Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

 

Қазақстанның Тегеран қаласындағы елшілігіне бардым, олар Ауғанстанға қайт дейді.  Қазақстаннан шақыру қағазын әкелуді талап етті

 

Ирандағы қандасымыз атажұртына орала алмай жатқанын айтады. Өзін Шамсуддин Моради деп таныстырған азамат Ауғанстаннан Иранға қашып барған. Қолымызда еш құжатымыз жоқ деген ол соңғы үмітіміз Қазақстан үкіметінде дейді. 

Шамсуддин Моради Иранға 34 жыл бұрын Ауғанстанның Қазақ ауылынан көшіп келген. Қазір отбасы Шираз қаласында тұрады.

“Иранға бара жатқанымызда шекарада ұсталдық. Бәріміз көзге түспеу үшін бөлініп келгенбіз. Ағамды баласымен Ауғанстанға қайтарды. Соғыс кезінде баласы ауыр жарақат алған. Қабырғасының артқы жағынан тиген оқ қарнын тесіп өтті. Бірнеше қабырғасына ота да жасалды. Бір полицей баланың жағдайын көріп, кері қайтармай, елге кіргізген. Өзім де төрт рет қашып жүріп, Иранға әрең өттім”, – дейді ол. 

Өзінің құрылысшы екенін айтқан азамат құжаттары жоқ болғандықтан жағдайлары ауыр екенін жеткізді.  

“Балаларымның барлығы Иранда дүниеге келген. Мұндағы өміріміз Ауғанстандағы тіршіліктен едәуір жақсы, ауа райы да қолайлы. Алайда өз мемлекетіміз болмағандықтан, бізге ауыр сөздер айтылады. Аузымыз жесек те қан, жемесек те қан. “Ауған» деген атақ намысымызға тиіп бітті. Жергілікті халық тіпті адам ретінде де қатты басынады. Сондықтан басымызға не күн туса да атамекенге барып, қолымыздан келгенше қызмет еткіміз келеді. Аш қалып, құрғақ нан жесек те Қазақстанда өлгеніміз артық. Ешбір құжатымыз жоқ, сол себепті де көптеген қиындықтарға тап болып отырмыз”, – дейді ер азамат. 

Сөзінше, құжаттары болмағандықтан ол еш жерде заңды түрде жұмысқа орналаса алмаған. Сол себепті де қара жұмыс істеп, күнелтіп жүр екен. Бұған қоса ер азамат құжатсыз жүргендікте,  полицейлерден жиі қысым көретінін жеткізді. 

“Қазақстанның Тегеран қаласындағы елшілігіне бардым, олар Ауғанстанға қайт дейді.  Қазақстаннан шақыру қағазын әкелуді талап етті. Ал менің Ауғанстаннан ешкімім жоқ. Негізі бір атадан сегіз баламыз. Ата-бабаларымыз Қоңырат руынан тарайды. Басты арманымыз – атамекенге қайту»,  – дейді ол.

Шамсуддин Моради елшілік сергелдеңге салмай, «қазақ емессіңдер», «Қазақстанға кіргізбейміз» десе, үмітімізді бір жолата үземіз дейді.  

“Біздің арманымыз – әр елде қаңғып, сөз естімей түпкі атажұртымызға жету. Үндістан билігі Ауғанстандағы сихтердің барлығын да өз еліне әкетті. Ал мына жақта бірнеше босып жүрген қазақты өз жұрты алмай жатыр. Сондықтан Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдағым келеді. Бізді қабылдап, атамекенге қайтарса деген ниеттемін”, – дейді қандасымыз.

stan.kz

Рубрика: