Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Жамбыл облысында полиция қызметкерлері Алматы ауруханасында бірнеше айдан бері жатқан екі жасар бүлдіршіннің туған әжесін тапты. Бұған дейін алматылық тәртіп сақшылары баланың туыстары мен жақындарына іздеу салған болатын, деп хабарлайды Алматы телеарнасы.

Телеарнаның мәліметінше, баланың әжесі Меркі ауылының 58 жастағы тұрғыны болып шыққан. Мұндай деректі Жамбыл облысының полиция департаменті жариялаған.

Енді бүлдіршіннің болашағын қамқоршылық органдары шешетін болады.

Себебі, баланы ешкім іздеп келмегендіктен құжатын дайын болған соң балалар үйіне орналастыру жоспарланып отырған еді. Еске сала кетсек, полиция екі жасар сәби мен әкесін өткен жылдың 22 қыркүйегінде Алматыдағы Саин көшесі мен Райымбек даңғылының қиылысында байқап қалған. Бала күннің суығында жеңіл жаздық киім киіп алғандықтан және оның жанында күдік тудырған әкесі болғандықтан оларға тәртіп сақшыларының бірден назары түскен.

«Сыртқы келбетінен оның (әкесінің — ред.) тұрғылықты мекенжайы жоқ екені көрініп тұрды. Алғашқы іс-шаралар кезінде оның Жамбыл облысынан біздің қаламызға жұмыс істеуге келгені анықталды. Алайда жұмысқа тұра алмаған және кішкентай баламен көшеде өмір сүрген», — дейді Алматы қаласы полция департаменті бастығының орынбасары Рустам Әбдірахманов.

Осылайша, полиция қызметкерлері баланы ауруханаға әкеліп, тексеруден өткізген. Содан бері бүлдіршін ауруханада жүр. Сәби медициналық мекемеде болған кезде 36 жастағы әкесі құжаттарын жасап, баспана табуға уәде берген. Ара-тұра ауруханаға ұлын көріп кетуге келіп отырған, бірақ алып кетпеген.

/kaz.nur.kz

 

Рубрика: