Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

 

Алматы облысында бес әйел алып, оларды қарызға батырып, туған балаларына алимент төлемей жүрген ер адам анықталды. 36 жастағы Мадина Мырзатаеваның айтуынша, бұрынғы күйеуі Ерлік Күренбаевпен 18 жасында танысқан. Отау құрған соң, бір аптадан кейін-ақ өзгеріп шыға келген Ерлік Мадинаға қол көтеріп, түрлі қорлық көрсетіпті. Оған үш жыл шыдадым деген келіншек 2007 жылы ажырасқанын айтады. Ал сол уақыттан бері қызына қарайласпаған әке тағы төрт рет үйленіп, өзге келіншектерді алдаған көрінеді. Бұл туралы «Еуразия» арнасының KOREMIZ бағдарламасында айтылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Мадина Мырзатаева 2014 жылы Алматыға оқуға келіп, пәтер іздеп жүріп Ерлікпен танысқанын айтады. Ағасы мен жеңгесімен бір үйді паналаған Ерлік үйдің бір бөлмесін қыздарға жалға берген. Көп ұзамай, туған-туыстарын шақырып, қызға орамал салған. Алғашқыда түсінбеген Мадина Ерліктің сөзіне сеніп, тұрмыс құруға келіскенін айтады. Алайда отау құрған соң, небәрі бір аптадан соң, Ерлік өзгеріп шыға келді, дейді әйел. 

«Өзі менен 10 жас үлкен. Жақсы отбасы боламыз деп ойладық. Үйленгеннен кейін қашып жүретін. Бір аптаның ішінде шапалақпен ұру басталды. Дастарханымды жақтырмаса, төңкере салатын. Бетіме талай ыстық шай шашты», — дейді Мадина Мырзабаева.

Ерліктің Мадинадан бір қызы бар. Анасының айтуынша, қызы дүниеге келген соң, әкесі мемлекеттен берілетін жөргекпұлы мен күтіміне деп берілетін ақысын алып отырған. Енді ол Ерлік сол кездегі ақшаны қайтарып, алиментін өтесе дейді. Ал бүгінде 16 жасқа келген Ерліктің қызы әкесі жайлы сұхбат берді. 

«Жек көремін деп те, жақсы көремін деп те айта алмаймын. Әке ғой енді. Көргім де келеді. Бірақ мені іздемейді, көргісі келмейді. Бұрын кішкентай кезімде хабарласқан кезде: «Көп киім алып беремін», — деген еді. Бірақ келген жоқ. Неге менің балалық шағым болмады, әкенің құшағына асыла алмадым, соның жауабын білгім келеді», — дейді көзіне жас алған 16 жастағы Сабина. 

Ерлік Мадинадан кейін Айнұр есімді келіншекке үйленген. Одан да бір қызы бар. 20 жылдан бері колледжде сабақ беріп келетін Айнұр Ерліктің «тәтті сөздеріне» сеніп қалдым дейді. 

«2012 жылы таныстым. 2-3 рет кездескен соң, үйленейік деді. 2013 жылы қыз босандым. Қызын ешқашан іздеген жоқ. 6 айлығында кетті, содан 5 жасқа дейін бір іздеген жоқ. 5-ке толғанда іздеп келді, ол кезде мен алиментке сотқа бердім. Алматыда жатақханасын арестке қойыпты, соны шешу үшін ғана келіпті», — дейді Айнұр Мыңбаева. 

Ал әйелдерім маған жала жапты деген Ерлік Күренбаев студияға келіп, сұхбат берді. 

«Бірге тұрған қыздар маған жала жауып отыр, ұрды деп жатыр. 5 рет үйленгенім рас. Еркек болғаннан кейін мойындаймын. Бірақ бірге тұрған уақытта олардың ешқайсысына тиіскен емеспін, қолым тимеді», — дейді сері Ерлік.

Күренбаев үшінші рет Айнұр есімді өзбек келіншекке үйленген, онымен бірге төрт ай тұрғанын айтады. Одан кейін Гаухар есімді әйелмен бас қосып, тағы үш ай тұрғанын мойындады. Ал бүгінде Ләззат есімді келіншегімен бірге тұруда.  

Ал Ерліктен бала тапқан Мадина мен Айнұр ол әкелік парызын орындап, алиментін төлесін деген ниетте. Олар құқық қорғаушылардан көмек сұрады. Ал Ерліктің өзі қыздарыма қамқор боламын, заң бойынша алимент төлеймін деп уәде берді. 

Рубрика: