Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

 

Түркістан облысына барушылардың көпшілігі Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи кесенелеріне зиярат етіп, Үкаш ата құдығына шелек тастап кетуге тырысады. Алайда туристер әулиелердің басын бизнес көзіне айналдырып алған қызметкерлерге өкпелі. Осыдан бір ай бұрын оңтүстік өңірге жолы түсіп барған алматылық журналист (аты-жөнін атамауды өтінген) басынан кешкендерін баяндап берді деп хабарлайды Азаттық рухы. Ол мамырдағы мерекеде үш журналист Алматыдан Түркістан қаласына саяхаттап барғанын, Арыстан баб, Ясауи кесенелерін аралап, Үкаш атаның құдығына соққанын жеткізді.

«Бір байқағаным, туристер баратын нысандардағы шырақшы, имам, тізім қадағалайтын қызметкерлердің бәрі мүмкіндік болса халықтың қалтасын қағып қалуға тырысады. Үкаш атаның басында бір ер кісі шелекке ақша төлеңдер деді. Үш қыз 1000 теңгеден 3000 теңге бердік те, құдыққа өтейік десек: «бұл садақаға кетеді, енді шелекке тағы да мың теңгеден беріңдер деді. Жаңағы кісіге жағдайымызды айтып едік, құлақ аспады.

Артымызда бәленбай адам кезек күтіп тұрған соң, оның үстіне киелі жер ғой деп дау шығармай, құдыққа шелек лақтырмастан қайтып кеттік.

Біз барғанда Үкаш атаның басында шамамен 100-ге жуық адам кезегін күтіп тұрды. Олардың әрқайсысы 1000 теңгеден шелекке бергеннің өзінде, бір күнде жүз мың теңге шығады. Одан бөлек садақаға деп жоқ дегенде бір адам 200 – 500 теңгеден қалдырып кетіп жатыр. Осы ақшаның бәрі кімнің қалтасына кетіп жатыр? Бұл әулиелердің атын пайдаланып, ниет етіп барған халықтың қалтасына қол салу. Оның үстіне, әр адам бір-бір жаңа шелекті құдыққа лақтырып жатқан жоқ. Адам басынан 100-200 теңгеден деп жинаса да жетпей ме?«, — деді кейіпкеріміз. 

Аталған мәселе бойынша Үкаш ата құдығына қарайтын «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне ақпараттық сауал жолданғаны белгілі болды. Тиісті хатта садақа жәшігіндегі қаражаттың есебін, оны кімдердің қандай мақсатта жұмсайтыны сұралған. 

 

Қорық музейдің өкілі Ерсін Тәжібаев бұған қатысты пікір білдіріп, құдық басында ақша жиналатынын білмейтінін жасырған жоқ. Оның сөзінше, алдағы уақытта бұл мәселе қатаң бақылауға алынады. «Бір кірген кісі шелекті бір рет қана тастап қоймайды, су шықпаса бірнеше рет тастайтындар бар. Салдарынан шелектер майысып, жарамсыз болып жатады. Сол себепті шелекке ақша жиналады. Ол жерге электр жүйесі дұрыс бармай тұр, болашақта бейнебақылау камерасын қоямыз. Садақаны біздің мекеменің аты жазылған жәшікке ғана тастау керексіздер. Ол ақша Мәдениет және спорт министрлігіне қарайтын Әзірет Сұлтан қорының есепшотына кетеді. Жиналған қаражатты жөндеу жұмыстары, қайырымдылық шараларына пайдаланатын болсақ, алдымен Мәдениет және спорт министрлігіне хат жазып, рұқсат аламыз», — деді қорық-музейдің өкілі Ерсін Тәжібаев. 

Үкаш ата құдығының басындағы садақа жәшігіне түскен қаржы қорық-музейі директорының арнайы бұйрығымен бекітілген комиссия мүшелерінің қатысуымен актіленіп алынады. 2021 жылдың қаңтар-мамыр айлары (5 ай) аралығында аталған нысаннан 961 891 теңге қаржы түсіпті. Түскен қаражат қорық-музейдің жылдық жоспарына сәйкес, мақсатты бағытталған жұмыстарға жұмсалады екен.

kaz.nur.kz/

Рубрика: