Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

 

3 жыл бойы Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде жұмыс істеп, 2021 жылдың қыркүйегінде Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне ауысқан шетелдік информатика пәнінің оқытушысы Ли Эшвардтың ауыр дене жарақатын салғаны үшін қылмыстық соттылығы бар екені белгілі болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі НеМолчи қорына сілтеме жасап.

Қордың мәліметінше, оған 2017 жылдың мамыр айында Кардифф Корольдік қылмыстық соты үкім шығарып, оқытушылық қызмет атқаруына тыйым салған.

“Қазақстан еңбек кодексінің 26-бабының 2-тармағына сәйкес білім беру саласындағы ұйымдарда денсаулыққа қасақана зиян келтіргені, халықтың денсаулығына және имандылыққа қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтары үшін соттылығы бар адамдарға ұстаздық етуге жол берілмейді. Алайда ол заң нормаларын бұза отырып, НЗМ-ге жұмысқа қабылданды. Бізде барлық ресми құжаттар (прокурордан хат, соттылығы туралы анықтама, оның НЗМ-де жұмысқа орналасқанын растайтын құжаттар) бар”, – делінген қор хабарламасында.  

 

Сондай-ақ, Ли Эшвардтың зорлық-зомбылықтан зардап шеккен бұрынғы әйелі Татьяна Король үндеу жасады. Оның айтуынша, екеуі тұрған 2,5 жыл ішінде бұрынғы күйеуі оған бірнеше рет дене жарақаттарын салған. 

«Біздің танысып, кездесіп жүрген кезімізде бәрі жақсы болатын. Ол байсалды, қамқор адамның әсерін қалдырған. Сенім артуға тұрарлық адам болды. Біз бірге өмір сүре бастадық. Үйлендік, одан соң ұлымыз болды. Бұдан кейінгі жағдайымыз нашарлады. Ол кез-келген жанжалға қызуқандылық көрсетіп, айқайлайтын. Мен оны жақсы көргендіктен бәрі жақсы болады деп үміттеніп, қарым-қатынасымды жалғастыра бердім”, – дейді әйел. 

Татьянаның айтуынша, одан кейін де болған қақтығыс кезінде де күйеуі өзін-өзі бақылауды жоғалтқан.

“Әрқашан өзінің ісі дұрыстығын дәлелдегісі келетін. Барлық кінә менің оны тыңдамауым мен өз кінәмді мойындамағанымнан деп сендіретін. Осыдан кейін мен өз-өзіммен жұмыс жасай бастадым. Бірақ ол агрессивті болып қала берді. Тіпті біздің бюджетіміз бөлек болатын. Маған ақша берген емес. Барлық маңызды шешімдерді жалғыз өзі қабылдайтын. Мен оған мойынсұндым. Бірге өмір сүрген 2.5 жыл ішінде ол мені пәтерден бірнеше рет қуып шықты. Бірнеше рет шапалақпен ұрды, бетіме түкіріп, қолымнан қатты қысып көгертті. Онымен қоймай маған түрлі заттарды лақтырып, тұншықтыратын”, – дейді әйел. 

Әйел осы жылдар ішінде оның әрбір күш қолданып, денесіне салған жарақатына қарамастан қарсыласпағанын жеткізді. Оған жауап қайтақмақ түгілі, қорғанбаған көрінеді. 

“Одан өзімді жіберіп, ұрмауын өтіндім. Жазасыздық оны одан бетер құтыртты. Туыстарымызға біздің проблемаларымыз туралы айтуға ұялдым. Себебі, олар бұрынғы күйеуім туралы жақсы пікірде болатын. Сөйтіп ешкімнің қолдауынсыз қалдым”, – дейді ол. 

Татьянаның айтуынша, ол Қазақстанда жүргенде екі рет полиция шақыртқан. 

“Олар мені арыз жазбауға және татуласуға көндірді. Соңында ол мені бәрінен оқшаулап, Кардиффке алып кетті. Ол жерде менің туыстарым да, таныстарым да болмады. Кейін оның кезекті агрессиясы кезінде мен түсік тастадым. Бұл 2017 жылдың ақпан айы еді. Бала тастағаннан кейінгі келесі кеште ол мені үйден қуып жібермек болды. Мен бөлмеге жасырынып, есікті кілттеп алдым. Ол есікті күшпен ашып, мені бұрышқа апарды. Ештеңеден қорықпастан менің басымнан гитарамен ұрғылай бастады. Гитара сынған кезде барып, бірақ тоқтады. Кейінірек ол ақыл-есі орнында емес екенін, не істегенін есіне түсіре алмайтынын айтты. Әлі күнге дейін кінә менде жатыр деп санайды. Өйткені мен оны күйзеліске ұшыратып, өз-өзін басқара алмайтын халге жеткізіппін. Осы жағдайды тексеріп, шара қолдануды сұраймын”, – дейді әйел. 

Бұл ақпаратқа қатысты Назарбаев Зияткерлік мектебі ресми түсініктеме беріп, Ли Эшвардтың шынымен Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектепте жұмыс істейтінін хабарлады. 

“Ashford Lee David – шетелдік мұғалім, Ұлыбритания азаматы, 2018 жылдың 30 қазан айынан бастап Талдықорған қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде, 2021 жылдың 23 тамыз айынан бастап Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде информатика пәні мұғалімі қызметін атқарып келеді. Зияткерлік мектепке жұмысқа орналасу барысында 2018 жылғы 30 қаңтардағы соттылығының жоқтығы туралы анықтама ұсынып, құжат негізінде жұмысқа қабылданды. Сертификат қоса берілді (Police Certificate for Immigration Purposes)”, – делінген хабарламада. 

Назарбаев Зияткерлік мектебі жүйедегі үш жылдық қызметі кезінде Ashford Lee David-тің кәсіби біліктілігі мен жеке қасиеттеріне қатысты шағымдар жоқ екенін мәлімдеді. 

“Шетелдік оқытушы TeachAway (Канада) рекрутингтік компаниясы арқылы жұмысқа қабылданды. Білімі: жоғары (бакалавриат), ғылым бакалавры, Линкольн университетінің түлегі (Ұлыбритания). Сертификаттары: PGCE in Secondary Education, CELTA, TESOL, QTS. Ли Эшвардтың соттылығының жоқтығы туралы 2018 жылғы 30 қаңтардағы құжат қоса беріледі”, – дейді НЗМ. 

Еске сала кетсек, 27 қазанда Алматыдағы Химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде оқитын 8-сынып оқушысы өз-өзіне қол жұмсаған болатын. Желіде оған «Гарри сауық кешіне» белдемше кигені үшін мектеп әкімшілігі айқайлап, кейін оны психологқа сүйреп әкелгені айтылды. Баланың әрекеті үйде жанжалға ұласып, артынша ол 11-ші қабаттан секіріп кеткен. Қазір қайғылы жағдайға қатысты «өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабымен қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.

Рубрика: