Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде оқ атылып, граната жарылып жатқан шақта түтін арасынан көк туды көтеріп, желбіретіп өткен белсенді Берік Әбішев Болатбекұлы бүгінде ауыр халде. Бүлік уақытында ол басынан жарақат алып, қазір ауруханада жатыр. Белсендінің анасы Ақлима ұлы соңғы жылдары наразылығын ашық білдіріп жүрген дейді. Берік Әбішевтің қал-жағдайын анасынан сұрап білген едік деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Митинг кезінде Берік Әбішев басынан жарақат алған. Алайда оның оқ я граната сынығы болғаны нақтыланбаған. Бірнеше күн бұрын ғана ол комадан шыққан. 

Берік Әбішев Алматы облысы Жамбыл ауданы Қаракәстек ауылында туған. 39 жастағы Берік отбасылы, екі баласы бар. Жұбайы Гүлнұрдың үшінші сәбиге аяғы ауыр. 

Берік Әбішев, алаңда ту көтеріп ұстап бара жатыр, видеодан скриншот

Үйде жұбайы, балалары мен анасымен тұрады. Анасының айтуынша, ұлы соңғы 3-4 жыл азаматтық белсенділік позициясын ұстанып, ойын, көзқарасын еркін білдіріп жүрген. 

“Наразылығын ашық білдіріп, Youtube арқылы шығып, митингке қатысып жүрді. Сол үшін әкімшілік жазаға тартылды. Абақтыға да қамалды. 6 қаңтарда бейбіт митинг болады деп шықты. Сол күні кешке сағат 6-7-лерге қарай хабарласты.


“Мама, алаңда тұрмыз, адам көп, бізге ешкім тимейді, қорықпаңыз” деді. Содан соң хабарсыз кетті. 8 қаңтарда іздеп жатып, №12 ауруханадан суретінен тауып алдық. Комада жатыр екен. 6 күн комада жатты. Дәрігерлерге көп рахмет. Қазір құлағы, миы зақымдалған. Дәрігерлер көп уақыт күту керек дейді. Бізді танымайды”, – дейді анасы Ақлима. 

Берік Әбішевке қойылған диагноз бар анықтама

Анасы Ақлиманың бізге ұсынған анықтамасында Берік Әбішевке ашық ми жарақаты диагнозы қойылғанын көруге болады.

“Сұрақтарды түсінбейді, байланысқа шықпайды”, – делінген анықтамада.

Анасы ұлының алаңға не себепті ту ұстап шыққанынан бейхабар. Қазіргі уақытта ұлын шетелге барып емдету қажет деп санайды. Бірақ оған дәл қазір ұлының құжаттарымен, тірліктерімен жүгіретін өзінен басқа ешкім жоқ. 

Оның сөзінше, баласы билік жүйесіне, жемқорлыққа, жерді сатуға қарсы болған. 

Анасы ұлының соңғы екі жарым жыл жұмыссыз болғанын айтады. Ауырт дертке шалдыққан әкесін қараған.

“Әкесі Болатбек инсульт алғанына 17 жыл болды, соңғы жылдары әкесіне қарайласты. Мемлекеттен ешқандай көмек алған емеспіз. Митинг болған сайын үйімізді 4-5 көлік күзетіп тұратын”, – дейді анасы. 

Берік Әбішевті анасы мінезі ақкөңіл, қалжыңбас, тез тіл табысқыш деп суреттейді. Бірақ әділетсіздік көрсе қарап тұрмайтын, дейді ол.

“Әкесі былтыр қазан айында көз жұмды. Осы жылдан бастап Берік жұмысқа кірейін деп жүрген. Естіген халық көмегін созып жатыр, көп-көп рахмет”, – дейді Ақлима ханым. 

Дәрігер Берік Әбішевке мүгедектік рәсімдеу қажет деп айтыпты. 

Қазіргі уақытта отбасы материалдық көмекке мұқтаж. 

 

Берік Әбішев пен оның отбасына көмек берем деушілерге  

KASPI GOLD 87081937326

Акилима – анасы

Рубрика: