейтіні байқала бастады. Тіпті, Болат Тұрлыханов турнирінде көзім көрмей күрестім. Қазір команда дәрігерінің нұсқауымен Үндістанда көзіме ота жасаттым. Отаға төленетін ақшаның жартысын Шымкенттегі жергілікті федерациясы, жартысын еліміздегі күрес түрлері федерациясы төледі. Дәрігерлер екі айдан кейін қалыпты өмірге оралатынымды айтты. Қазір денсаулығым жайлап қалпына келіп жатыр. Бірақ көзім бәрібір бұрынғыдай болмайды, сол өкінішті», – деді Мейіржан. Көлденең жарақат салдарынан Мейіржан Шермаханбет биыл өтетін әлем чемпионатынан тыс қалып отыр. «10 қыркүйекте Сербияда басталатын әлем чемпионатына қатыса алмаймын. Ота жасатқаныма небары бір апта болды. Бұл жарақаттан жазылып, бұрынғыдан да мықты боп ораларыма сенемін. Дәрігерлер рұқсат етсе, екі айдан соң жаттығуға кірісемін. Менің ендігі мақсатым – келесі маусымға тас-түйін дайын болу. Алдағы жылы көптен күткен Азия ойындары өтеді. Сондай-ақ, келесі әлем чемпионатында Париж Олимпиадасының лицензиясы ойнатылады. Сол бәсекелерге дейін бабыма енуді жоспарлап отырмын. Қате аяқ астынан. Мұндай жағдай әркімнің басында болуы мүмкін», – дейді Мейіржан.

Еске сала кетейік, Мейіржан Шермаханбет 2018 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері. Сондай-ақ, 2021 жылғы Азия чемпионатының жеңімпазы. 

 

Рубрика: