Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

 

Теміртау қаласының 24 жастағы тұрғыны ажырасқаннан кейін әйеліне берген “қалың малын” талап етіп, сотқа жүгінген еді. Жігіттің туыстары оқиғаның мән-жайын айтып, неге ондай қадамға барғандарын түсіндіріп берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап. 

Марат (аты өзгертілген) келіншегімен Instagram әлеуметтік желісі арқылы танысқан. Үш ай хат алмасқаннан кейін ол қызға барып, ата-анасымен кездеседі. Жастар тіл табысып, өз кезегінде бойжеткен жігіттің әке-шешесімен танысу үшін Теміртауға баруға келіседі. 

 

Болашақ келінімен танысқаннан кейін, күйеу жігіттің ата-анасы видео байланыс арқылы оның ата-анасымен тілдеседі. Қыздың ата-анасы олардан қалың мал ретінде бір миллион теңге ақша сұрайды. Бұдан соң олар аталған соманы болашақ келінінің ағасының банктік шотына аударып жібереді. 

«Видео қоңырау кезінде қыздың ата-анасы оның пәк екенін және өздерінің әдет-ғұрыптары бойынша 1 миллион теңге көлемінде қалың мал беруіміз керек екенін айтты. Біз Шымкентте бұндай салт-дәстүр барын біліп,айтқандарымен келістік. Ақша аударғаннан кейін Шымкентте шығарып салу рәсімі өтті. Олар басында мейрамханада ұзату той болады деп айтқан. Ал іс жүзінде асхана жалдап, сол жерден шығарып салды. Бірақ ол кезде біз оған аса мән бермедік, жастар үшін қуандық. Қалың малға берген ақшаға жасау сатып алғандарын айтып, бізге фотосуреттер жіберді», — деді күйеу жігіттің әпкесі Әсем. 

Бұдан кейінгі оқиғалардан Мараттың туыстары әлі естерін жия алмай жатқандарын айтады. Кейін қалыңдық жасауын алып, Теміртауға көшкен. Жастар күйеу жігіттің ата-анасымен және ағасымен бірге тұрады. Үйлену тойына дайындық жүріп жатқан. 

«Екі апта бойы бәрі жақсы болды. Марат пен келін жас жұбайлар ретінде қонақ қылып шақырған жерлерге барып жүрді. Бірақ екі аптадан кейін қыз кенеттен Шымкентке жинала бастады. Біздің сұрағымызға сабақтың сессиясын жауып, тез қайтып келетінін айтты. Бірге барайық дегенімізден, бас тартты. Солай кетіп, екі апта бойы жоғалып кетті», — дейді Әсем.

Теміртауға оралған келіні Шымкентте тұрғысы келетінін мәлімдейді. Барлық заттарын жинап, күйеуі мен ата-анасынының қалдыруға тырысқанына қарамастан, туған қаласына кетіп қалады. 

«Бұл есеңгіреп қалдық. Оның ата-анасына қоңырау шалып, іске араласуларын сұрадық. Алайда олар қызын босатуларын өтінді. Әйтпесе ол өзін-өзі өлтіруі мүмкін деді. Біз қорқып, оны таксиге отырғызып жібердік. Тіпті әке-шешесіне кетіп бара жатқанын видеоға түсіріп жіберіп, есеп бердік. Інімнің еңсесі түсіп кетті. Барлық жағдай үшін біздің алдымызда жүруге ұялды. Тойға жасалған дайындық сол күйі қалды. Біраз уақыттан кейін біз сотқа шақырту қағазын алдық. Қыз бізге берген жасауын алуы үшін сотқа жүгінгені белгілі болды. Онымен қоса, сотқа жазған шағымында біз оны құлдықта ұстап, тіпті ұрдық  деп жазып берген. Басымызға жай түскендей болды», — деп шағымданады Әсем.

Осындай айыптаулардан кейін күйеу жігіттің туыстары оған қарсы “ қалың малды” қайтаруын сұрап, сотқа жүгінеді. 

«Біз сотқа аударған ақшамыздың, алған зергерлік бұйымдар мен туыстарына берген сыйлықтардың чектерін ұсындық. Інімнің атынан анасы үшін шағын несие алдырғаны белгілі болды. Сондай-ақ, біздің адвокатымыз қалыңдық жақтың бізге берген барлық әшекейлері жай ғана зергерлік бұйымдар екенін анықтағанын айтты. Ал қыздың өзі әкесіне жаздырған екі жасар ұлы бар болып шықты. Бізден бірінші рет кеткенде аяғы ауыр болған екен. Шымкентке баласын алдырдып тастауға барғаны белгілі болды. Бала інімнен емес. Ол қорғанғандарын айтты. Міне, осындай келін бізге бұйырыпты», — деді Әсем.

Теміртау қалалық соты күйеу жігіт қалыңдыққа барлық жасауды қайтару керек деп шешім қабылдаған. Ал азамат әйелден тек 70 мың теңге ғана өндіріп алған көрінеді. 

«Біз әрине, мұндай шешіммен келіспедік. Бірақ біздің адвокатымыз ауырып қалып, сот шешіміне шағымдануға уақыт болмады. Біз бұл қызды алаяқтық деп ойлаймыз. Дәл менің інім сияқты басқа біреуді алдамасына кім кепіл? Мүмкін бұл олардың отбасылық бизнесі шығар. Сонымен қатар, Теміртау – кішкентай қала. Інімнің қаламаса да аты шықты. Сондықтан, біз мұндай жағдай өмірде де болатынын ескерту үшін қоғамға айтуға шешім қабылдадық «, — дейді Әсем.

Бұған дейін Теміртауда ажырасып кеткен ерлі-зайыптылар қалың мал мен жасауды кері қайтарып алу үшін бір-бірімен соттасқанын жазған болатынбыз. 

Рубрика: