Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

 

Сайтымызда 2020 жылдың 29 наурызында жарияланған «Ажырасу. Әйелінің тегі. Бір отбасының қылмыстық оқиғасы» атты мақала (https://www.altyn-orda.kz/kz/azhyrasu-ajelinin-tegi-bir-otbasynyn-kylmystyk-okigasy/) «Алтын Орда» оқырмандарының үлкен қызығушылығын тудырды. Енді бұл даулы оқиғаның жалғасын жариялайық.

 

Бұрын жазғанымыздай, 2015 жылы Боранәлі Ақпанбет Жетібаевтар отбасының құрдымға кеткелі тұрған бизнесін аяғынан тік тұрғызуға бел шеше кіріседі. Бұл отбасының бизнесі ол кездері шынымен де қиын жағдайда еді: несиелері төленбеген, қарыздары күн сайын өсіп, болашағы бұлыңғыр еді.

Бұл оқиға – өмірде жиі кездесетіндей, кәдімгі пендешіліктің бір мысалы.

Боранәлі Жаңаөзендегі бір тойда Айнұр Жетібаевамен танысты. Сосын екеуі бір жерде бірге жұмыс істеді. Солай арада сезім оянып, екеуі ақыры үйленіп тынады.

Боранәлі жаңа отбасынан ештеңесін аямады. Жетібаевтардың төленбей жатқан несиелерін жауып, өз ақшасына апалы-сіңлілі Айнұр мен Әлияға Алматы мен Астанадан пәтер алып берді, Жаңаөзендегі «Бөкен» базарының жартысын жаңа енесі Баяннан сатып алды. 2016 жылға дейін ешқандай мардымды табыс бермей келген базардың жұмысын Боранәлі жолға қойды.

Базарды жаңартамын деген Боранәлі Ақпанбет оның орнына заманға сай сауда орталығын құрамын деп өзінің бар ақшасын салады, ол жетпей, қарызға ақша алады. Кешегі қара базарды жарқыраған заманауи орталыққа айналдыру жолында 1 миллиард теңгеден астам ақша кетті.

Үлкен құрылыс басталғандықтан базардан түсіп тұратын азын-аулақ табыстың тоқтап қалғанына Жетібаевтар отбасы шыр ете қалады. Енді Боранәлі бұлар үшін «оңбаған», «бәрін бүлдірген күйе бала» болып шыға келді.

Енесі Баян кезінде күйеуі Мұратханмен ортақ мүлікті бөліспестен ажырасып кеткен. Баян базарды құруға көп күшін салған қайын інісі Батырбекті де түк берместен ортақ бизнестен қуып жіберген. Айнұр Жетібаеваның бірінші күйеуін де бұл отбасы қолына бір чемоданын ұстатып, құйрықтан бір тепкен. Ендігі кезек Боранәліге келген екен.

Бірақ Боранәлі бұл бизнеске өз ақшасын салып жіберген. Отбасының несиелерін жауып берген. Шетелдегі талай демалыстарын төлеп берген. Айнұр мен Әлияға пәтер әперді. Бәрі өзінің ақшасы еді ғой. Ақыр аяғы «Бөкен-Жәнібек» базарын жөнге келтіруге өз ақшасы бар, алған қарызы бар, 1 миллиард теңгеден астам ақша салды емес пе?

 

ФОТО:

Боранәлі келгенге дейін базардың ұсқыны мынадай еді

ФОТО:

Жаман базар осындай заманауи сауда орталығына айналуы тиіс еді

ФОТО:

Боранәлі бастаған құрылыс күндіз-түні жүргізілген

Мына видеода құрылыс аяқталуға жақын қалған еді

ВИДЕО:

Енді Боранәлінің бұрынғы әйелі Айнұр Жетібаева үйден жалғыз бір чемоданын көтеріп кете барған өзінің бірінші күйеуін жұртқа мақтайды. Боранәлі де ештеңе таласпай, кете берсін дегені.

Боранәлі әрине, сотқа жүгінді. Алматының Алмалы аудандық сотының судьясы шешім шығарды: Боранәлі Ақпанбет пен Айнұр Жетібаеваның ортақ мүлкі екеуара теңдей бөлінсін деді. Ортақ мүлік Ақпанбеттің ақшасына алынған деді.

Бұл туралы «Ажырасу. Әйелінің тегі. Бір отбасының қылмыстық оқиғасы» атты мақаланың бірінші бөлімінде айтылған еді.

Нағыз қылмыс енді басталады.

Түсініксіз аудит

Боранәлінің інісі Бегалының әңгімесін келтірсек, ол былай дейді.

– Боранәлі Алматыда жүрген. Мен Жаңаөзенде едім. Жетібаевтар отбасын Айнұрдың әпкесі Әлияның күйеуі – Күреңбеков Бақыт Амантайұлы басқарады. Ол бұрынғы ҰҚК қызметкері. Әлияның өзі де күні кешеге дейін ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Құқық департаментінде директор болған адам. Екеуі келіп «Бөкен — Жәнібек» базарына аудиторлық тексеру бастайды. Ондағы мақсаты – Жетібаевтар отбасы Боранәлі Ақпанбетке сот бойынша қанша ақша қайтаруы тиіс екен анықтау.

Ар жағы енді таза комедия. Олардың аудиторлық тексеруі Жетібаевтар отбасының Боранәліге ештеңе қарыз емес екенін, тіпті керісінше, Боранәлі бұларға 702 миллион теңге қарыз екен деген «пәтуа» шығарады.

Бір қызығы, аудиторлық тексеру Боранәлінің кезінде бұл отбасының жалпы сомасы 337 миллион 540 мың теңге (доллардың қазіргі бағамымен санағанда) қарызын жауып бергені туралы жақ ашпапты. Әлия мен Айнұрға пәтер алуға қазіргі бағаммен Боранәлінің 230 миллионнан астам теңгесі жұмсалып кеткені туралы да айтпапты. «Бөкен – Жәнібек» базарын жаңартуға несиеге алынған миллиардтан астам теңге туралы да ұмытып кетіпті.

Онда тіпті жарайды делік, Боранәлінің отбасылық бизнеске салған 1,5 миллиард теңгесінен 702 миллион теңгені алып, қалған 800 миллионды бұл ақшаның заңды иесін қайтаруы керек қой?

Бірақ аудитте бұл шығындар туралы түк мәлімет. Бірақ Боранәлінің қолында шығындарын растайтын құжаттардың бәрі бар: құрылыс материалдары, атқарылған жұмыстар, тауар, жиһаз, құрал-жабдық алған чектерінің бәрі сақтаулы.

 

Отбасылық «разборкаға» ҰҚК араласты

Мұны шетелдегі біреуге айтсаң, өлсе де сенбес. Қазақстанда ғана отбасылық дау-дамайға Ұлттық қауіпсіздік комитеті араласатын шығар-ау.

ҰҚК қызметкерлері бөтеннің мүлкін тартып алу үшін арнайы операция әзірлеген деуге болады. Ойдан шығарылған әңгіме емес, фактілер солай дейді.

«Бөкен – Жәнібек» базарын тексеру кезінде аудиторлардың өздері де ҰҚК жақтан нұсқау бар екенін талай айтқан еді.

Аудиторлар базарда сауда жасайтын жеке кәсіпкерлерге қысым жасап, «Бөкен – Жәнібек» ЖШС басшылығына қарсы куә беруге мәжбүрлеген. Қорқытқан, боспалаған. Сендерді Боранәлі бастықтарыңмен бірге 5-7 жылға түрмеге тығамыз деген. Бұл неғылған аудиторлық тексеру?

Бұл туралы Бегәлі былай дейді:

– Жаңаөзенде зор ықпалы бар Жетібаевтар отбасы мені де қорқытты. Жаздың бір күні маған ағамды Алматыда Ұлттық қауіпсіздік комитеті қамауға алғанын хабарлады. Боранәлі Ақпанбетке нақты түрме мерзімін беруі мүмкін екенін айтты. Алматыдағы туысқандарға хабарлассам, олар шынымен де Боранәліні КНБ-ға тергеуге шақырғанын растады, әлі ол жатқан келген жоқ деді. Жұмысындағыларға хабарлассам, олар да Боранәлі жұмыста жоқ деді.

Сол күні, 2019 жылдың 17 маусымында Бегәлінің үйіне Жетібаева Әлия мен Күреңбеков Бақыт келеді. Олардың жанында туыстары Бұлғақбаев Ж. мен Байгисиев Е бар. Олар Бегәліден Ақтау қаласының орталығындағы Бегәлінің атындағы сауда орталығын Әлияның атына жазып бер деген талап қойды. Бермесе – ҰҚК подвалында жатқан ағасының кебін киіп, бұл да түрмеден бірақ шығады.

– Ағаң сияқты жеті жылға түрмеге кеткің келмесе, өзіңнің сауда орталығыңды Әлияға жазып бер,  – деді кәрлі дауыспен Күреңбеков Бақыт пен Жетібаева Әлия.

Қорыққан Бегәлі төрт бопсалаушымен бірге Ақтауға барып, Бақыт пен Әлияның туысы Жалғасов Мақсаттың көзінше, әлгілердің таныс «қара» нотариусында қажетті қағаздарға қолын қояды. – Тірі қалғаныңа тәубе де, деп кетеді олар тағы.

Мына видеода ақ жейдедегі Күреңбеков Бақыт. Бұрынғы ҰҚК қызметкері

 

Оңбай алдап түсірген екен

Ең қызығы сол, Боранәлі Ақпанбетті шын мәнінде ешкім де қамауға алмаған екен.

Оны Алматыда Ұлттық қауіпсіздік комитетіне шақырған, қабырғалары қалың жертөледе «бейбіт келіссөз» өткізген. «Бөкен – Жәнібек» базарын бере сал деп ұсыныс жасаған.

Боранәліні ҰҚК қабырғаларында Жаңаөзен жақтағы інісі Бегәлінің сауда орталығын бопсалау арқылы рейдерлік жолмен тартып алу операциясы аяқталғанға дейін ұстаған. Осылай алдап түсірген, қысқасы.

Азаматтық-құқықтық дауға ҰҚК қашан араласып еді?

Қазақтың ойлап таппайтыны жоқ дерсіз.

ҰҚК аяғынан шалған Бегәлі сауда орталығы үшін көк тиын алған жоқ. Өйткені алдау мен боспалаудың бар мақсаты осы еді – су тегін тартып алу. Бірақ істе екі қолхат бар. Бірінде 33 миллион теңге деген сома көрсетілген, екіншісінде бұл санға тағы бір нөл қосылған, 330 миллион деп тұр.

Мына видеода Бегәлі Ақпанбетұлы былай дейді:

Сөз соңында айта кетсек, бұл қулық-сұмдық негізделген аудиторлық тексеру материалдары сот тергеуі барысында расталмады.

Бұған енді кім жауап береді? Өтірік тексеру, жалған құжаттар, бопсалау, тапсырыспен сотқа дейінгі тергеу ісін қозғау және ҰҚК қызметкерлерін араластырылатын басқа да былықтар болған екен. Бұл не сонда? Қазақстан өзі құқықтық мемлекет пе?

Мұндай бассыздыққа ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев назар аударуы тиіс.

 

Жалғасы бар. Алтын Орда жаңалықтарын оқып отырыңыздар.

Рубрика: